Günter Grass: Солақайлар
(әңгіме)
Ерих маған тесіліп қарап қалыпты, мен де одан көз аудармай қарап отырмын. Екеуіміздің қолымызда да қару. Бір-бірімізді атып жараламақпыз. Талай уақыт машықтан түсісімен-ақ əбден сүртіп тазалап, қолымыздан ысқылау көрген, таңдайында оқ басулы бұл мұздай суық метал да бірте-бірте қыза бастағандай. Жөніне келсек, осынау көк темірдің ұлығаусар залалы жоқ секілді. Егер су жүрек байқұстардың көк желкесіне қалам не болмаса жуан кілт тірей қойып, сонансоң қара тері қолғап киген, енді бір қолыңызды көтере қойсаңыз ол байқұстың бақырғанда дауысын құдайға жеткізбейсіз бе?! Маған Ерихтың қаруы оталмайтын, залалсыз ойыншық болар дейтін ой келеді екен дей көрмеңіз. Ерихтың менің қолымдағы нағыздың өзінен титтей шүбаланбайтыны да маған аян. Тағы келіп осы жарым сағаттың алдында ғана тапаншамызды бұзып, сүртіп тазалап, қайта құрастырып, таңдайына оқ басып, құлыптап қойғанбыз. Біз қиялшылдардан емеспіз, бұл жолғы бұлтарып болмас жекпе-жек үшін əдейі Ерихтың сенбі өткізетін саяжайын таңдадық, себебі, бұл екі қабат үйден ең жақын деген қатынас бекетіне де бір сағаттық жол бар, демек, недəуір шеткері деген сөз. Тіпті, əлде бір шақырусыз қонақ мылтық дауысын құлағы шалып қалды дегеннің өзінде де, ол қайда, біз қайда. Біз қонақ бөлмені жиыстырдық, қабырғадағы суреттерді, дені саяхат пен ауланған аңдардың кескіні түсірілген сызбаларды сыпырып алдық. Орындықтарға, жарқыраған шкафтарға, əдемі рамкаларға салынған май бояулы суреттерге оқ тисе болмайды ғой. Айнаны немесе парфор ыдыстарды да быт-шыт қылғымыз келмейді. Біздің атпақшы нысанамыз тек өзіміз.
Біз екеуіміз де солақаймыз, қауымдастықта танысқанбыз. Білесіз бе, үшбу қаладағы солақайлар бəріне ортақ тума кемістіктің салдарынан, сондай бір қауымдастық құрғанымыз бар. Біз кесімді уақытта бас қосып, екінші бір икемсіз қолымызды машықтандырмақшы болатынбыз. Əлдебір ізгі ниетті оңқай кісі бізге бір мезгіл сабақ та өткен, өкінерлігі, ол енді келгенді қойды. Бас алқадағы мырзалар оның оқыту əдісіне сөгіс айтып, қауымдастықтың мүшелері өздерінің күш-қуаттарына сүйеніп, бір-бірінен үйренуге лазым деген пікірге келді. Сонымен біз арнайы өзімізге арнап жобаланған əрекеттерді, айталық оң қолмен ине сабақтау, гүл суару, киім шешу, түйме түймелеу секілділерді бас қоса тұрып емін еркін машықтануға кірістік. Біздің бағдарламамызда: оң қолымызды сол қолымызға теңемейінше тоқтамаймыз! -деп жазылған-ды.
Бұл естір құлаққа соншама əсерлі де таңдандырарлықтай сезілгенімен, шындығында былжырағандық еді. Себебі, біз бұл өреге өмір бақи жете алмақ емеспіз. Қауымдастықтағы əсіре ұшқарылар бұл сөйлем сөзді алып тастап, орнына: сол қолымызды мақтаныш тұтайық, құдайдың бергені үшін қорланатын түгі жоқ! – деп жазуды баяғыда-ақ талап еткен.
Осы ұранның дұрыс бола қоюы да екіталай. Біз оны тек лепірмелігі жəне жойқын екпіні үшін ғана таңдап алып отырмыз. Ерих екеуіміз де ұшқарылар қатарынанбыз. Өзімізді қор санаушылықтың сүйегімізге қаншалық сіңіп кеткенін өзіміз ғана білеміз. Мұнан өзгені біз жанұяда да, мектепте де, тіпті кейін əскер қатарында да бойымызға үйрете алмайақ кеттік. Осының бəрі бала кезіміздегі қол бейімімізден басталды. Анау апай, ағайлар, шешеміз бен оның досжар əйелдері, əкемнің кəсіптестері түгелге жуық, менің есімнен кетпестей əсер қалтырған. Сонда олар: “Жо . . . Жоқ, ол қолыңды емес, ана сүйкімді, ақлды қолыңды, икемді қолыңды бер, көкешім!” –десетін.
Он алтыға шыққан жылы, тұңғыш рет бір қыз балаға қол тигізгенім бар, сонда ол «ойбой, солақай екенсің ғой!» деп қолымды көфтасының түймесінен итере сілкіп тастағаны. Мұндай естеліктер менің миымда сығылысып тұр. Егер Ерих екеуіміз жоғарыдағы ұранды бағдарламамызға енгіземіз десек, онымыз мəңгі бақи ұстатпайтын арманға ұмтылғанан басқа түкте емес болып шығар еді.
Бұл сəтте Ерихтың ерні қатты жымырылып, көзі жіпселеніп бір сызық болып кетті. Мен де сол кейіптемін. Екеуіміздің жақ еттеріміз жыбыржыбыр етіп, шекеміз шытырайып, танауларымыз да қусырынып алған. Ерихтың дəл қазіргі кеспірі атыс-шабыс фильмдеріндегі кейіпкерлерден аумайды. Менің өзімде буалдыр көрінетін сол экрандардың батыры немесе жауыз біреу сияқты көрінетін шығармын. Екеуіміз де əбден қатуланған адамның бейнесіне кіріп алғанбыз.
Мен айналамызда ешкімнің қарап тұрмағанына үшкірлік те еттім. Мүбəда əлде бір бейсауат көз аяқ астынан жетіп келсе, мынау екі əумесір неме шынымен-ақ жекпе-жекке шыққан екен, тегі, алып қашқан жас келінге таласып қалған, немесе бірінің ғайбатын бірі қылып, соның ақыры осыған соққан екен деп ойлап қалмасына кім кепіл! Дегенмен біздікі неше ұрпақ бойында қайтпай келген ата кекке орай, ар-намысқа саяр, өліспей-беріспейтін сайысқа қатты ұқсайды. Біздіңше нағыз дұшпандар кезігіп қалғанда ғана осылай қарасады. Анау қаны қашып жиырылған еріндерге, ымыраға келместей қусырылған танауларға қарап көріңіз, олардан өлімге бастарын бəй тіккен өштіктен басқа нені көруге болар екен — ə!
Екеуіміз доспыз, кəсіптеріміз мүлде бөлек болғанымен — Ерих бір сауда сарайының бөлім директоры, мен болсам табысы мол нəзік механизация жұмысшысымын — екеуіміз толып жатқан ортақтығымызды санап беріп, арамыздағы достықты баянды сақтап қала аламыз. Ерих қауымдастыққа менен көп бұрын кірген. Əлі есімде, мен ол күні əдеттен тыс үрдісті кимдер киіп, осынау «қыңырлар» үнемі баратын қабақханаға түп-түзу қалыппен кіріп барғанымда алдымнан осы Ерих кез бола кеткені. Сəл-пəл қысылғандай болып ем, ол маған киім бөлмесін меңзеді де, үстібасыма шола қарады, көрер көзге қағылез секілденгенімен адамды мезі қыларлықтай анайы қылық көрсеткен жоқ. Сонан соң өзіне ерек біткен əуезіне бағып:
— Не дегенмен бізге келуге бекінгенің ғой, тартынба, мұнда біз бір-бірімізге сеп боламыз деген ниетпен келгеміз, — деді.
Əлгінде «қыңырлар» дегенім, біз шаршы топ алдында бір-бірімізді осылай атасамыз. Дəл осы атымыздың өзі-ақ бағдарламамыздың деней бөлігі сəтсіз болғанын дəлелдеп бергенін ішім сезеді. Өйткені, онда, сірə, нендей бірдеңе біздің басымызды қосып, бізге камыл күш-қуат беретіні анық айтылмаған. Əрине, егер біз өзімізді əдеттегідей ғана солшыл туысқандар деп немесе одан гөрі жаңғырарлықтай солшыл туысқандар деп атасақ, бəлкім, əлде қайда тəуірірек болар еді. Біздің мұндай атпен тізімделуден неге баз кешкенімізді сіз өзіңіз де кəміл жорып кете аласыз. Біз ана біреулермен, ана біреу былайша жанашырлық етуге татитындай көрінгенімен шынында адамзатқа біткен бірден бір қадыр-қасиеттен, махаббат парызын ада қылу орайынан туа да мақұрым болған адамдарға салыстырғанда, өзіндігіміз бар. Оның керісінше, біз дегенің бояуы сыртына тепкен қауымбыз, сабыр етіңіз, мен айтып алайын, біздің ханымдарымыз құй бет-ажары, көркі, əлде жүріс-тұрыс мағрифаты болсын, анау оңқай əйелдерден титтей де кем қалмасына мен кепілмін, егер шындап салыстырып көрсеңіз, ауыл адамдары үшін аруақ адақтайтын Пастордың уағыз мінбесінде тұрып: «иə, құдайым, сіздерді түгел солақай қылғай» — деп дауыстағандай үрдісті бейне көз алдыңызға келетін болады.
Қарашы, мынау қауымдастықтың антұрған атына! Қылаяғы əлгі біздің тұңғыш төрағамыз, діни сана сүйегіне сіңген, дегенмен басқарып əкетуге тегеурінді қалалық мекен мекемесінің жоғары мансаптысы мырза да атымыздың жақсы қойылмағанын кей-кейде мойындауға мəжбүр болады, өйткені, «солшыл» деген сөз қосылысымен əлде бірдеңе кем болып көрінетіндей, іс жүзінде, біз ешқашан қыңыр емеспіз, идеямыз қыңыр емес, жан-сезіміміз де, іс-əрекетіміз де қыңыр болып көрген жоқ.
Біз мұнан да ұтымды ұсыныс беруге немесе өзімізге əу баста-ақ қоймауға тисті есімді қолдануға бейімделгенімізде, оған саяси толғаныс себеп болғанының басы ашық нəрсе. Депутат мырзалар қақ жарылып екі жаққа ойысып, отанымыз саяси жағдайының қаз қатар тізілген парламент орындықтарынан мен мұндалап көріне кететін болғаннан кейін, егер арасында «солшылдық» деген сөз бірер мəрте артық қайталанса қатерлі ұшқары елемент қатарына жатқыза салынуы сондай бір дағдыға, бір мақалаға, бір лексияға тіреліп қалатын түрі бар еді. Дегенмен, жұрттың бұған бола сасқалақтауы қажетсіз. Егер біздің қаламызда саяси қараниет дегеннің қандайынан болса да құлан таза, мүлде қайырымдылық пен араластық мақсатында құрылған бірер қауымдастық бар делінсе, ол біздің қауымдастығымыз ғана болмақ. Бəлкім, əлде біреулер мұнда жыныстық жағындағы бейпіл қылықтар бар шығар деп күмəндануы да ықтимал, мұндай күмəн-күдікті мəңгілікке арылту үшін, мен өзіміздің жастар группасындағы бойжеткендер арасынан қалыңдық тапқан жайымды ғана қысқаша айта кетпекпін. Үй табылысымен тойымызды жасайтын болғанбыз. Əйел затына алғаш рет жуысқан кезде жан сезіміме түскен көлеңкені күндердің бірінде алас қыламын, осындайда сүйініш болады екен, бұл турада Моникаға рахмет айтамын.
Біздің махаббатымыз пенде баласына түгел мəлім, талай-талай кітап бетінде суреттеп жазылған қиындықтарды, жəнесінде мынау қолымыздан болған азапты жеңіп қана қоймай əрі оны қайта-қайта түсіндіруі керек болды, міне сонда барып болар-болмас бақыт ұшқынын шаша алармыз. Біз тұңғыш рет түсінікті албарындылық үстінде оң қолымызбен құшысуға ұмсынып көргенімізде, осынау салданып қалған бір жағымыздың қандай олақ екенін сезбей амалымыз қалмады. Сонымен біз құдайым бізге атап берген екінші жағымызды жұмсап едік, құшағымыз қауышты да кетті. Мұнан артық көп көйткім келмейді. Көңілімде тым лағып кетпейін деген үміт те бар. Бұл арада мына бір жай жөнінен ғана түсінік бергім келеді. Маған қайыспай шыдап, уағдадан таймауға қажыр-қайрат, жалында жігер бағыш еткен қай-қашанда Мониканың сүйкімді қолы болды. Алғаш рет кино көріп шыққанымыздаақ оның қыздық пəктігін дəл неке жүзіктерімізді бір біріміздің оң қолымызға — бұл ара да сіңісті болған тума кемістігімізді қорсына тұрып айта кетпей амалым жоқ — салғанға дейін сақтаймын деп уағда бергенмін. Түстік облыстарда некенің алтын белгісі. Əмісе, сол қолға салынады, илайым, осынау алабын күн құшқан аймақта жан үстемдігі рақымсыз ақыл-парасаттан басым болса керек. Қауымдастығымыздағы жас бикелер мүдделеріне қатер төнгені дəлелденсе, бəлкім, балғын қыздардың амалымен қарсылық көрсететін шығар, олардың айтысу формасы қандай сараң, бейне: мына, сол жақта жүрек соғады, - деген жазу кестеленген жасыл туды түнделете жасап шыға келеді.
Моника екеуіміз жүзік ауыстыратын шақты жиі сөз етеміз, соның əр жолында келетін қорытындымыз біреу ғана: біз ержүрек жұптар ретінде сүйініш пен күйінішті талайдан бөліп татып келгенімізбен, мынау белгісіз, алдамшы дүние алдында адал жарлар екенімізді қалай дəлелдер екенбіз дейтінбіз. Моника жүзік жайында жиі жылайды, біз де тойшылар тізіліп, тойдың кең-мол дастарханы жайылатын, бойымызға шақ шаттық мерейі есетін сол бір таңның атуына ынтығып отырғанымызбен, оның да қалайда бір қабат буалдыр мұң-зар мұнары бар-ау дейтінбіз.
Осы сəтте Ерих баяғы жарқын жайдары кейпіне қайта келе қалды. Мен де жұмсап сала бердім, сөйтсе де, бетім талайға дейін тарамысша тартысып, шеке тамырларым атқалақтап тұрғандай сезілді. Əйткенмен, біз манағы кеспірімізден қалайда қайттық. Жанарларымыз жай ғана түйілісіп соған бола сабырға келе бастағандаймыз. Біз енді бірбіріміздің сол қолымызды нысанаға алдық. Ағат кетірмейтініме сенімім кəміл, Ерих жөнінде де көңілім тоқ. Біз қаншама машықтандық десеңізші, əр бір бос уақытымыз түгел дерлік анау қала шетіндегі тастанды шахта да өтті. Ал, бүгін бір байламға келуге тиістіміз.
Мыналар өзі айып тағушылардың қай жағында, жоқ, бұл дəл бауырластың бауыздасуы емес пе? –деп қалайда шу ете түсесіздер. Сенсеңіздер маған, бұл қисындарыңыз бізге айдай анық. Біз қылмыс дегенді талақ еткенбіз. Мынау қаңыраған қуыс үйге біз бүгін ғана келіп тұрғамыз жоқ. Дəл осындай қару кезесіп тұрғанымызға, міне, тура төртінші кезек, əрі осы ниетімізден шошығанымыздан төртінші қайтара тапанша тастағамыз. Жуырда жекелер мен қауымдастық өмірінде туған істер бізді шартсыз осылай істеуге хақылы етті. Ұзақ уақыттық күмəн-күдіктен соң — біз ақыры тапанша көтердік. Біздің ендігəрі қарамыздың бұлайша қосылмайтынына қаншама өкініш білдірсек те солай істейміз. Қауымдастықтағы құрдастарымыздың əдет-салттарынан белгілі болғандай, мұнан кейін қашық жүруді бізден ар-ұжданымыз талап етеді.Теке-тірес пайда болысымен, қандай парасатты деген жандар арасында да қайшылықтар, тіпті, əулекіліктер араласпай қоймайды. Енді біреулер солшылдарға кəміл сенеді. Мен саяси ұран деген қай-қашанда үстел ара керкілдесу болады дегенге сенген емеспін. Анау бір адалдыққа ант-су ішу, солақай қолмен қолшоқпар соғуға деген жиренішті табынушылдық кейбір басқалқа жиналыстарды есерсоқтыққа бейімдеп, құдды бар пəрменмен, есі кете тоқпақтағанда ғана теңдессіз тебіренетіндей күйге түсіреді. Көріністе ешкім айқайлап айтып тастамағанымен жəне ешкім мұндай жаман əдетті көпе-көрнеу жұқтырып алғандарды қатардан шарт-шұрт шығарып тастамағанымен, біздің арамызды анадай қарасы өшкен əрі мен жөнінен алғанда түсінуге мүмкін болмаған жыныстар ара махаббаттың паруаналары əлі барлығын жоққа шығара алмайсыз. Бəрінен сұмдығы, менің Моникамен ара қатынасым да бақытсыздыққа тап болғаны. Ол қазір бір дос қызымен бірге тұрады, мені жүзік жайында шектен тыс бағынды, бөз өкпе қылды деп үнемі ренжіп, сонан мені сенімсіз дегенге дейін барды, біз бір-бірімізге əлі сенімді бола тұрсақ та, ол сол баяғы Моника бола тұрса да, енді міне оны қапсыра құшақтап бауырыма басатын кездерім барған сайын азайып барады.
Қазір Ерих екеуіміз де қалыпты тыныс алуға тырысып тұрмыз. Біз бір ыңғайға бейімделген сайын əрекетіміздің көрікті жан-сезімнің ырқында екеніне сеніміміз арта түспек. Киелі кітаптардағы сөздер адамның жан азабын ұмыттырады дегенге сенбеңіз, тіпті төтесінен айтар болсақ, оған жеткізетін анау жалынды да баянды тілек болмақ, бұны түсініп, біліп жүргейсіз. Маған өзі не болды, мына тағдырды өзгертуге бола ма, əлде тағдырымызды өз қолымызға алып, өмірімізге бағыт-бағдар белгілей алмаймыз ба? Дəм-татусыз естемелер, бұғаулар немесе өзге де осы іспеттес сандырақтар енді садаға кетсін. Біз еркін талғамнан ғибарат табамыз, ендігəрі жəй іске бола өзгелермен арамызды ашпаймыз, біз енді тыңнан сара жол саламыз, бізге де енді сондай бір бақытты қол бітетін болады.
Міне, тынысымыз бірікті. Ешқандай ишаратсыз бір сəтте шүрппені бастық. Ерих дəл тигізді. Мен де оны үмітсіздендіргенім жоқ. Межелегеніміздей, екеуіміз де маңызы зор білезік тамырға қададық, мылтық сылық етіп жерге түсті. Енді қайта атудың басы артық. Қатты күлістік əрі ендігі ұлы сынағымызды осы арада бастап кеттік — жарамызды мүлдем оң қолымызбен ебдейсіз таңа бастадық.
Аударған Хакім ƏКІМЖАН