Табиғат Армия (Tabygat Armya). Тыңдашы, аға
Жылап келемін, көзімде бір тамшы жас та жоқ жылап келемін, жаныма ем іздеген жылауық көңілім ағамды іздеп жылап келеді...
Қоңыр күз қоңыраулы сәлемін әлдеқашан жеткізген. Айнала, атырап жарқ етіп өткен жастық жазына деген сарғайған сағынышын жүдеу өңімен ғана сездіреді. Кеше ғана жасыл желегін жамылып, үп етіп жібек жел шықса сыбырлап үн қататын тал-теректер ұры күзге жапырағын түгелдей тонатқан. Гуілдеп жел шықса, уілдеп жылайтын сияқты арса-арсасы шығып, жалаңашдір-дір етеді. Тек қайсар қарағай ғана сыр берер емес, қасқайып бәрін де қарсы алатындай. Қытымыр қыстың сумақы суығы жуық арада келетіндей кәрі күзбен қолтықтасып, тұла бойыңды шыңылтыр суығымен шымшылайды. Мазасыз күзге маңмаңгер көңілім еріксіз көніп, өткенді, көктемді сағынып жол жағасында келе жатырмын. Жол жағасы ағаш арасы толған сары, қызыл алуан жапырақ. Ысқырған айдаһар жел тілін жалаңдатса болды жапырақ бейшараларда жан жоқ, желмен бірге ұшып елпек қағады. Кейбірі далда іздеп дал ұрса, кейбірі машина екпінінен қорқып, өзін шетке алып қашады. Біреулері тас керпіштің, дауалдың, ағаштың арасынан жел тимейтін пана іздеп тығылса, енді біреулері машина астына жанкештілікпен жүгіреді. Бәз біреулері машина шағына кеудесін тосып үгіліп те жатыр. Жапырақтар-ай, сенің бойыңда бар тіршіліктің сан алуан ғұмыры сиып тұрғандайәсер береді маған.
Ойымнан кеше түстегіЗаман ағаның үйіндегі сөз кетер емес.
- Қазір қайда оқып жатырсың?-деді ағам.
- Үрімжіде білім асырып оқып жатырмын.
- Ым, кәсіп?
-Филология.
Сораптап шайын ішіп, сөзін сабақтап:
- Басқасы табылмады ма?
- Қызыққан соң оқыдым, аға!
- Қызыққаның қызыл ақша тауып береме! Ең алдымен бөрікті қалай киюдіүйрен, баламысың деген, алдымен наныңды тап, онан соң жаныңды бақ!-деді. Қап-қара едірейген мұрты, нан шайнаған екі ұрты «мені көрдің бе?» дегендей, аузындағы сөзімен бірге жарысып тіл қатады. Еріксіз тыңдатады. Бата жасалып, дастарқан жиылды. Мен кетудің қазанын асып жатырмын ...
Жылап келемін. Көзімде бір тамшы жас та жоқ, жылап келемін. Жаныма ем іздеген жылауық көңілім ағамды іздеп жылап келеді...
Күнестен Үрімжіге жол тартқан автобус таспадай тартылған тасжолда жүйткіп келеді. Жан-жағын алып Тәңіртауының сілемдері қоршаған алтын бесік аяулы ауылым жаныма әлден сарғалдақ сағыныштарын егіп жатқандай. Анау, әне, Күнес аңғарының қақ ортасын кесіп ағып бара жатқан ана өзен - Күнес өзені, көктемгі долы ағысынан жуасып, жылыстап баяу ағыпжатыр. Сан ғасырды ішіне бүккен сыршыл Күнесім-ай! Сенде не сыр бар екен? Айтшы маған, жер ананы сонша мұжғылағанда айтар не дәтің бар еді? Жоқ, әлде, майда толқындарыңмен жағаны еппен ғана ұрғанда айтар назың барма еді?! Жоқ, әлде, буырқанған күйіңмен дүлей толқындарды құшағыңа алып, мылқау жартастарды өлермендене ұрып ашуланғанда қара қазандайөкпең барма еді?! Кім білсін, мен сенің сыртың көрер көзге кілкіп жуасып ағып, ішің алай-дүлей аласапыран болып дөңбекшіп ағатыныңды білемін. Мен сенің ұзақтан-ұзақ созылып, зорығып ағатыныңды, аққанда да жай емес, үш-төрт бүктетіліп, бұлқынып ағатыныңды білемін. Мен сенің жағаңда өскен торыққан тоғайларыңды тозаққа бермеуге тырысып ағатыныңды білемін. Мен сенің жағаңды жағалай жантайған Үйсін молалары мен тақия төбелердің, алтынқорған мен тасқорғанның күн өткен сайын жел жеміріп, уақыттың жаңбыры шайып шөгіп, жоғалып бара жатқанын білемін. Сезесің бе, тілін тістеген осынау тарих жұқарған ауыр құлағымен заманымыздан тың тыңдайтын сияқты. Дүбірлі дүние ешкімге де назар салмастан асығыс, алқын-жұлқын, уақытпен жарысып ағып барады. О, күнге күйген қарт қара тауларым-ай, сендер неге күйеді екенсіңдер?! Тоз-тозы шыққан тоғайларым-ай, сендер неге шаштарыңды жұлады екенсіңдер?! Алып Жер ана тербеткен машина бесік ой құшағына бөлеген күйі ұйықтатып Үрімжіге бір-ақ алып келді.
Үрімжі, түс мезгілі, жол жағасында келе жатырмын. Аспанға шаншылған биік ғимараттар, қайшалысқан машина тынымсыз қала тіршілігінің ақжал толқынымен жағаласып тірлік етіп жатқан қарбалас адам. Кеше түстегіЗаман ағаның «алдымен нан тауып же!» дегеніне мына қала да үн қосып қостап тұрғандай.
Кеш, күн батарға таяған. Алыстан мұз дәуірінің мұрасындай мәңгілік қар жамылып жататын ақ бас қарт Боғданың қарлы шыңы, айналасына тәкаппарлана сызданып қарайтындай. Аңыздарда айтылатын Көкше әулиенің биік тұлғасын сомдап тұрғандай еңселі. Қызыға қарап жол жағасында келе жатырмын, алдымнан ай дидарлы Асыл аға кездесті.
- Ассалаумағалайкум, аға!
- Уағалаикум ассалам!
- Практиканың жағдайы қалай?
- Жақсы, табыспен аяқтады.
Осылай аман-сәлемнен кейін Асыл аға ауылдың, мектептің жағдайын ыждағатпен сұрап жатыр, сөз арасында ендігіқазақ тіл-әдебиет сыныптарының ашылмайтындығын, оқушының жоқтығын айтып қояды, мен де Заман ағаның әңгімесін айтып бердім. Екеумізде үнсіз қалдық, әңгіменің ұзақ желісі айтпаса да үзілер емес.
Кеш батып келеді, ғұсни ғаламның тағы бір түні толғатып келеді, екеуіміз де алыс көкжиекке қарап толғанып тұрмыз. Көзімізде бір тамшы жас та жоқ,үнсіз жылап тұрмыз. Екеуіміздің көз алдымыздан ежелгіҮйсін молалары елестегендей болды, екеуміздің құлағымызға Қорқыттың қобыз үні мен бабалар тұлпарының тұяқ дүбірі жүрегіміздің лүпілімен жарысып естілгендей болды. Екеуміз де осы шақта күн ананы соңғы сапарға аттандырып тұрғандай қимастық сезімде едік. Күн ана да көзі қызарып, қанталап кеткендей, жер жалғызын қимай көкжиекке құлады. Әлемді тағы да бір мылқау қараңғылық басып келеді.
Тыңдашы, аға, менің жүрегім ауырады ...
Табиғат Армияұлы, жазушы, 1980 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесінің Іле аймағына қарасты Күнес ауданында дүниеге келген. Шыңжаң Педагогика университеті филология факультетінің түлегі. Шығармалары Шыңжаң Жазушылар қоғамы құрастырған «Таңдамалы әңгімелер жинағына», Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген.