Ardakh Nurgaz. Сөздің еркі

5882b9bdfe33829fbdc34cc417482e30.jpg (700×437) 


Өлең оқығанда сөз кейде ауыр сезіледі, ауырлығы төбеңнен аспан құлап келе жатқандай боласың. Кейде жеңіл, қалықтап мамық түсіп келе жатқандай әсер беретіні бар. Негізі бұл күйдің екеуі де қалыпты жағдай емес. Ол көбінде сөздің табиғатынан емес, ақынның артық сезім бояуын қосуынан туындап жатады. Сөз ұстаған ақынның түйсігі осы екі қалыпта да бір өзектен нәр алады. Тек екі түрлі көріністе ортаға шығады. Ол сөзге өзіндегі барды бардай беру талабы. Сөздің поэзиялық құдiретін көтеруге деген құштарлық пен талпыныс. Бірақ, сөзді ауырлату немесе жеңілдету жолымен мақсатқа жету оңай шаруа емес. Ол өте қысқа қайырымды және сол ілездік сәтте жетер жеріңе жетіп болуды талап етеді. Сол сәттен өтіп кетсе, сөз қанаты талған құс сияқты малтығады. Қанаты талған құстың кейде аспанда қалықтап жүріп алатыны, кейде бірден қона кететіні бар. Бұл екі күйде поэзияға әр бермейді. Тақырыпқа қаншалық қажетті болса да, поэзияда сөз бір түйінді сақтаса ғана өміршең болады. Ол сөздің еркі. Сөздің өз еркін тақырыпта түлету, міне нағыз поэзиялық кеңістікке ашылған есік іспеті түйін. 

Сөздің еркін меңгеру батыс әдебиетінде ұзақ уақыттық дамуды бастан өткерген тарихи барыс. Бірақ, кейде ақындар бейсаналы түрде сол қадамды жасайтын да кезі болады. Айталық, Ж.Румидың «Бізде бір күбі шарап бар, бірақ, тостаған жоқ» деген өлеңін оқиықшы. 


Бізде бір күбі шарап бар, бірақ, тостаған жоқ.

Қандай ғажап.

Әр күні таң сәріде жүзіміз қызыл арайға шомады,

Және кеш бататын мезгілде. 

Сендердің таңдарың айтпайды, дейді олар, олар дұрыс айтады.

Сонысымен ғажап.


Өлеңнің төркіні өте ауыр. Ол сенімге барып саяды. Жаратушыға деген сенім, сүйіспеншілік, шексіз махаббат, өзінде барды бәрін тәрік ету, сол жолда тазару. Жоғарыдағы жолдарда Руми аталған тақырыпты толықтай сыртқы әлемді ғана алдыға тарту жолымен ашқан. «Шарап», «жүзіңнің қызаруы» және соған сай айтылған қарсылыққа, терістеуге жататын ұғым өлеңнің толық көрінісін әйгілеп тұр. Өлең бір ғана шумақтан тұрған, бірақ, жетпек мақсат пен айтар ойын толық жеткізіп тынған. Басты себеп қандай сөзді, қалай беруді ақын дәл тауып, дәл орнына қойған. Нәтижесінде оқырманның ой-әлемінде өзгеше сезім бояуы мен сөз өрнегі туындайды. Өлеңде ешкім шарап ішіп отырған жоқ, бірақ, шарап ішуден туындайтын қақтығыс бар – діндегі шарап ішуге салынған тиымды ақын өзінше пайдалана отырып, айтпақ ойын, жеткізбек ұғымын поэзиялық деңгейде берген. Бұл өлеңді ұғымдарды, жаттанды түсініктерді (бүгін біздер діндегі көптеген ұғымдарды жаттанды, қатып қалған дұние деп түсінуге үйреніп қалдық) поэзия деңгейінде берудің керемет бір мысалы ретінде атауға болады.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты