Ив Бонфуа (Yves Bonnefoy): Поль Валери немесе «Қарғыс атқан ақын»

Ив Бонфуа(Yves Bonnefoy):Поль Валери немесе «Қарғыс атқан ақын»

Француздың модернистік поэзиясында қадау-қадау тұлғалар аз емес. Солардың ішінде ақын  Поль Валеридың (Ambroise Paul Toussaint Jules Valéry,1871-1945) өз алатын орны бар. Ш.Болдерден басталған модернистік өлеңнің поэтикасын С.Малларме жасаса, қайталанбас шығармасымен сол ұстанымның дұрыстығын дәлелдеп берген Поль Валери еді. Оның «Тағдыр ханышайымы», «Теңіз жағасындағы қабырыстандық», т.б. шығармалары тіл мен философияның үндестігі жағында жаңа эстетикалық мүмкіндіктердің есігін ашты. Бұл өз кезегінде кейінгі француз поэзиясының ғана емес, жалпы әлемдік поэзияның дамуына ғаламат ықпалын етті. Поль Валеридың өмірі де, өлеңі де тылсымдікке толы. Жиырма жыл өлең жазбай кетіп, соңында «жиырма жол өлең жазамын» деп, шабытының аузын ашып алған ақынның XX  ғасырдағы әлемдік поэзияның төрінен бір-ақ шықанының өзі ғажап емес пе?!   

Төменде француздың тағы бір талантты ақыны  Ив Бонфуаның «Атын атамай тұра алмайтын тұлғалар» (L’improbable et autres essais) кітабына кірген Поль Валери туралы мақаласын өнер сүйер қауымның назарына ұсынып оытрмыз.

Аударушыдан. 

Поль Валеридың шығармаларында бір күш бар, ол аласұра  бұлқынған дүлей күш. Поль Валери тілді сұрыптап қолдануда шегіне жету үшін өзінде бар мүмкіндік пен талаптың бәрін дерлік арнай білді, бірақ, өлеңді таза ақылдық деңгейге жететін бұл талпыныс француз поэзиясына қажет емес еді. Ол тілдің табиғатындағы күрделікпен ауырды, аласұрды, мән мен мағына тұрғысынан да, тереңдік тұрғысынан да ойдың әуелгі қайнарына жете алмай дал болды, ол үшін бұлтсыз ашық аспан астында көрініп жатқан арғы жаға қол созым жерде тұрса да аяқ баса алмайтын шексіз алыста еді. Ол өзгелер көре алмағанды көрді. Аласұрсын, аптықсын, кейде, тіпті, түсініксіз тылсымдікке ұырынсын, оның өлеңдерінен бәрібір анық Жерорта теңізіне тән тазалық менмұндалап тұрады. Сол топырақтан тепсіп шыққан шабытты сезім, сондай таза, сондай қуатты өлең жандүниені тереңінен толғап, бәрін өз әміріне бойсұндырып, мәңгілік рухтың айдынында құдыретті күнге талпынған жылы ағыстай шабыттандырады. Онда күннің шуағындай өткірлік пен көлеңкесіз тазалық бар. Онда күн сәулесі білімге ұмтылады, сорғалаған сол түсінік тас пен түйіршік, жағажайда жайқалған палма ағашы, бәрі-бәрі сенің арыдағы болмысыңнан өз орынын табады. Сен сонда ақылыңа бір кері ағыстың құйылғанын сезесің. Тастақтан басталған жол созыла келе сені елтіп ұғымдардың биік баспалдақтарымен жаңа түсініктерге алып шығады. Бұл тілдегі дәлдік пен анықтық. Бірақ, оның мәні бұл екі анықтамадан да арыда жатыр. Айталық, онда тағы бір қасиет бар, әлденемен бүркеліп жатқан, бірде көрінетін, бірде көрінбес, күңгіріт, сәт сайын толқын атып, соңынан зым зия жоқ болып жататын бұлқыныс. Мен мұны ақын жанының бір көрінісі дер едім. Айталық, өлеңдегі сол бір палма ағашы шынымен палма ағашы, бірақ, енді бір тұрғыдан ол бүгінгі болмыс, тіршіліктің бүгінгі көрінісі, жанның белгісі. Қолыңа балта алып шауып тастасаң немесе өрт кетіп күйіп қалса, орнында әлдебірдеге қаңырап қалатын күй. Бұл  Поль Валериге тән түйсік. Біреулер Аристотельдің теориясымен оны терістегісі келеді. Ұғымнан шабытты қиял тумайды, деп жатса, біз, енді оған не дейміз. Біз «гүл немесе теңіз, палма бұтағы және желпіген самал» дейікші, мәні тұрғысынан жалаң сөздер өз кезеңінде жұптасып, жұмырласып, мәңгілік бір күйдің сарынына бөленіп, П.Валеридың шумақтарындағы теңіз, жайқалған палма және мұхиттың самалымен рухтасып кететінін ескермей тұра алмаймыз. Поэзияда мұндай өреге жету бақыт әрине, бірақ, оған барарда беретін бодау да сұрапыл. Бұл арадағы бодау ұзақ сонар бастартулардан тұрады. Үздіксіз қайралу, қайталаудан тұратын, көріністе бір әрекетті қайталап жатқан, үлкен қимыл байқалмайтын бұл барыс сырт көзге С.Маллерменің ұстанымына қайшы сияқтанады. П.Валери сөз бен ұғымды қатар алып жүреді, оларды бір жіптің екі ұшы деп біледі. С.Малларменің әлгі «гүл дестесінен табылмайтын» гүлі- ұғым өмір сүрмей тұрып ұғым деп аталмайтыны анық болғандығы себепті соңында «кітапқа», оқылу мен оқуға барып тірелгеніндей, түсініктен тұратын зәулім сарай болып қабылданады. Бұл арадағы түсінік, пайым қарамаққа түсінік болғанымен, онда терең мағына, шексіз поэзиялық қиял жасырынған. Онда өзін өзі ақтай алатын, өзін өзі түлете алатын қабылет бар. Бұл болмыстың сырлы соқпағын бойлай отырып, кездескен түрлі түсініксіз арзан ұғымдардың анталаған шабуылынан қорғана, қорғалақтай отырып – маретия, орын, уақыт сынын бастан кеше отырып С.Маллерменің «кездейсоқтық» туралы пайымынан бір-ақ шығатын барыс. Сондықтан мұндағы тереңдік шынайы тереңдік. Сөз бен материяның арасында жатқан қашықтықты қалай меңгеруге барып саятын бұл барыстың өлшем-бірлігі ақыл-парасаттың поэзиядағы құдырет-күшімен, жалпы жұртқа түсінікті тілмен айтқанда махабаттың құдырет-күшімен, жалынымен өлшенеді. 

Платоннан Плотиниге, одан христиандық дәстүрлі дін ұғымына дейін түсініктер негізінен сөздің осынау бай да құнарлы өлкесінен нәр алып, байып, өзінің өміршеңдігіне негіз қалап келгені белгілі. 

Француз модернистік поэзиясының құдырет күшінің құпиясы да осында. Оны бастап берген Шарль Бодлер. Бұл поэзия нысанаға жетуден бұрын өзінде бардың бәрін жасырын түрде сұрыптап, тасқап, қауызын тастап дәнін алатын ерекшелікке құрылған. Ол поэзияны да тәнде жасырынған махаббат сияқты, деп қарайды. Гегельдың айтқанындай поэзия уақыт пен кеңістікке байлаулы, бірақ, енді бір жағынан ауыздыққтауға көнбейтін құдыретімен тәртіптің қатаң шеңтемесін бұза отырып, қашан да өз әлеміне ұмтылмай тұрмайтын күй. Айталық, өмірдің қас қағым сәттік шақтары ұстап тұруға көнбесе, оның не қадір-қасиеті қалады. Поэзия соны ұстап қалуға жұмыс істейді. Айталық, П.Валеридың «Жолдан өтіп бара жатқан әйел туралы жазба» сонеті, соған дәлел. Шабытты шумақтардан кейін өлең ақырында өлім туралы түсінікті қазбалауға барып тірелетінін білеміз.    

II

Қызық, П.Валери жұрыттың өлім туралы әлдеқашан білетінін сезінбейтін сияқтанады. Ол кезінде Блез Паскаль мен Ш.Бодлерды батыл қолдаған көптеген сын мақалалар жазды. Ол шынайы мәнге ие дүниеге ұмтылды. Ол туу да, өлу де жоқ, мән-мағынасы ұзақ сақталатын, шынайы өмірде болмауы да мүмкін,  бірақ, бояуы қанық ұлы картинадай әлемге сенім арытты. Ол әлемде маужырап ұйықтап кетуге болады – әлбатта төбеңнен түсіп тұрған күн шуағында маужырай бастайтының сияқты - П.Валеридың көптеген өлеңдерінде осы көрініс, осы көңіл күй бар. Ол бақыт пен байыз табуды көз алдыңа елестетеді. Бұларды ол өте нәзік, сыпайы, жағымды әлетте жеткізеді. Айталық, оның жануарлар туралы жазғанын, грек өнеріне қатысты шығармаларын есіңізге алыңызшы. Олдардан сіз түс көру әлетінде жатқан ойдың байырқалау сәтіне кез болғандай әсер аласыз. Қалғып кеткен ой орнынан көтерілген көлеңке сияқты ашылмайтын алып есікті серпе ашуға ұмтылып жатқандай. П.Валери қиял мен дүниені араластырмауды ұнатады, әлемді өз әйнінде көргенді қалайды. Оның түсінігінде материяның біз білетін жағы онсыз да қиялдан тұрады. Оның «бәрі ертеңмен жағаласады» деген сөзі бар. Ол жас кезінде осылай деп жазды және өмір бойы соны берік ұстанды. Бұл байырғы грекияға тән таразыны тең ұстау мен Аллан Поше ұзаққа шабудан тұратын, барлық мәнді бостандықтан іздеген, әрекеттің шынайылығынан шабыт шақыратын барыс. Нарцисстың (Грекия аңыздарында айтылатын судағы өз көлеңесіне ғашық болған өспірім жігіт)  өте құдыретті, бірақ, қиялда ғана өмір сүретін көрініске бой алдыруын есіңізге алыңызшы. Бұлақ бойында отырған бала жігіт тынымсыз ағып жатқан су бетіндегі өз көлеңкесіне – нақты емес, судағы көлеңкеге, басындағы әсем нақышты бөрікке ғашық дейік. Оны енді бір жағынан болмыста жоқ дүниеге құштар болу деп түюге де болады. 

Бар мақсат, мүдде түсінікті әлемнен асып басқа бір дүниені бағындыруға барып саяғанда П.Валеридың таңдап алған тәсілі поэзияға парасат тұрғысынан қарау болған. Әлгі ұйқылы-ояу күйдегі мажаурау негізінде түске тән ақылдың үздіксіз жүйелі қимылына ұқсайды. Тед мырзаның (Monsieur Teste, П.Валеридың  1896 жылы жазған өлеңінің кейіпкері) біздің мынау қиялдан тұратын әлемімізде Тәңірдің бір көрінісі сияқты елес беретіні бар. Қараңғы қапас үйде кенеттен түскен жарықтан ұлы құдыреттің белгісі аңғарылады. Болмыс мәнге ие болмаса, әрекет түсініктен арылып, басы да, аяғы да жоқ тыныштыққа дес беретіні анық. «Рухқа» тән әлемде әрекеттің өз болмысы бар. Соған ұқсас ой әлемінде де айтып жеткізе алмайтын тұс болады. Тілдің кейде айту үшін ғана өмір сүрмейтінін ұғынуға тиіспіз. Біздің тіліміз ғылым тілі мен болмыс тілінің ілініскен тұсында тұр. Заттық дүниенің заңдылығын игеруде тілдің болмыстан басқаша ерекшелігі басты назарда ұсталатынын ескерсек, тілдің екінші бетінің бедері тағы бары ойға келеді. П.Валери осы тұста қайшылықпен бетпе-бет келген. Оның кей тұста айналсоқтап тұрып  қалатын әдеті де осындайда көрініс беріп қалады. 

Поэзияның оңай көнбейтін асаулығын ақын үздіксіз іздену жолымен ғана иектеп келген. Ол реалды түйінін өлең поэтикасымен шешкісі, ғылымға тән шындықты сол жүйеде біріктіргісі бар. Нәзік те сырбаз ақын өзіне жүктеп алған міндеттен бас тартқан емес, бірақ, өз қиялына қашанда күмәнмен қарамай тұра алмайтын туабітті қасиеті оны екі ұдай күйден бұлтартпайды. Шындығына келгенде, оның түсінігінде поэзия тілі күн мен айдай түрліше нұр шашып тұрмаса, не болғаны?! Тілдің тасадағы табиғатына жасырынған ақиқат пен сұлулыққа жету үшін сөздің сырытқы келбетіне онша назар аудармастан төтесінен мәнге ұмтылу көптің көбінде жаңа қиындықтарды тудыратыны белгілі. Поэзияны Зевксистың жүзіміне ұқсайды десек, қателеспейтін шығармыз, онда жансыз дүниеге жан бітіретін, жоқтан бар жасайтын, жалған нәрседен шындыққа бергісіз ой өрбітетін түйсік бар. Сондықтан, өлең жазу деген үлкен құдыретке бой ұру десек, қателеспейміз. Талғампаз ақындар үшін идея мен күн шуағының қосындысынан жаңа, сиқырға бергісіз сұмдық дүниелер жасап шығу дегенің ештеңе емес. Ондай жаңа түйсікті біз баяғы аңыз-әпсанадағы қайнар-көзден келе жатқан жыланға теңесек те жарасады. Сол жылан, аздырушы, арбаушы, бәріне барушы, Жаратушының жорамалшысы, жиып келгенде сөзбен ауырған жаның өзі десек, оның еш ерсілігі жоқ. Сол қасиетімен ол болмыстың қақ төрінен орын алып келеді. П.Валеридың шығармалары оқырманды сілкіп алмайды, дейтіндер бар. Оны түсінуге де болады. Оның поэзиясында жұртқа таныс ақындарға ұқсаған жылауық сарын жоқ. Ол сергелдең тағдыр кешкен рухтың ой өзегінен өту барысындағы кестеленуі.   

Алайда, П.Валеридың поэзияға ерекше сенім артатынын айтпай кетуге борлмайды. Француздың дінмен тамырласып жатқан модернистік поэзиясында, тілінде Ш.Бодлерден бері жалғасқан белгісіз құдыретке деген құштарлық басым. Оны біз әлгі жолдан өтіп бара жатқан әйелдің бойынан, Ш.Бодлердің аққуынан, тастың бетін жапқан мүк туралы шумақтардан анық байқаймыз. П.Валери бұл үрдісті одан ары дамытты. Оның көлеңке мен жарықтан тұратын ойлау дағдысы рухты тануға жетелейді. 1944 жылы Француыз ғылым академиясында жасаған баяндамасында ол ағынан ақтарылып тұрып тұнық та қарапайым, бірақ, өте образды тілмен ойын жеткізгенін тағы бір рет еске салғым келеді. Менің түсінігімде біздің дәуірімізде  П.Валериды ғана «қарғысқа ұшыраған ақындар» (poète maudit) санатында жазған ақын. Оның шығармалары жанның тасадағы, қараңғы болмысына терең бойлай отырып, жабық бөлмеге жарық түсіргендей, ұлы рухқа тән үлкен махаббат пен сенімді қозғайды. Өте ауыр тақырып болғанына қарамастан, оның талаптан шыққаны анық. Ол сөздің сиқырын игерді, қарғысқа жақын ұғымды, сөзді ауыздықтай білді. П.Валери өлең жазғанда бір ғана қағидаға бойұсынады, ол тақырып пен оны игерудің арасында жүретін тайлатастың ымырасыз күресі, айталық шаһмат тақтасындағы арбасулардың сәт сайын күрделесіп, шиленісіп, жандүниеңді астаң-кестең етіп соңғы нүктеге қарай бет алатыны дауылды дүбірі сияқты.  

 П.Валери бізге не қалдырды? Егер әдебиетті өз заңдылығы бар тілдің әрекет болмысы деп қарасақ, әлгі шаһмат тақтасы тұрғысынан келгенде поэзия рухтың қасқағым сәтте қараңғыда жарқ етуін жеріне жете көрсету үшін әзірленген сұрыпталған рухани қор.  Одан да маңыздысы ақынның поэзиясында қарғысқа ұқсас сөз сиқыры бар. Мен мұны тағы да сол Жаратушыдан  «қасіретті даңық» алған жылан туралы әпсанамен байланыстырғым келеді. Тіл қолданудағы тазалық, қуаттылық, шынайылық, өз кезегінде нәзік иірімге барып екінші бір болмыста, қатгез, қатал күйге ауыса беретін икемділік сені еркіңнен тыс өзіне тартады. П.Валеридың ең бір тамаша шығармасы «Теңіз жағасындағы қабырыстандық» поэмасында осы ерекшелік бар. Сол теңіз жағасында, әлгі қапысыз түс әлетінде шықтай таза түйсік пен нәзік сезім ой шумағында түйісіп, әлдебір рух көрінісін берген. Қабырыстандықтан жыл етіп ұшқын шығады. Ақын соны қағып алған. Ол да жарықтың бір елесі. Ақын сөзімен айтқанда жүріп жатқан «құпия барыс», ойдың тағы бір қатпары. Немесе грек ақыны Пиндармен ұзақтан үндесіп жатыр. Шекті дүниедегі қасіреттің дәмін татып болып бойын кеңге салған бір сәтте ақын тағы бір рет көз алдағы қарапайым көріністен қиялай өтіп өзінің тылсым әлеміне қарай беттейді. Бұл бар мен жоқ арбасқан, масаң күйге ұқсаған, бойыңды толқынды сезім шымырлатқан... жиып келгенде бас-аяғы бүтін рухани күйдің өнердегі өрнегі. Ұғымдар қабаттасып, материялар қақтығысқан бұл поэмада француз тілі өзінің бар мүмкіндігін толық ашып тұр – ой мен сезім біте қайнасып кеткен, би мен биші бір нәрсе сияқты, ұғым мен форма да айырмашылық жоқ, сан қыры өз алдына нұр шашып тұрған жақұт сияқты. Біздер сондықтан да П.Валериды ұмыта алмаймыз. Өнер қапысыз формадан, жанымыз бостандық туралы түйсік тұрады екен, дін мен ғылымның кеңістігінен де көктей өтетін рухымыз болады екен, онда П.Валери қашанда бізбен бірге қалады.                                                                               

Аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты