Mehmet Yashin: Румидың поэзиясы және философия
Ақын үшін поэзия туралы айту тіпті ол туралы тиянақты ой қорту деген күрделі шаруа. Оған екі себеп бар. Біріншісі, ақын өзі жазып отырған өлеңнің қайдан келгенін біле бермейді және оны қалай, қандай тәсілмен жазып алғанын айтып түсіндіре алмайды. Өлеңнің ішкі менін, болмысы мен метафoралардың үндестігін айқындай алмайды. Неге ана сөзді қолданып, мына сөзден жалтарды, неге мына фoрмаға салып, ана фoрмадан аулақтады? Осының бәрі ақын үшін жауапсыз дүниелер. Былайша айтқанда ақын үшін өлеңде айтып бере алмайтын дүниелер баршылық. Екіншісі, ақын өз өлеңінің келу қайнар көзі мен тәсіл ерекшелігін сезінеді, бірақ таным тұрғысынан ол бұларды түсіндіре алмайды, түсіндірген күнде де жеткізіп айтып бере алмайды. Тіпті айтқан күннің өзінде олар оқырманды теріс жаққа бастап, өлеңнің болмысын жоғалтуға көмектесуі мүмкін. Оқырманның қиял әлемінің сәулеленуін тежеп тасауы да ғажап емес. Кейде оқырман ақын сезінбегенді, көрмегенді өлеңнен көріп, білуі мүмкін. Ғасырлармен үндескен өлеңдердің денінде әне сондай қасиет бар.
Мен бұл тақырыпты өлеңінің үні сан ғасырдың аржағынан жеткен ақынды мысалға келтіре отырып жалғастырғым келеді. Ақын Ж.Румидың өлеңдері адамзаттың рухани дүниесіне көпір салып, желі тартып кеткен шығармалардың санатында. Ол Шығыс пен Батысқа бірдей тән поэзияның үлгісін қалыптастырды. Руми бүгінгі Ауғаныстан өлкесінде дүниеге келді. 1232 жылы бүгінгі Түркия жеріне қоныс аударғанға дейін Орталық Азияда өмір сүрді. Оның бойында тәжік, өзбек, парыс мәдениетінің ізі қалды. Ол Рим империсясы қарамағындағы дүниеде жасады. «Руми» деген сөздің өзі «Римге тән» дегенді білдіреді. Руми парыс тілінде жазғанымен түрік, грек, араб тілдерінде де жазған. Ол суфизмді – «сүйіспеншіліктің дінін» қалыптастырып кетті. Оның әйгілі «Mesnevi» - «Шығыс Римнің киелі кітабы» деп аталды. Руми сүйіспеншіліктің тілімен өзінің түйгені мен білгенін жазып қалдырды. Оның былай дегені бар:
«Адам өлеңмен өзін таниды, өзінің ішкі әлеміне бойлайды...»
Өлең деген сүйіспеншілік, ол өзінің ғашығымен кездесер сәтін тағатсыздана күтеді. Адам өзінің рухани дүниесін, жүрегін, парасатын сол кездесуге дайындауы тиіс. Поэзия деген тәрбиеге апарады, ол және тәрбиенің жемісі...
«Реалдықтың табалдырығынан аттап шыққанда» ғана саған поэзияның есігі ашылады. Ақындар әлгі табалдырықтан атаған сәтінде өлеңге барады...
Өлеңде философияға тән түсінік пен тереңдік болады. Бірақ, ол қарапайым тілмен жазылады. Өлең өзін ғана айтады, бейне ақын өлеңінің тасасында қалып жоқ болып кететіні тәрізді...»
Руми өлеңге сүйіспеншілікпен барды деп жоғарыда айттым. Ол және поэзияда ескірмейтін жаңашылдықтың бетін ашып кетті. Оның өлеңі білімнен қуат алады, жүректен өтеді, сүйіспеншілітен Жаратушыны таниды. Румидың поэзиясы философиямен суралыған, уақытпен мәңгілікке үндескен поэзия...
Бірақ, Руми өлеңді керемет дүние деген емес. Оның түсінігінде керемет дүние рухыңның жер басып жүрген пенденің тірлігінен асып кемелденуі немесе өзің мен мынау әлемнің бірлігін таба алуың.
Аударған - Ардақ Нұрғазы
Автор туралы сілтеме: https://en.wikipedia.org/wiki/Mehmet_Ya%C5%9F%C4%B1n