Ардақ Нұрғазы: Рельсті ауыстыру немсесе қазақтарды таптық күрестің шүңетінен кім шығара алады?
Барлық дүниенің периодты болады, саясатта да солай. Орталық Азияда Кеңес одағынан тараған елдердің тәуелсіздіктен кейін басталған сапарының аяғы тым сиыр құймышақтанып ұзарып кетті. Соның ішінде өзбектер ғана саясатта өз периодын сәтімен жаңарта алды. Саясатта жаңару дегеніміз өткеннен бас тарту және одан толық бас тарту емес немесе бір кезеңнің ақырласқанын анық сезініп, дер кезінде рельсті ауысыту дегенге барып саяды.
Ислам Каримов мырза президент болып отырып өмірден өтті де, оның орнын жаңа біреуге (ол кім болсада мейлі) ешкім ойламаған жағдайда өткізіп бере салды. И.Каримовтың саяси мұрасы өзбектер үшін жаман болған жоқ. Бастысы мұрагерге кеңестік дүниетанымнан біршама тазарған, біртұтас Өзбекстан қалды. Бұл біртұтастықты біз әуелі сенім тұрғысынан – халықтың ислам дінінде сан-санақ жікке бөлініп, іштей іріп кетпей қалуымен байқаймыз. Өзбектер ваххабис, құранит, салафит, софы, т,т, болып сан тарауға бөлініп кеткен жоқ. Одан қалды өзбектер капитализмнің заңдыдықтарын қабылдауда асыққан жоқ. Олар мемлекеттің мүддесін шет елдік капитализмнің мүддесіне айырбастауда асыққан жоқ. Содан да оларда өздерімен еш қатысы жоқ миллиардерлер шыққан жоқ. Бұл жаман көрсеткіш емес.
Ал Қазақстан болса Өзбекстанның дәл керісінше өмір сүрді. Өзбектер жаңаруда барынша тартыншақ болса, қазақтар өлген-тірілгеніне қарамай алға ұмтылды. Бірақ, жаңаруға ілесіп келетін жаңа мәселелерді шешуге жұмыс істеген жоқ. Айталық, біз саясатта жаңарғанымыз жоқ немесе біз релісті өзгерткіміз келмеді. Период аяқталып, жаңару керек болса да, біз заңдылыққа қарсы тірлікке бардық. Сол баяғы шеңбер ішінде айнала беруді қаладық. Бізде сенім бостандығы болды, тіпті, бір исламның ішінде сан-саққа бөлінуге, бір-бірімен ата жауындай қырқысуға да жол қойылды. Экономикада еркінсігеніміз соншалық мемлекеттік мүлікті толықтай жеке меншікке беріп жібердік. Тіпті жердің өзіне дейін саттық. Бірақ, оны мемлекет пен азаматтардың бұзақ болашақтық мүддесін ойлай отырып әділ істегеніміз жоқ. Қайта біреулер барды иелеп, миллионер, миллиардер атанды, қалған басым көпшілік ішер асы, киер киімге жарымай, баспанасы жоқ кедей болып шыға келді. Біз капитализмге өтуді осылай деп түсіндік.
Сонымен қайшылық ушығып, рельс ауыстырудың қажеті әлдеқашан туса да заңдылыққа қарсы шауып, ауруды асқындырып алған біздер ақыры өзгеру дәуірін бастадық. Бірақ, оның нәтижесі қалай болады, оған ешкім де анық жауап бере алмайды. Бір білетініміз бізді алда сынақ тосып тұруы мүмкін. Үлкен сынақ! Сенім тұрғысынан біртұтастығынан әлдеқашан айрылған, ұлттық бірлігін таптық айырмашылығы көмескілеп тастаған, саяси элитасы толық реформа жүргізуде біліктілігін таныта алмай отырған елде қиындықтар болмай қоймайды. Бұл өзі саясаттың кәнігі заңы. Мәселені сен шешпесең, мәселе сені шешіндіреді.