Kundiz Turd. Тақырыбы жоқ өлең…

81f31e12c09d05e0ed31b74a1503719e.jpg (960×960)

Егер, қыздыра алмасаң ән-жыр алаңын,

Жолымды басқаға жүктеме тағдыр алаңым.

Шаттық-қоян қаршығам менсінбей қойды,

Амалсыз түлкі-мұңымды қанжығаладым.

 

Мұң десе жұрт ойлайды сүйеді екен деп,

Қыз байқұс айта алмай іштен күйеді екен деп.

Қырсыққанда ұнатқан әлгі жігіті,

Басқа біреумен былайша жүреді екен деп.

 

Тауып айтсам сөзге келгенде қатты ұста, дейсіңдер

Сәл пәстеу күні ақындығыңды таста, дейсіңдер.

Сендерге қайтсем жағам, ей, менің әдемілерім,

Көйлек кисем ұзынын ұзын, қысқасын қысқа дейсіңдер.

 

Емес шығар Қорқытпен бірдей менің де жолым көр,

Арман толы нәзік кеудеме өмір беріңдер.

Өлең жазсам ұйқас-изім іздейсіңдер-ау,

Айналайындарым сол!

Демалыстарыңа да көңіл бөліңдер.

 

Сендермен қызық, бейбіт, шулы, жалған тіршілік,

Түсіме кіріп түңіліп, атады таңдар тұншығып.

Соның бәрін Қалқантау біліп жатады ұйықтаған болып,

Ұйқы сұрап қояды әншейін, аңғал күрсініп.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты