Ardakh Nurgaz. Самұрық құстың жұмыртқасы

cfa5cde6bb8a0effd7484061d7e7aa3f.jpg (960×668)

Адамзаттың арыдағы миф пен аңыздан тұрған санасында тынбай ұшып келе жатқан бір құс бар. Ол құс өлгенімен, қайта тіріле алады. Өлгенде де, тірілгенде де от болып жанады. Бұл құстың аты — самұрық. Шығыс пен батыс мәдениетінің бәрінде дерлік от — құдыреттіліктің, күштің, жоқтан бар жасаудың, қалаберді үміттің көзі ретінде сипатталады. От — қызыл түстің түп мекені. Адамзаттың саяси таным-түйсігінің өзі осы отпен, оттың түсімен қатысы бар. Мемлекет туларындағы саяси түйсіктің жинақы бейнесі есептелетін қызыл түс құрбандардың төгілген қанынан бұрын, отпен байланысады. Аңдаусыз сана жаңарып, жаңғырып отырады десек, осы түсінік өз кезегінде бізге от болып жанып, қайта тіріліп отыратын самұрық құстың образы арқылы жеткен. 

Қызыл түстің қарсы мағынасы — ақ түс. Енді бір сөзбен айтқанда, ақ түс — жоғалуды, жаңғырықтың өшуін немесе өлімді меңзейді. Содан да, самұрық өткеннің өшпейтінін меңзесе, түссіздену (ақ түс) кешегіден көзжазуды білдіреді. Үңіліп қарасақ, осы арада қарама-қарсылықтың бірлігі байқалады. Әсілінде аңдаусыз сана самұрық құстың қасиетін қайталайды. Ол сонысымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып мәңгі жасайды. Уақыт көшінде кешегі іс өшкін тартып, аңдаусыз сананың тұңғиығына кетуі  мүмкін, бірақ, жоғалмайды, мезгілі жеткенде қайта оралып отырады. 

Өткен ғасырдың 90-жылдарында қоғамдық жүйедегі өзгеріске ілесіп, сана кеңістігінде үлкен бостық пайда болды. Бұны қоғамтанушылар кеңестік идеологияның орнынан кетуімен, бостықты толтыратын жаңа идеологияның болмауынан деп түсіндіреді. Қазақ тұрғысынан айтқанда, бұл ұлттық сананың өз тұғырына көтеріле алмауы еді. Арада жылдар өтіп, саяси жүйе өтпелі кезеңді артқа тастаған тұста, қоғамдық санада үлкен бетбұрыс туды. Кештеу болса да самұрық құс ақыры жаңғырып жетті. Бұл өзгеріс әуелі мәтіннің жаңаруын әкелді.  90-жылдарда ақын-жазушылар, онда да әдебиетке қоғамдық жүйенің өзгерісімен қатар келген буын бұны анық сезінді. Бұл жұрттың дәстүрлік мәнерде жазуды ұнатқанымен, айталық, Мұқағали Мақатаевша өлең жазғысы келгенімен, олай жаза алмайтынын түсінген кезең еді. Заман да, дүниетаным да өзгеріп кеткен болатын. Енді бір жағынан, қазақ осы тұста алғаш рет кеудесін кере тұрып «Мен қазақпын!»  дегенді саяси тұрғыда (ең кемі ақындары) ашық айта бастады. Соған дейін қазақтың саяси түйсігі бұлайша бас көрсетіп көрмеген. Қазақтар үшін әдебиетте шынайы саяси тақырып жазылмаған заңдармен шектелген еді. Мағжан Жұмабаевтан Мұқағали Мақатаевқа дейінгі аралықта қазақ өлеңі саяси талғамы бар, елгезек қырағылықтан айрылып, оның орнына саяси сауатсыздыққа жақын жадағай жаттандылық бой алдырған еді. Бұл уақыт ұзара келе әдебиетте саяси тақырыпты жазудың өзіндік мәдениетін төмендеткен еді.    

Адам бойындағы асау күштің бірі ретінде адамның саяси түйсігін атауға болады. Саяси сана қыстыққан жерде адамның өзге таным-түйсігінің бәрінде дерлік ауытқушылық туады. Отарланған кезеңде қазақтың саяси жандүниесі ұзақ уақыт бойында тұмылдырықталған күй кешті, уақыты келіп бостандыққа шыққан тұста, оның талаптары ең алдыңғы қатарға шығатыны  да заңды нәрсе. Бұл түйсік 90-жылдарда поэзияда да көзге түсті . 

Ақын Әмірхан Балқыбек 1998 жылы жазылған поэмасының атын «Сынған сәуленің шағылысуы» («Қасқыр құдай болған кез», «Тұран» баспасы, 2008ж.) деп қойыпты. Бұл тақырып ақын болмысымен етене таныс емес оқырманға жырдың мазмұнынан мүлде өзгеше түсінік береді. Бұл жерде жеке бір адамның түйсігінде жүріп өткен елестен өзге дүние жоқ сияқты сезіледі. Айталық, 1990 жылдан бұрын ақындардың ойына дәл осындай тақырып келе қоймайды. Бірақ, ойлана келсең, бәрі орнында екенін байқаймыз. Журналистикада өзіндік мәнері бар, әрі түрколог ақын өз кеңістігін заманына сай сипаттауға ұмтылған. Оның үстіне бұл құндылықтар шағылып жатқан кезеңге тура келеді. Мұндайда бастысы өлеңнің тақырыбы мәтіннің табиғатын айқындап тұруы тиіс. Тіпті, саяси түйсік бұзып-жарып кіріп, баса билеп кетсе де, мейлі, құшақты кең ашып бәрін сіңіруге тиіссің. Бұл  енді постмодернистік дүниетаным. 

Поэмада қара сөз бен өлең қатар ұшырасады. Аға буын ақындарда бұндай ерекшелік «Құмырсқа» поэмасында кездесетін. Мәтіндегі мұндай ұқсастықтың өзіндік себебі бар. «Құмырсқа» мен «Сынған сәуленің шағылысуы» мазмұн жағынан мүлде жанаспағанымен, жүйесі жағынан екеуі де идеологияға табан тіреген шығармалардың санатына жатады. Алдыңғысы Кеңес идеологиясының аспандап тұрған тұсында дүниеге келсе, соңғысы ұлттық идеология ашық майданға шыққан тұста жазылды. Бұл жағынан олар күн мен түн сияқты бір дүниенің екі бетіне ұқсайды. Әдебиет пен идеологияның қатысына келсек, мұнда жазу мәдениетін сөз етуге тура келеді. Өзіңіз байыптай беріңіз. Қарапайымдап айтсақ, біреулердің жазған өлеңінен заманы желкесінен тіреп көрге итеріп тұрса да, ол туралы микроскоппен іздесең де ештеңені таппайсың. Енді біреулердің өлеңі басынан бақайшығына дейін саясатпен тұнып тұрады, онда айқайлап тұрған формасынан басқа поэзияға тиесілі ештеңе жоқ. Жазу мәдениеті жетіспеген жерде, осылайша поэзия өледі де, оның орнында ақынның жалаң позициясы ғана қалады. Ал нені болса да тізеге салып өз ырқына көндіруге бейім тұратын идеология әдебиетті жоғарыдағыдай екі арнаның біріне салмай тұрмайды. Ал бұл шеңберден шығу үшін ақынға мол тәжірибе, парасат-пайым, үлкен азаматтық болмыспен қатар, көрегендік қажет.      

Әуелгі сөзге қайта оралайық. Қос қанаты қара сөз бен жырдан өрілген поэма он екі бөлектен құралған. Өткен ғасырдың 90-жылдарында ақтаңдақ тұрған қазақ санасына қайтып оралған самұрық құстың мәтіні — тарихтағы түркілер, түркілердің бас көтеруі, көшпенділік және жылқы мінезі, тарихтағы қазақтың құлдырауы, жұт, Мағжан Жұмабаев, ерлік рухты қайта жану, самғаудан тұрады. Поэмадан үзінді оқиық:


Аруақтым!

Тәңір елім!

Қазағым!

Өзің жайлы, болмас үшін мазағың,

Басқа мақам керек емес,

Көнекөз,

Эпостардың сарынымен жазамын. 


Сенем соған,

Болса болсын ертегі,

Ертегі ол — Отанымның ертеңі.

Жер бетінде бақытты өмір жасауға,

Керек бізге қиялдың да көктемі.


.   .   .   .   .   .   .   .   .   .   .   .


Дала ұлы алға қадам басарда,

Не болмаса,

Зор жаңалық ашарда.

Той үсті ме, ой үсті ме,

Бәрібір

Толғана алар жүрегінің түбінде,

Осы тілек жату керек қашанда:


—Досым болсаң

Еркіндеп ен

Бұл маңға,

Жауың болсаң 

Адасарсың тұманда.

Осы менің 

Құраным мен

Ұраным,

Қысылғанда қайыратын дұғам да.


Шежіре айтар қошқар тұмсық тастары,

Алпыс өрім, тоқсан тарау дастаны.

Жер бетінде 

Қазақ дейтін халық бар,

Сол халықтың ашық болсын Аспаны!


Енді бір сөзбен айтқанда, орда бұзар отызында Ә.Балқыбек алтын күн мен қыран бүркіттен тұратын көк тулы Тәуелсіздікті постмодернистік дүниетаныммен осылай жырлайды.                                     

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты