Chingiz Aitmatov. Боранды бекет (II)
IV
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара cap даланың кіндік тусы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Қалай десе де, наймандардың ата зираты Ана-Бейіт қол созым жерде тұрған жоқ. Сарыөзекті жебелеп төте тартқанның өзінде отыз шақырым.
Сол күні Борандының Едігесі тым ерте тұрды. Ұйықтап та жарытпаған. Таң бозында ғана аздап көз шырымын алған. Ал оған дейін түні бойы марқұм Қазанғапты кебіндеумен әуре болды. Әдетте өлікті жаназа шақырардың алдында ғана кебіндейді ғой, ал бұл ретте таңертең ертерек жолға шығу үшін күні бұрын ақ жуып, арулап қою керек болды. Өлікті жуындырып, кебінін киіндіру машақатын Едігенің жалғыз өзі атқарды. Рас, Ұзынтұра Еділбай жылы су тас беріп тұрып еді. Соның өзінде Еділбай өлікке жақындамай, шегіншектей береді. Жаны түскір тәтті, тұла бойы тітіркенеді. Соны сезген Едіге әншейін елеусіз ғана:
— Әй, Еділбай, көріп ал... Кейін керек болады. Адам анадан шыр етіп туған екен, кейін оны жерлеуге де тура келеді, — деп қойды.
— Иә, иә, білемін ғой, — деп міңгірледі Еділбай.
— Иә, білгенің дұрыс. Айталық, ертең мен өле кеттім. Сонда қайттің? Кебіндейтін ешкім табылмай ма? Шынымен-ақ мені умаждап бір шұңқырға апарып тыға саласыңдар ма?
— О не дегеніңіз! — деп қысылып қалған Еділбай шырағданды ұстап, өліктің қасына жақындай түсті. — Сізсіз бұл араның қызығы қалмас. Өлмей-ақ қойыңыз. Шұңқыры құрысын.
Кебіндеуге бір жарым сағаттай уақыт кетті. Есесіне Едігенің көңілі де тыншыды. Денені әбден жақсылап жуып, қол-аяғын созып, жайғастырып қойды. Ақ матаны аямай, кебінді кең пішіп, Қазанғапты әбден арулады. Кебінді қалай пішу керек екенін Еділбайға да көрсетіп қойды. Сөйтіп барып, езінің үсті-басын жөнге келтірді. Сақалын таза қырып, мұртын басып қойды. Едігенің мұрты да қасы сияқты қою, қайратты еді. Тек ақ араласып, бурыл тарта бастаған. Едіге өзінің әскери медальдарын да ұмытқан жоқ, ордендері мен озаттық белгілерін ысқылап сүртіп, пиджагіне тағып, бәрін ертеңгілікке дап-дайын етіп қойды.
Осылайша түн де өте шықты. Едіге өз ісіне өзі таңғалды. Бәрін де аспай-саспай тындырыпты. Ал оған біреу бұрынырақ: "Қазанғапты сен кебіндеп, жерлейсің", — десе, "Ойбай, қолымнан келмейді", — деп ат-тонын ала қашар еді. Жазмыштан озмыш жоқ, тағдыр екен, Қазанғапты жерлеу Едігенің маңдайына жазылыпты.
Апырай десеші. Алғаш олар Құмбел станциясында ұшырасқанда, осылай болады деп ойлады ма екен. Едіге контузия алғаннан кейін әскерден босатқан. Бұл қырық төртінші жылдың аяғы еді. Былай қарағанда бәрі бүп-бүтін: қол-аяғы сау, басы - мойнында, бірақ құдды басқа біреудің басы сияқты. Боздаған жел сияқты құлағы шуылдайды да тұрады. Бірер адым аттаса — теңселіп кетіп, басы айналып, құсқысы келе береді. Тұла бойы қарасуға малмандай болады, біресе суық тер бұрқ етіп, біресе ыстық тер саулайды.
Кейде тіпті тілі күрмеліп, икемге келмей қалады. Неміс снаряды жарылғанда, соның дүмпуі оны қатты есеңгіретіп кетіп еді. Өлтіруін өлтірген жоқ, бірақ тірі қалып та жетісіп жүргені шамалы, Едіге сонда сансырап, салы суға кеткен. Түріне қарасаң жап-жас, сап-сау сияқты, ал еліне — Арал теңізіне қайтып барғанда не істейді, не жұмысқа жарайды? Бақыты бар екен, дәрігері оңды кісі болып шықты. Ол мұны емдеген де жоқ. Ақ халат, ақ қалпақ киген, шоң мұрын, аялы көз, дәу жирен кісі екен, Едігені иығынан қаққылап қойып, күле сөйлегені әлі есінде:
— Білесің бе, бауырым, — деп еді ол. — Соғыс таяуда бітеді. Әйтпесе мен сені қайтадан майданға жіберткізер едім. Жарайды, өйтіп-бүйтіп сенсіз де жеңіске жетерміз. Ал сен ұнжырғаңды түсіре берме: ары кетсе бір жыл, әйтпесе одан да ертерек құлан таза жазылып, өгіздей қара күші бар мықты боласың. Шын айтам, кейін "рас екен-ау" дерсің. Ал енді жолға жинал, еліңе қайт. Тек, еңсеңді көтер. Сен сияқтылар жүз жыл жасайды...
Сол жирен дәрігердің айтқаны келді, ақыры. Бір жыл деген айтар ауызға жеңіл Госпитальдан шыққан бойы, үстінде умаждалған сүр шинель, арқасында дорбасы, қолында "Сақтықта қорлық жоқ" деп ұстаған балдағы, — қалаға қарай жылжып келе жатып, ит мұрны өтпес қалың тоғайға кіріп кеткендей болды. Құлағы шуылдап, аяғы дір-дір етіп, көзі қарауыта береді. Вокзалда қайбір туысы күтіп түр, біреуге-біреу қарайтын хал жоқ; пойыз күтіп теңселген халық шыжандай, әлдірегі алысып-жұлысып мінеді, әлсізі шет қақпай қала береді.
Десе де, өлермендікпен жетті-ау, әйтеуір. Бір айға жуық қияметтен кейін пойыз Арал станциясына келіп тоқтады. Сол бір "мың болғыр" пойызды жұрт "Бейқам бес жүз жетінші" деп атап кетіп еді. Құдай ондай пойызға мінгізбей-ақ қойсын...
Ол кезде соның өзіне қолың жетсе, тақияңды аспанға лақтырарсың. Қараңғыда сүрініп-қабынып, вагоннан түсіп, ақырып тұрып айналаға қарап еді, көзге түртсе көргісіз, тек станцияның селкеу оттары жылтылдайды. Желтең екен. Еліне келгенде оны алдымен қарсы алған осы жел болды. Қайран Аралдың аңырақай желі! Теңіз лебі сезіледі. Ол кезде теңіз темір жолдың жиегіне дейін жетіп жататын. Қазір ғой дүрбімен қарап таба алмайсың.
Тебіреністен тынысы тарылғандай: дала беттен жусан иісі сезілгендей, Арал аймағында енді-енді тіріліп келе жатқан көктемнің рухы байқалады. Қайран, туған жер!
Едіге станцияны да, оның жанындағы теңіз жағалап жатқан қисық-қыңыр көшелі ауылды да бес саусағындай білетін.
Аласапыранның батпағы етігіне жабыса береді. Бүгін осындағы таныстардың біріне түней кетіп, өзінің шалғайда жатқан Жангелді ауылына ертең ерте аттанбақ болды. Тар көшемен келе жатып, теңіздің жағасынан бір-ақ шыққанын байқамай да қалыпты. Едіге шыдай алмай, теңізге ентелей түсіп, суы сылпылдап жатқан құмдақ жиекке келіп тоқтады. Түнек қойнында жатқан теңіз жағалауға бұқпаланып, атжалдана сорылдап келіп, лезде ғайып болып, қайтып кетеді. Таң алдындағы ай ақшелденіп бұлттардың арасынан ағараңдап, әлсіз сәуле шашады.
Тағдыр жазып, көріскен деген осы екен.
— Армысың, Арал, — деп күбірледі Едіге.
Содан соң бір тасқа барып отырды да, шылым тұтатты. "Контужин адамға темекі тартуға болмайды", — деп дәрігер қатты ескерткеніне де қарамайды. Кейіннен барып бұл қу әдетті тастап кетіп еді. Ал сол отырыста шылым шеккісі келгені рас: түтін деген не тәйірі, одан басқа уайымы да жетіп жатқан. Ендігі тірлік не болмақ? Теңізге шығып, балық ауларға қол-аяғың бүтін, дені-қарның сау болуы керек. Соғысқа дейін ол балықшы еді. Енді ше? Қайыққа мініп, толқын кешуге басы жарамайды. Басы айнала береді. Мүгедек дейтін мүгедек те емес, бірақ бұрынғыдай теңіз кезуге жарамайтыны анық. Басы түскір жарамайды. Бұл ақиқат.
Едіге орнынан тұра бермекші еді, жағалауда жүрген бір ақ итті көзі шалып қалды. Қайдан қаңғырып жүргенін құдай білсін. Су жағалап, дымқыл құмды тіміскілеп қойып, жүгіріп жүр. Едіге итті өзіне шақырды. Ит байғұс арсалаңдап келіп, құйрығын бұлтаңдатып тоқтай қалды. Едіге оның жүндес мойнын ұйпалақтап, еркелетіп қойды.
— Сен қайдан жүрсің, а? Қайдан келдің? Атың кім өзіңнің? Арыстан? Жолбарыс? Бөрібасар ма? Ә, балық іздеп жүр екенсің ғой. Дұрыс, жарайсың, жарайсың! Бірақ та теңіз шіркін жағаға өлген балық лақтырып тастай берер деймісің. Амал нешік? Жүгіресің дағы. Ап-арық екенің де сондықтан ғой, байғұсым. Ал, достым, мен болсам үйіме келе жатырмын. Сонау Кенигсберг деген жерден. Сол қалаға жете берген жерде снаряд жарылып, әрең тірі қалдым. Ендігі күн не болмақ деп ой түбіне кетіп отырмын. Неменеге мөлие қарайсың? Менің саған беретін түгім де жоқ. Орден, медаль сияқтыдан басқа еш нәрсем жоқ. Соғыс қой, достым, айнала ашаршылық. Бар болса, сенен аяп түр дейсің бе?.. Айтпақшы, тұра тұр. Мына бір кәмпит... ұлыма әкеле жатыр едім, жүгіріп жүрген шығар құлыным...
Едіге ерінбестен шалақұрсақ қапшығының аузын ашып, газетке ораған қос уыс кәмпитті алып шықты. Қапшықта кәмпиттен басқа, әйеліне жолда бір станцияда қолдан сатып алған косынка орамал, саудагерден алған екі кесек сабын, екі пар іш киім, гимнастерка, шалбар — бар жүгінің түрі осы болатын.
Аш төбет Едігенің алақанындағы кәмпитті жалап алып, қытырлатып бір-ақ жұтты да, көзіне жанар пайда болып, құйрығын бұлғаңдатып, тағы да мөлие қалды.
— Ал, хош енді!
Едіге түрегелді де, жағалаумен жүріп кетті. "Енді мына таңсәріде біреудің үйіне барып мазаламай-ақ қояйын", — деп станцияға бұрылмастан туған аулы Жангелдіге тура тартты.
Теңіз жағалап отырып Жангелдіге түс әлетінде әрең жетті. Бұрынғы кезде бүл оның екі-ақ сағатта жүріп өтетін жолы еді ғой. Келген бетте қайғылы хабар қақ маңдайынан бір-ақ соқты: жалғыз ұлы әлдеқашан шетінеп кеткен екен. Едігені әскерге алғанда алты айлық бала еді.
Бейшараның көрер сәулесі тым қысқа екен, он бір айлығында өліп қалыпты. Қызамық шығып, ыстықтан іші қызып, үзіліп кетіпті. Балаң өлді деп Едігеге ешкім хатқа жазған жоқ. Несіне жазады? Соғыста жүрген адамда онсыз да қайғы қалың. Ағайын жұрт: "Есіл ер аман-есен қайтып келсе, есіте жатар, қайғырар да қатаяр, хат жазып, хабарламай-ақ қой", — деп еді Үкібалаға. "Бастарың жас, амандық болып, құдай қаласа бала қайда қашады". "Бәйтеректің бұтағы сынса да, діңгегі сынбасын дескен. Дауыстап ешкім айтпаса да, бәрінің көкейінде тағы бір соз бар еді: "Соғыстың аты — соғыс, егер Едіге жазатайым болып кетсе, ақырғы сәтте артымда ұрпағым бар-ау деген үмітпен аттансын..."
Ал Үкібала өкініштен өртене берді. Соғыстан қайтқан ерін құшақтап тұрып, ағыл-тегіл жылай берді. Баланың өліміне өзін кінәлі санаған ол осы күнді әрі сарғая, әрі үрейлене күтіп еді-ау. Көз жасын көл қылып тұрып, еріне болған жайды айтып берді. Ауылдағы кемпірлер ә дегеннен-ақ айтуын айтып-ақ еді, қызамық деген сұңғыла неме деп. Баланы түйе жүн көрпеге орап, үйді қараңғылап жатқыз да, салқын суды бере бер, бере бер, құдай сәтін салса, ыстығы қайтып, балаң аман қалар деген. Ал мен бейбақ сол кемпірлердің айтқанын тыңдамай, көршінің арбасын сұрап алып, баланы станцияға алып жөнелейін. Арба үстінде шайқатылып, станцияға жеткенше бала жолға шыдай алмай өртеніп кетті. Сонда доктор әйел жерден алып, жерге салып, ауылыңдағы кемпірлердің айтқанын неге істемедің деп, жер-жебіріме жетті...
Өліп-талып жетіп, табалдырықтан аттай бергенде Едігенің естігені осындай хабар болды. Сол сәттен бастап қайғыдан қара тастай қатып қалды. Өзі әке болып, жарытып әлдилеп те көрген жоқ еді, сол тұңғыш перзентінің шетінеп кеткеніне, ет жүрегі қазір мұнша елжірер деп кім ойлаған. Содан да ма екен, әйтеуір, баланың жоқтығы қатты батты. Әлі тісі де шыға қоймаған нәрестенің пәк күлкісі кез алдынан кетпей, әке жүрегі сыздап қоя береді. Көңілінің бұзылуы содан басталды. Сағынып келген ауылынан лезде жалығып, құлазып қалды. Теңіз жағасындағы осы бір құмдауыт қыратта бір кезде елуге тарта түтін бар еді. Артель болып, Аралдан балық аулап кәсіп ететін. Енді қараса, жар басында шөпірейіп он шақты ақ үй қалыпты. Еркек атаулыдан ешкім жоқ, бәрін соғыс сыпырып-сиырып әкеткен. Кәрі-құртаң, бала-шаға, оның өзі саусақпен ғана санарлық. Көбі өлместің қамын ойлап, мал баққан колхоздарға көшіп кетіпті. Артель тоз-тоз болыпты. Теңізге шығар жан қалмапты.
Үкібаланың мал баққан сахарадағы төркіндеріне кетіп қалуына да болар еді. Төркіндері іздеп келіп: "Алып кетеміз, мына аласапыран басылып, Едіге аман-есен келсе, сені ешкім де ұстап тұрмайды, балық баққан Жангелдіңе ораласың қайтып", — деген. Бірақ Үкібала үзілді-кесілді көнбей қойды: "Ерімді күтем. Баладан айырылдық. Егерде күйеуім тірі қайтар болса, тым құрыса от басында мен отырайын. Есігі жабылып қалмасын. Мені құдай алмас, ауылда шал-кемпір, бала-шаға бар, соларға себім тиер, шүйіркелесіп күнелтерміз", — деген.
Онысы оңды болды. Бірақ Едіге ә дегеннен-ақ екі қолы алдына сыймай, бұл құлазыған теңіздің жағасында жұмыссыз қалай отырамын деп мазасыздана бастады. Онысы да жөн еді. Едігеге сәлемдесе келген Үкібаланың төркіндері: "Біздің жаққа көшіңдер", — деді. Малды ауылға барып, денсаулығың оңалғанша дем ал Сонан кейін жұмыс та табылар, мал бағарсың... деген. Едіге тәңірі жарылқасын айтты да, келісуін келіспей қойды. Масыл болса қайтемін деп ойлады. Қайын жұртыңа барып, біраз күн мейман болу бір басқа да, қолыңнан іс келмей масыл болу масқара.
Сонда Үкібала екеуі тәуекел деп тас жұтты да, темір жолға . барып жұмыс іздемекші болды. Едігеге қарауылдың, немесе шлагбаумды ашып-жауып тұратын кезекшінің жұмысы табылар деп дәмеленді. Майдангер-мүгедекті жұрт далада қалдырмас деп ойлады.
Сонымен олар сол көктемде жолға шыққан. Қол-аяғы шідерсіз, жас шақтары болатын. Алғашқыда кез келген станцияларда түнеп жүрді. Оңтайлы жұмыс табылмай-ақ қойды. Тұрғын үй жағдайы тіптен қиын еді. Темір жол бойында тұрақсыз кездойсоқ жұмысқа жалданып, өйтіп-бүйтіп күнелтіп жүрді. Үкібаланың дені сау, жас кезі ғой, бар бейнетті сол көтерді. Едіге болса, бір қарағанда әлуетті сияқты көрінер еді де, жұмысқа сол тұрып, бар тауқыметін Үкібала тартатын, пойыздан жүк түсіріп, жүк артатын да сол болатын.
Сөйтіп жүріп олар бір күні Құмбел дейтін үлкен станциядан бір-ақ шықты. Бұл көктемнің орта шені еді. Көмір түсіреді. Көмір тиелген вагондар депоның тасасындағы запас жолға шығарылады да, оларды тез босату үшін әуелі көмір жерге төгіледі. Одан қол арбаға тиеп, маялап үйеді. Бір жылдық қор жасап, үйдей-үйдей үймелер тұрғызады. Бұл бір дозақы жұмыс болатын. Үсті-басың қара күйе, жұтқаның қара тозаң. Қайтесің, күн көру керек. Едіге күрекпен қол арбаға көмір салып тұрады. Оны Үкібала тақта жолмен сонау үйме төбенің басына алып шығып төгеді де, қайта түседі. Едіге арбаны тағы толтырады, Үкібала көтерем аттай қисалаңдап, бар күшін салып, әйелдің әлі келмейтін ауыр жүкті тағы да үйме төбенің басына алып шығады. Ол аз болғандай, күн де шақырайып, қыза түседі. Төбеден күн етіп, көмірдің тозаңы қолқаны қауып, Едігенің басы айналып, құсқысы келеді. Бойынан әл-қуат кетіп бара жатқанын өзі сезеді. Үйме көмірдің үстіне сұлай кетіп, содан қайтып тұрмасам-ау, деп те тістенеді. Бірақ бұған да шыдар еді-ау, әйелін аяйды, қара тозаңға тұншықтырып, Едігенің істейтін жұмысын ол істеп жүргені жанына қатты батады. Әйелінің жүзіне қарауға беті шыдамайды. Үкібала үсті-басын қара тозаң тұтып, тек көзінің ағы мен тістері ғана жылтырайды. Қара суға малынып терлейді. Көмір тозаңы езілген кіршең тер саулап, мойнына, омырауына, арқасына ағады. Едіге дені сау болса, әйелін осындай азапқа салып қояр ма еді! Әйелінің мұндай мүшкіл халін көрмес үшін мына қарғыс атқыр көмірдің ондаған вагонын бір өзі-ақ төңкеріп тастар еді ғой.
Олар туған ауылдан аттанып, мүгедек майдангерге бір жеңіл-желпі жұмыс табылар-ау деп үміттеніп, жолға шыққанда бір нәрсені ескермеген екен. Едіге сияқты майдангерлер әр жерде-ақ толып жүр екен. Бәрі де жаңа тірлікке бейімделіп, жұмысқа орналасуы керек. Тағы да болса Едігенің қол-аяғы сау ғой. Сол бір кезде темір жол бойында аяғы жоқ, қолы жоқ, ағаш аяқ, балдақты мүгедектер қанша еді десеңші. Адамның көптігінен сасық иісі қолқаңды ататын вокзалдың бір түкпіріне тығылып, ұзақ таңды ағарған шақтарда, Үкібала оз күйеуінің он екі мүшесі сау қалғанына шүкіршілік етіп, тәңіріге ішінен талай рет тәуба айтты. Өйткені станцияларда талай-талай мүгедектерді көріп, жаны түршігіп, жүрегі сыздаған. Тозығы жеткен қомыт шинель киген ақсақ-тоқсақтар, қолы жоқ шолақтар, соғыстың сілікпесін керген кемтарлар; екі аяқтан бірдей айырылғандар, балдақ сүйенгендер, біреудің жетегімен жүрген әз-соқырлар, көбісі үйсіз-күйсіз, станциядан станцияға көшіп, асханалар мен буфеттерге анталап, мас болып алып, ақырып-бақырып, жылағанда аза бойың қаза тұрады... Оларды алда не күтіп тұр, орны толмас ойсыраған кемістікті немен толтырмақ? Мына Едіге де осылардың кебін киіп, кем болып қалуы мүмкін еді ғой. Күйеуінің шолақ болып қалмай, молақ болып қалмай, тек контузияға ұшырап, аман-есен оралғанына Үкібала тәубе-тәубе деп, қара жұмыстың қанша ауыры болса да көтеріп алуға құлдық еді. Сондықтан да әбден титықтап, тірсегі дірілдеп, әлі бітіп, қалжыраса да, қабақ шытпай, сыр бермей, шыдап бақты.
Бұған бірақ Едіге шыдай алған жоқ. Бір әрекет жасап, тиянақты орын табу керек болды. Өмір-бақи осылайша қаңғырып жүре беру сұмдық қой. Тәуекелге бел байлап, қалаға да кеткісі келді, кім біледі, жолым болар деді. Құдайдан күндіз-түні тілегені денсаулығы еді, осы бір қасам ұрған контузиядан бір құтылсам деп күйзелді. Денсаулық болса, өз күнін өзі көріп, ешкімге кеудесін бастырмақ емес... Қалаға барып халі қандай боларын кім біледі, мүмкін, басқалар сияқты бұлар да қала тұрмысына бірте-бірте үйренісіп, бейімделіп кетер ме еді... Бірақ тағдыр бұлардың жолын басқа жақтан салды. Сол бір жайтты тағдыр демей не дерсің...
Құмбел станциясында вагоннан түсірілген көмірді маялап күн көріп жүрген сол күндердің бірінде депоның қорасына бір түйелі адам келді. Сірә, бір шаруамен қырдан келген кісі болуы керек. Тәрізі солай көрінді. Әлгі кісі таяудағы алаңқайға түйесін шідерлеп қойды да, жан-жағына қарап, бос қапшығын қолтығына қысып алып, былай шықты.
— Оу, інішек, — деді ол Едігенің жанынан өтіп бара жатып, — айналайын, ана түйеге қарай тұршы, бала-шаға мазалап жүрмесін. Жүгермектердің хайуанды ұрып-соғып, бақыртып, мазасын алатын қу әдеті бар. Тіпті кейде ерігіп, шідерін ағытып жіберетіндері де болады. Мен осы қазір қайтып келемін.
— Барыңыз, бара беріңіз, қарай тұрармын, — деді Едіге күрекпен көсіп-көсіп көмірді қол арбаға салып болып, күйе-күйе дымқыл орамалмен терін сүртіп тұрып.
Тер дегенің бет-аузынан шүмектеп ағады. Үйме көмірді қол арбаға арта беріп, станцияның бұзық балалары тиісіп жатқан жоқ па деп, оқтын-оқтын түйе жаққа көз қиығын салып қояды. Олардың бейбастығын бір жолы көзімен көргені бар. Онда да біреу түйе мініп келіп, осы алаңқайға қалдырып кеткен. Сонда әлгі жүгермектер жетіп келіп, түйенің әбден титығына тиіп еді, түйе бақырып, жынын шашып, оларды қуып кеп берсін. Балаларға сол керек, мәз болып, алғашқы қоғамдағы аңшыларға ұқсап, айқай-сүрең салып, түйені қоршап алып, таспен, таяқпен ұрып, білгенін істеді. Сорлы хайуан иесі қайтып келгенше көресіні көрді-ау сонда...
Бұ жолы да, қайдан пайда болғаны белгісіз, бір топ алба-жұлба жүгермектер айналаны азан-қазан қылып, сау етіп жетіп келді де, футбол тебе бастады. Допты шідерлеулі тұрған түйені көздеп тебеді. Түйе байғұс олардан ығыстай береді, ал балалар бір-бірімен күш салыстырып, түйенің қарнына допты дәл тигізуге тырысып, қатты соғады. Тигізгені торға гол салғандай мәз-мейрам болады...
— Әй, жоғал әрі тиме! — деп Едіге күрегін көтеріп-көтеріп қойды.
— Әйтпесе қазір тұқымыңды тұздай құртам! Түйенің иесі деп ойлады ма, әлде мына адамның сұрапыл түрінен шошып кетті ме, әлде мас екен деп қалды ма, онда тіпті бәле, әйтеуір, балалар бірден шегіншектеп, "Бәледен машайық қашып құтылыптының" керімен, допты тебе-тебе аулақ кетті. Олар бекер қорықты. Түйені әбден айыздары қанғанша доппен ұрып бақырта беруіне болар еді. Едіге тек күрек сермеп доң-айбат көрсеткені болмаса, сол бір қалпында балаларды қумақ қайда! Қол арбаға көмірді бір күреп салғанның өзіне әрең-әрең шыдап тұрған. Дерт меңдеп, әл кетіп, дәрменсіз қалудың қандай қорлық екенін ол бұрын ойлап көріп пе. Басы айнала береді. Тер саулап, ығыр қылады. Көмір тозаңынан тынысы тарылып, көкірегін қара қақырық қыстап, Едіге қалжыраудың шыңына жетті. Соны көріп, Үкібала күйеуінің қолынан күректі өзі алып, отырып дем ал деп, арбаға көмірді өзі тиеп, жоғарыға өзі алып шығып, бар азапты өзі арқалайды. Әйелінің бұл азаптанғаны арқасына аяздай батқан Едіге отыра беруге дәт қылмай, орнынан қайта тұрып, іске қайта кіріседі...
Көп ұзамай әлгі түйесін аманат қалдырған адам, арқасына қап көтеріп, қайта оралды. Жүгін түйеге артып болып, жолға жиналып тұрып, Едігеге таяп келді де, хал-жай сұрасты. Әңгіме бірден арнасын тауып кетті. Бұл Боранды разъезд-бекетінде тұратын Қазанғап екен...
Сөйтсе ол Едігенің жерлесі екен. Туған жері Арал жағалауындағы ауылдардың бірінен болып шықты. Екеуі таныса келе, жақындаса берді.
Сол сәтте бұл кездесу Едіге мен Үкібаланың бүкіл алдағы тіршілігінің тағдырын шешетінін ешкім білген жоқ. Қазанғап оларды Борандыға барып, жұмыс істеуге оп-оңай көндірді. Бірден іші-бауырыңа кіріп, баурап алатын бір адамдар болады. Қазанғаптың ерекше бір қасиеті жоқ-ты, тек өмірдің ыстық-суық өткелегінен өткен қарапайым жанның кісілігін танытты. Түріне қарасаң күнге күйіп оңып кеткен киімі өзіне үйлесімді кәдімгі қаймана қазақ. Ешкінің терісінен илеп тіккен шалбар кигені де тегін емес, түйеге мініп жүруге оп-оңтайлы. Бірақ киімнің парқын білмейтін де кісі емес екені көрініп тұр. Дәу басында теміржолшының анда-санда бір киерлік, өңі түспеген фуражкесі. Аяғында — тарамыстан қырық жерден қиыстырып жамау салған, талай-талай заманды көрген хром етік. Оның бейнетқор қазақ екені күнге күйіп, желге
Тотығып көнтектелген бет-жүзінен, сексеуілдей қатты, қарулы қолынан ақ көрініп тұр. Бейнет мехнатынан күні бұрын еңкіш тартып, атпал иықтары салбыраңқырап тұрады екен, содан болар, орташа бойлы болса да, мойны сорайып көрінеді. Қоңыр қой көздерінде бір ғажап қасиет бар, жан-жағынан әжім үйіріліп, күлімсіреп тұратын сол көздер пайымды да, сұңғыла жанның сыңайынан сыр береді.
Қазанғап ол кезде қырықты алқымдап қалған. Бәлкім, тықырлау мұрты мен бурыл тартқан шоқша сақал оны кекселеу етіп көрсететін шығар. Бәрінен де оның сөзі алымды, салмақты көрінді, еріксіз сендіреді екен. Үкібала бұл кісіні бірден ұнатып, сүйсініп қалды. Айтқан сөзінің бәрі орынды. Айтқаны сонда ақыл еді. "Шырағым, контузияң бар екен, денсаулығыңды кұртып қайтесің", — деген ол сонда. "Едігежан, бұл жұмыс саған қол емес екенін мен бірден байқадым, зорығып тұрсың. Мұндай ауыр жұмысқа жарамайсың әлі. Қарашы, қарайып әрең тұрсың", — деген. "Қазір сен таза ауа жұтып, емін-еркін ағарған ішіп, жеңіл-желпі жұмыс істегенің жөн. Мәселен, бізге жол бойында жұмыс істейтін адам қасқалдақтың қанындай қажет. Менің жаңа бастығым ұдайы маған: "Осы жердің байырғы тұрғынысың ғой, тәуір адамдар болса, шақырсаңшы", — деп мазамды алады. Ал, ондай адамдарды қайдан табасың? Бәрі соғыста жүр. Ал соғыстан қайтқандар болса оларға басқа жерде де жұмыс жетеді. Біздің Борандыны жұмақ дей алмаймын, әрине. Қиындығы көп жер, айнала Сарыөзектің мидай даласы. Жуыр маңда ел де жоқ, су да жоқ. Бір апталық суды алыстан цистернамен алып келеді. Кейде келмей де қалады. Ондай да болып тұрады. Амал жоқ, қияндағы құдыққа барып, суды меске, торсыққа толтырып көлікпен тасимыз. Ертең ерте кеткеннен кешке бір-ақ ораласың. Әйтсе де, әлдеқайда қаңғып жүргенше, осы Сарыөзектің бір пұшпағында оңаша отырғанның өзі артық. Басыңда — баспанаң, тұрақты жұмысың болады. Білмесең — үйретеміз, тез-ақ игеріп кетесің. Өзіңнің мал-жайың болады. Шаруашылыққа қырың болса, мал ұстау қиын емес. Екеуің де азаматсың, тұрмыстарың әлі-ақ жөнделіп кетеді. Денсаулығың да оңалады. Содан соң құдайдың салғанын көресің де, ұнамаса — басқа бір тәуір жер тауып аларсыңдар..."
Қазанғап сонда осылай деп еді. Едіге ары ойлап, бері ойлап, ақыры келісті. Сол күні олар Қазанғапқа ілесіп Сарыөзектегі Боранды бекетіне жүріп те кетті. Сол кездің өзінде Едіге мен Үкібаланың ырғалып-жырғалатын жайы жоқ-ты, ол-пұлын лезде іліп алып, жеңіл-желпі жолға шықты. Егер бақыт деген бар болса, мұны да бір сынап көрейік дей салып еді. Сөйтсе бұл нартәуекел — олардың тағдыр-талайы екен ғой.
Сарыөзектің Құмбелден Борандыға дейінгі сол бір жолы мәңгі-бақи Едігенің есінде қалды. Әуелі темір жолды бойлап отырып, бірте-бірте қиғаштап, белес-белестен асып, шалғайға шығып кеткен сияқты көрінді. Оның себебін Қазанғап түсіндірді. Сөйтсе, темір жол бір заманда шалқып жатқан тұзды көлдің қазіргі құлазыған тақыр-табанын айналып өтеді екен де, төтесінен тартқанда он шақырымдай жол қысқарады екен. Әлі күнге дейін сол тақырдың құрсағынан батпақ борық пен тұз шығып жатады. Көктем сайын осы сортаң жазыққа жан кіріп, былбырап езіліп, өткел бермес батпаққа айналады да, жазға қарай ақ сортаң тартып, келер көктемге дейін тастай қатып, қақайып жатады. Бұл арада бір кезде айдынды қол болғанын Қазанғап Сарыөзекті зерттеген Елизаров деген геологтан естіген. Сол Елизаровпен кейін Едіге араларынан қыл өтпес дос болып кетті. Ол өзі бір ақылды орыс еді.
Ал Едіге ол кезде әлі Боранды Едіге атанбаған. Тек кездейсоқ жол жұмыскеріне жолығып қалған Аралдың қазағы, әлі шаңырақсыз жүрген майдангер, тағдырының тізгінін Қазанғапқа ұстатып, әйелі екеуі жұмыс іздеп, беймәлім Боранды бекетіне жол тартқан. Сол бекетте біржолата тұрақтап қаларын ол сонда әлі бағамдай алмаған.
Көктемде біраз күн ғана реңі кіріп, жасыл тартатын Сарыөзектің шексіз-қиырсыз жазығын көріп Едігенің басы айналғандай болды. Арал теңізінің айналасы да даладан кенде емес. Тек Үстірттің өзі не тұрады. Ал бірақ мынандай сайын сахараны түңғыш рет көруі еді. Сарыөзектің тылсым тынысты құлазыған даласында тек сол даланың ұлылығы мен өз рухының ұлылығын салыстыра алатын адамдар ғана тұра алатынын Едіге кейіннен барып түсінді. Сарыөзектің сахарасы ұлы ғой, бірақ адамның ақыл-ойы сол ұлы дүниені де өз санасына сыйғыза алады. Елизаров акылды кісі еді, замандардың қатпарларында көміліп қалған мұнар-мұнар сырлардың өзін ашып, түсіндіріп айтар еді.
Дәл қазір Қазанғап түйені бұйдасынан алып, алға түсіп, аршындай басып келе жатпаса, Сарыөзектің қойнына сүңги түскен сайын Едіге мен Үкібаланың халі қалай боларын болжаудың өзі киын. Жүк артқан түйенің үстінде Едіге отырған. Түйеге Едіге емес, Үкібала мінетін жөні бар еді. Бірақ Қазанғап, әсіресе Үкібала қояр да қоймастан Едігені түйеге зорлап мінгізді. "Біз дені-қарнымыз сау ғой, сен болсаң әлсізсің, қой енді, таласпа, жүрелік, жол алыс", — деп екеулеп кетіп еді. Түйе әлі қабырғасы қатпаған жас мал еді, сондықтан жолаушылардың екеуі жаяу келе жатқан. Сонда Едігенің қазіргі Қаранары болса ғой, үшеуі бірдей мінгесіп алып, сау желіп отырып үш-төрт сағатта-ақ жетіп қалар еді. Ал сол жолы олар Борандыға түн жамыла әрең жетті.
Әйткенмен, сонда жолды әңгіме қысқартқан сияқты болды. Көбінесе әңгімені Қазанғап айтты да, Едіге мен Үкібала бейтаныс өлкеге қарайлай-қарайлай, оның сөзін тыңдай берген. Қазанғап бұл аймақтың тіршілігін, өзінің Сарыөзекке қалай тап болғанын, темір жолға қалай орналасқанын шертті. Сол бір соғыс аяқталар жылдың алдында Қазанғап небары отыз алты жаста-ақ екен ғой. Туып-өскен жері — Арал қазақтарының ортасы еді. Оның ауылы Бесағаш теңіз жағалап жүргенде Жангелдіден отыз-ақ шақырым жерде екен. Бесағаштан Қазанғап кеткелі арада көп жылдар өтіп кетсе де, ол туған жерге әлі бірде-бір рет ат ізін салмапты. Оның өз себебі бар екен. Қазанғаптың әкесін кулак деп тап жауы ретінде жер аударып жіберген ғой. Сөйтсе, кулак тұрмақ бәлесі де жоқ, асыра сілтеу жаласы жалмаңдап тұрған шақта, тектен-текке жазықсыз айдалғаны анықталып, ақталып, айдаудан туған еліне босанып қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады. Қателесіп, орташа шаруалардың өзін кулак деп айыптап, асыра сілтеу тасыраңдаған заман еді ол Ақтауын — ақтады-ау, бірақ кеш болып қалды да. Отбасы — бір туған бауыр, іні-қарындас, аға-апалары — жел ұшырған қаңбақтай тоз-тоз болып, құлақ естімес, көз көрмес жаққа жосылып, жоғалып кетті. Қазанғап онда жап-жас жігіт қой, ауылдың әпербақан белсенділері күнде жиналыс шақырып, Қазанғапты қыстайды-ай келіп: "Айт, мына халыққа, әкемді жат элемент ретінде дұрыс соттады деп айт. Осы бағытты қолдаймын деп айт. Мұндай әкеден бездім деп айт, менің әкем сияқты тап жаулары жер бетін басып жүрмесін, бәрін де жаппай жою керек деп айт. Айт, айт!"
Ондай дозақы масқараға белшесінен батпас үшін Қазанғап елден безіп, қиян-қиырдан бір-ақ шықты. Самарқант маңындағы Бетпақдалада аттай алты жыл жұмыс істеді. Ғасырлар бойы түрен тимей тусырап жатқан сол даланы мақта өсіреміз деп, енді-енді игеруге кіріскен кез еді. Жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшылар баракта тұрып, арық қазады. Қазанғап жер де қазды, тракторшы да болды, бригадир де болды, екпінді еңбегі үшін Құрмет грамотасын да алды. Сонда жүріп үйленді де. Бетпақдалаға ол кезде табыс іздеп, адамдар жан-жақтан ағыла бастаған. Хиуа маңайынан ағасының отбасына ілесіп, Бетпақдалаға сонда қарақалпақ қызы Бекей де келіп еді. Сөйтсе, Қазанғап екеуі кездесуге жазған екен. Екеуі Бетпақдалада қосылып, содан соң екеуі Арал маңына, Қазанғаптың еліне, ағайын-туған арасына бармақшы болды. Сөйтсе, егжей-тегжейлі ойламастан, албырттық жасаған екен. "Максим" дейтін пойызға талай-талай станцияларда ауысып мініп, апталап жүріп, ақыры Құмбелге де жеткен. Станцияда Қазанғап кездейсоқ өзінің бір-екі жерлестеріне жолығып қалды. Олармен амандық-есендік сұраса келе, Бесағашқа баруға әлі ерте екенін түсінді. Ауылды әлі күнге дейін сол баяғы асыра сілтеуші атқамінерлер билеп тұр екен. Соны есітіп, Қазанғап нілдей бұзылды. Жоқ, ол қорыққан жоқ. Ол қазір Өзбекстанның өзі грамотамен наградтаған сыйлы адам, оған енді атқамінерлер тиісе алмас. Бірақ бір кезде өзін қорлап, жәбірлеп, масайраған жексұрындарды көргісі келмеді. Олар әлі дәуірлеп тұр екен, енді барып, ештеңе болмағандай, қалай ғана солардың қолын алмақ!
Бұл қасіретті еске алуды Қазанғап ұнатпайтын. Бұл жайлы басқалардың әлдеқашан ұмытып кеткенін де түсіне алмайтын. Ал бұл болса сол қасіретті ешқашан ұмыта алмайтынын Сарыөзекке келгеннен кейінгі талай-талай жылдардың ішінде екі рет білдіріп алды. Бір рет өзінің ұлы Сәбитжан көңілін қатты қалдырды да, екінші ретте Едіге абайламай қалжың айтып, жараның аузын қатты тырнады.
Сәбитжан қаладан келген күннің бірінде бәрі жиналып, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып отырған. Әр түрлі әжік-күжік әңгіменің ішінде Сәбитжан дарақылана күліп алып, біздегі коллективтендіру кезінде Синь-цзянға кеткен қазақтар мен қырғыздар енді бері қарай қайтып келіп жатқанын айтты. Коммуна құрып, Қытайекең қысып берсе керек — өз үйлерінде тамақтануға тыйым салынған, кәрісі бар, жасы бар — бәрі қолдарына бір-бір табақ ұстап кезекке тұрып күніне үш рет ортақ қазаннан тамақтанады екен. Қытайлықтар қысып бергенде, баяғы бізден көшкен қазақтар мен қырғыздар жау тигендей малын да, мүлкін де тастай қашып "садағаларың кетейік, кері қарай өткізіңдер", деп біздің адамдардың аяғына жығылып жатқан көрінеді.
— Оның несі жақсы! — деп Қазанғаптың түсі түнеріп, ашу-ызадан еріндері дір-дір етті. Ілуде бір болмаса, оның бүйтіп түнергенін ешкім көрген емес. Сондай-ақ, оның өз баласына бұлай жекігенін ешкім еш уақытта естіп-білмеген. Баласын адам болар деп аңсап, барын аямай бағып-қағып, оқу оқытып, періштедей көретін.
— Оның несіне жетісіп күлесің? — деді тағы да бұрқ етіп, екі шекесі адырайып, тамырларын қан кернеп бара жатып. — Бұл, білсең, сол сорлылардың қасіреті емес пе!
— Енді қалай айту керек? Міне, қызық! — деп Сәбитжан шабаланды. — Болғанды болғандай айтып отырмын.
Әкесі шай шыныны итеріп тастады да, үндеген жоқ. Қайта сол үндемегені арқаға аяздай батты.
— Жалпы, кімге ренжіп, кімге өкпелейсің? — деп Сәбитжан иығын қиқаң еткізіп, таңданған пішін танытты. — Түсінсем бұйырмасын. Тағы да қайталап айтамын — кімге өкпелеу керек? Уақытқа ма — уақыт ұстатпайды. Өкіметке ме — өкіметке өкпелеуге құқың жоқ.
— Сәбитжан, біліп қой. Шамам келгенше мен де өз ісімді өзім білемін. Басқаның ісіне араласпаймын. Бірақ та, ұлым, есіңде болсын, сені мен ақылың жетілді ғой деп жүруші ем, есіңде болсын. Тек құдайға ғана өкпе жүрмейді: өзі берген жанын дәм таусылғанда өзі қайтып алады, оған өкпе жүрмейді. Ал жер бетінде қалған істің бәріне де сұрақ бар! — Осылай деді де Қазанғап ешкімге назар салмай, орнынан тұрды да, үндеместен, ашулы күйі үйден шықты да, жүре берді...
Құмбелдегі алғашқы ұшырасудан соң көп жыл өтіп, Едіге үйлі-жайлы, балалы-шағалы болып, олар өсіп, Борандыға тамыр байлаған кез еді. Бір жолы көктемнің көгілдір кешінде Едіге қораға қоздаған қойларды кіргізіп тұрып, Қазанғапқа абайламай бір қалжың сөз айтып қалды:
— Қазеке, осы сіз бен біз бай болып барамыз-ау деймін. Қайтадан кулак деп айдаса да болғандай!
Қазанғап сонда Едігеге ызғар шаша бір қарады, тіпті мұрты да тікірейіп кетті.
— Сен, шырағым, абайлап сөйле!
— Сізге не болған, Қазеке, қалжыңды түсінбейсіз бе?
— Бұл қалжыңдайтын нәрсе емес.
— Қойыңызшы, Қазеке атам заманғы әңгіме ғой ол..
— Мәселе сонда. Аша тұяқ қалдырмай сыпырып алса да итшілеп күн көресің. Ал қорланған жан жарасы еш уақытта жазылмақ емес...
Бірақ бұл әңгіме Құмбелден Борандыға қарай Сарыөзектің даласымен келе жатқан кезден көп-көп кейін болады. Борандының бекетіне тартқан бұл сапар әлі немен тынатыны белгісіз кез, онда Едіге мен Үкібала тұрақтай ала ма, жоқ па, әлде тағы сандала ма — беймәлім еді. Әңгіменің арқауы сол жолы әншейін өткен-кеткен тіршілік болатын. Әңгіме арасында Едіге Қазанғаптан: "Майданға қалай бармай қалдыңыз, әлде денсаулыққа байланысты қалып қалдыңыз ба", — деп сұраған.
— Құдайға шүкір, денім сау, — деген Қазанғап. — Ешқандай ауру-сырқауым болған емес. Майданға жіберсе, басқалардан кем де соғыспас едім, деп ойлаймын. Бірақ жағдай басқаша болды...
Қазанғап Бесағашқа оралуға бата алмай, Құмбел станциясында қалып қойған. Басқа барар жер, басар тау жоқ. Қайтадан Бетпақдалаға (Мырзашөлге) оралайын десе, тым алыс. Бір келіп қалған соң енді қайтып оралар жөні де жоқ. Аралға тартудың тағы реті келмеді. Сөйтіп жүргенде Құмбел станциясының бастығы бір тәуір кісі екен, ерлі-зайыпты екеуін байқап қалып, неғып жүрген адамсыңдар, қайда бармақсыңдар деп сұраса келе, жұбайлардың еңбекқор момын адамдар екенін көрген соң, өткінші пойызға отырғызды да, Боранды бекетіне аттандырды да жіберді. Борандыға жүмысшы керек, екеуіңнің орайың келіп тұр деді. Борандының бастығына хат жазып берді. Сөйтсе, қателеспеген екен. Борандыға қарағанда Мырзашөл жұмақ екен, онда халық деген көп, жұмыс деген қайнап жататын. Қанша қиын болғанмен, Сарыөзектің шөлінде қанша азап шеккенмен бірте-бірте үйренісе бастады. Үйлі-жайлы болып, тұрмыс құрастырды. Аз ба, көп пе, әйтеуір, өз күн көрісі бар. Ерлі-зайыпты екеуі де жол жұмыскері болып саналғанымен, бекеттегі бар жұмысты атқарады. Қазанғап пен оның жас әйелі Бекейдің отасуы Сарыөзектің елсіз бекеті Борандыда, міне, осылай басталып еді. Рас, сол бір жылдары олар біраз қаржының басын құрастырып алып, ел-жұрты бар станцияға немесе қалаға жақынырақ ауыспақшы да болды, әне-міне деп жүргенде соғыс басталып кетті.
Әне сонан кейін Боранды арқылы эшелон дегендеріңіз батысқа қарай солдат тиеп, шығысқа қарай жер ауғандарды, батысқа қарай астық тиеп, шығысқа қарай жаралыларды тиеп, ағыла бастады дейсің. Өмір шіркіннің өзгергені сонша, тіпті елсіз меңіреу Боранды бекетінің өзі беймазаға айналды.
Семафордың ашылуын талап етіп, паровоздар бірінің соңынан бірі боздайды, қарама-қарсы жақтан да боздауың үн тынбайды... Мұндай зор салмаққа шыдас бермей шпалдар майысып, рельстер мерзімінен бұрын мүжіліп, шытынап кетіп жатты. Жолдың бір жерін енді жөндеп бола берсең, тағы бір жерін жедел жөндеу керек болады...
Адам шіркін де таусылып болмайды екен, эшелондар бірінен соң бірі тынымсыз, апта сайын, ай сайын, соңынан жылдар бойы күндіз-түні майданға қарай жөңкіледі де жатады. Әлем болып не өлім, не өмір деп ата жау боп айқасқан батысқа қарай шексіз ағылған эшелондар...
Көп ұзамай Қазанғаптың да кезегі келді. Майданға жібермекші. Құмбелден әскери пунктке жет деген қағаз түсті. Ең озат жұмыскерді әскер алып бара жатқанда бекеттің бастығы басын ұстап, жылап жібере жаздады. Борандыда жұмыскер дегенің бірлі-жарым ғана ғой. Бірақ оның қолынан не келеді, оны тыңдап жатқан кім бар? Разъезд пойыздарды аттандырып үлгіре алмай жатыр, тез арада қосарлы жол салу керек деп кімге барып айтар? Өйтіп айтса, өзі күлкі болар. Паровоздар боздаған Борандының мұңына қазір кім құлақ асар — жау болса Москва түбінде тұр...
Соғыстың алғашқы қысы да түнеріп, мұнар тартып, азынаған аязымен қоса мезгілсіз ерте келіп есік қақты. Сол таңның алдында түні бойы кар жауды. Әуелі қыламықтап бастап, соңынан екілене түсіп, жапалақтап жауды. Сарыөзектің ұлан-ғайыр даласы, сай-саласы, ойы мен қыры шетсіз-шексіз ақ көрпеге оранды да қалды. Сол-сол екен, жаңа түскен ұлпа қарды ұйпалақтап ойнағансып, Сарыөзектің желі белгі бере бастады. Ол әншейін ойын жолы ғана сияқты жел еді, дауылдатып, құйындатып, қар суырар сұмдығы әлі соңында болатын. Сол сұрапыл соққанда қиырдан қиырға созылып жатқан ұлы даланың шеке тамыры сияқты жіп-жіңішке темір жолдың халі не болмақ? Шеке тамыр соғып тұр — о жаққа да, бұ жаққа да пойыздар ағыла берді, ағыла берді.
Сол күні таңертең Қазанғап майданға аттанды. Ешкім шығарып салған жоқ, жалғыз аттанды. Ерлі-зайыпты екеуі үйден шыққанда, Бекей көзін басып тұра қалып, басым айналып кетті деді. Құндақтаулы баланы оның қолынан Қазанғап ала берді. Бұл әлі емшектегі Айзада еді. Ерлі-зайыпты екеуі ақ карға қаз-қатар із қалдырып жүріп те кетті. Кім біледі, бүл іздердің қатар түсуі соңғы рет шығар... Бірақ Айзада Қазанғапты шығарып салып келе жатқан жоқ, Қазанғап Айзаданы стрелочниктің үйшігіне дейін соңғы рет шығарып салып келе жатқан. Сол арадан Құмбелге баратын жүк пойызына міне салмақшы. Енді ерінің орнына Бекей стрелочник болады. Үйшікке жетіп, екеуі қош айтысты. Түні бойы айтылар сөз айтылған, төгілер жас төгілген. Буын бұрқыратып, паровоз дайын түр екен. Машинист Қазанғапты асықтырып, бол-болдың астына алды. Қазанғап оның қасына отырар-отырмастан, паровоз азыната айқай салып, бірте-бірте жылдамдық алып, жол түйіндерінде дөңгелектері тоқылдап, белін белбеумен буып, орамалды қымқай тартып, ерінің етігін киіп, бір қолында баласы, бұларға семафор ашып тұрған Бекейдің тұсынан да өте берді. Соңғы рет бір-біріне қол бұлғасты... Бекейдің дидары, көзқарасы, қолы, тіпті семафор да соңғы рет қылт-қылт етіп қала берді...
Пойыз болса Сарыөзектің аппақ көрпе қымтанып, тым-тырыс ұйықтап жатқан даласын оятып, арындай алып жөнелді. Паровоздың маңдайынан жел соғады. Пеште жанып жатқан көмір қоқсығының қолқаны атқан қоңырсық иісіне сол жел алып даланың жас қарының уыз иісін әкеліп араластырады... Сарыөзек кеңістігінің қысқы саф ауасын Қазанғап қомағайлана жұта берді, жұта берді. Бұдан былай бұл даланың өзіне өгей емес екенін ол сонда барып түсінді.
Құмбелде әскерге алынғандарды майданға жөнелтіп жатыр екен. Бәрін сапқа тұрғызып қойып, аттарын атап, түгендеп шығып, вагон-вагонға бөлді. Дәп осы арада бір қызық бола қалды. Қазанғап өз колоннасымен вагонға енді мінейін деп жатқанда, военкоматтың бір қызметкері жүгіріп келіп:
— Асанбаев Қазанғап! Асанбаев қайсың? Шық саптан! Ер соңымнан! — деп бұйырды.
Айтты — орындалды.
— Мен — Асанбаев!
— Документ!.. Дұрыс. Өзі екенсің. Ер соңымнан. Станцияның бір бұрышына орналасқан әскери пунктке қайтып келген соң әлгі адам Қазанғапқа:
— Асанбаев, бері қара, үйіңе қайта бер. Қайт үйіңе. Түсіндің бе?
— Түсіндім, — деді Қазанғап түгіне түсінбесе де.
— Онда қара көбейтпей қайқай? Сен боссың.
Аттанып бара жатқан, шығарып салған азан-қазан топтың ортасында Қазанғап не істерін білмей абдырап біраз тұрды. Әуелі мұндай сәті түскен іске қуанып та қалды, бірақ сана түкпірінен бір күдік қылмаң етіп бас көтеріп, сол күдіктен тұла бойы күйіп-жанып қоя берді. Е, бәсе, бәсе! Дереу қалың топты қақ жарып, әскери пункттің бастығына қарай ентеледі.
— Қайда, қайда өңмеңдеп барасың? — деп шу етті бастыққа кіруге кезек күтіп тұрғандар.
— Шұғыл шаруа! Эшелон жүрейін деп түр, шұғыл шаруа! — деп ақыры есікке жармасты.
Темекі түтінінен буалдыр тартқан бөлмеде, жан-жағы толған телефон, бума-бума қағаздардың, қаумалаған адамдардың ортасында қалған, даусы қарлыққан бурыл бас кісі кимелеп кірген Қазанғапқа жақтырмай қарап:
— Саған не керек, не жұмысың бар? — деді.
— Мен келіспеймін.
— Немен келіспейсің?
— Менің әкем асыра сілтеуге ұшыраған адам ретінде ақталған болатын. Ол кулак емес! Барлық құжатты тексеріңдер! Ол орташа шаруа ретінде ақталған.
— Тоқта-тоқта! Не керек өзіңе?
— Мені тек осы себеппен алмасаңдар, онда дұрыс емес.
— Ой, сен оттама. Кулак дей ме, орташа дей ме — кімнің шаруасы бар онда қазір! Өзің қайдан сандалып жүрсің? Кімсің өзің?
— Боранды бекетінен келген Асанбаевпын. Бастық тізімді ақтара бастады.
— Сөйтіп айтпайсың ба, адамның миын ашытқанша. Орташа, кедей, кулак деп! Мә, саған бронь! Сені қателесіп шақыртқан. Теміржолшыларға ешкім тиіспесін, бәрі өз орындарында қалсын деген Сталин жолдастың өзінің бұйрығы бар. Кәне, кесір болма, бекетіңе бар да, жұмысына кіріс...
Олар Борандыға жақындағанда күн де ұясына қонып еді. Жолаушылардың алдынан тағы да темір жол көрінді.
Ары-бері жүйткіп жатқан пойыздардың үні естіледі, алыстан ирелеңдеп бара жатқан вагондар тізбегін байқауға да болады. Сарыөзектің даласында олар аулақтан ойыншық вагондардай болып көрінеді. Сай-саланы, бел-белесті әрі соңғы сәулесіне малып, әрі десе көлеңкемен көлбеп, күн шұғыласы сөніп бара жатты. Жердің бетін болар-болмас буалдыр мұнар басып, ымырт үйіріле берді, ауа көгістеніп, әлі қыстың сызы кетпеген көтемнің жас иісі жер тәнінен сезіліп тұрды.
— Әне, біздің Боранды! — деп қолын алға созды Қазанғап, түйе үстіндегі Едіге мен жанында жортақтап келе жатқан Үкібалаға қарап. — Енді аз қалды, құдай қаласа, кешікпей жетеміз. Дем аласыңдар.
Алдыда, темір жол сәл-сәл орағытып өткен жалаңаш мойнақтан шағын-шағын бірнеше үй, семафордың ашылуын күтіп, қосалқы жолда тұрған ұзын состав көрінеді. Одан әрі, жан-жақтың бәрі аңқиған қу дала, жай қуат ой мен қыр; мелшиіп жатқан шексіз кеңістік, дала, дала...
Едігенің көңілі құлазып сала берді. Теңіз жағалауының даласын көріп өскен Едіге үшін дала таңсық емес, бірақ мұншама қиырсыз қиянды көремін деп ойламап еді. Айдыны сан құбылып жататын көк теңіздің жағасында туып-өсіп енді сусыз тылсым тақырға тап болып түр. Оу, мұнда қайтіп Күн көруге болады?!
Үкібала түйемен қатарласа беріп, Едігенің аяғынан ұстап, біразға дейін қолын айырмай қойды. Едіге айтпаса да түсінді. "Шыда, — деп еді сонда Үкібаланың қолы. — Әйтеуір, денсаулығың сақайса болды. Қалғанын көре жатармыз..."
Сөйтіп олар Борандыға таяп келіп те қалып еді. Сөйтсе бұл олардың бүкіл алдағы ұзақ ғұмырының мекені екен ғой.
Күн қызылы әбден сөніп, қараңғы түсіп, Сарыөзектің аспанында жұлдыздар жамырай жанған кезде, олар Борандыға келіп те жеткен.
Біраз күн Қазанғаптың үйінде тұрып жатты. Одан соң бөлек шығып, сол кездегі жол жұмыскерлерінің барақ үйіне көшті. Осылайша жаңа жайдағы өмір басталып еді.
Әу дегенде Сарыөзектің қу медиенінде қаншама қысылып-қымтырылса да, Едігеге екі нәрсе шипалы болды: бірі — таза ауа, бірі — түйенің шұбаты. Ауа дегеніңіз мұнда сары уыздай саф екен. Мұндай уыз ауа, әй, сірә, басқа жерден табыла қоймас. Шұбат болса, Қазанғап өзінің екі інгенінің біреуін Едігеге байлады.
— Әйеліміз екеуміз ақылдасып көрдік, — деді Қазанғап. — Шүкір, бізге ағарған жетеді, ал Ақбас інгенді сауынға сендер алыңдар. Өзі сүтті, жас мал. Екінші рет төлдеуі. Өздерің бағып, игілігін өздерің көріңдер. Тек ботасын аздырып алмасаңдар болды. Қатынымыз екеуміз келісіп қойдық: ол бота саған берген бәсіре еншіміз болсын. Сақтай алсаң, малыңның тол басы сол Ал кетеміз, көшеміз десең сатып кетерсің, ақша-пұлға жарайды.
Ақбас інгеннің баласы осыдан екі аптадай ғана бұрын туған, құйтақандай қара бас бота болатын. Томпайып қана тұрған екі кішкентай өркеші де қап-қара. Өзі құйтақандай болса да, жасаурап тұратын екі көзі тостағандай, жас баланың жанарындай мөп-мөлдір аяулы көздер. Бота кейде енесінің жанында ебедейсіз тапырақтап, секіріп-секіріп ойнайды да, қорада жалғыз қалса, енесін іздеп адам сияқты аянышты, жалынышты үнмен боздап-боздап қоятын. Оның кейін аты-шулы Қаранар атанатынын сонда кім білген десеңші. Бүкіл аймаққа аты шыққан қайратты да қажырлы Қара нар. Борандының Едігесінің өміріндегі көптеген оқиғалар енді сол Қаранармен байланысты болар. Ал әзірге ол әлі әлжуаз бота ғой, көз жазбастан күтіп, бағу керек еді. Ботаға Едіге де бауыр басып алған, сәл бос уақыты болса, соның жанында жүреді. Қысқа қарай бота кәдімгідей өсіп қалып еді, суық түсе Едіге оны жабулап тастады. Жабудан ботаның басы, мойны, аяғы мен өркеші ғана шығып тұрады да, көзге күлкілі көрінетін. Сол жабумен ол қысты өткеріп, жазғытұрым қорадан шығып, күндіз-түні далада жүретін болды.
Сол қыста Едіге өзінің сақая бастағанын сезді. Басының айнала беретіні қалай қойғанын да байқамай қалды. Бірте-бірте құлағының шуылдап тұратыны да басылды, жұмыс істесе қара терге түсетіні де тыйылды. Ал қыстың ортасында темір жолды үрінді қар басып қалған қауырт кездерде басқа жұмысшылармен бірге қолына күрек алып, іске де кірісіп кететін болды. Жастың аты жас қой, әрі жаратылысынан қайсар жан, бір кезде аяғын әрең ілбіп басатынын да ұмытып, күш-қуаты тасқындап, құлшынып шыға келді. Сонау бір жирен дәрігердің айтқаны келді.
Көңіл-хошы түскен бір сәттерде Едіге ботаны мойнынан құшақтап, аймалап тұрып, оған қалжыңдап та қояр еді.
— Сен екеуміз егіз туған емшектес бауырлармыз ғой. Ақбас інгеннің сүтін еміп сен, міне, зіңгіттей болып өстің. Мен болсам, соның сүтінің арқасында ауруымнан айықтым. Айырмасы, тек сен оның сүтің емсең, мен шұбат жасап іштім...
Арада көп жылдар өтіп, соғыс бірте-бірте ұмытылып, балалар оқуға барып, разъезге су мұнара салынып, су мәселесі біржолата шешіліп, Едіге темір түңкелі үй салып алып, қаншама қиямет қиыншылықтан кейін, өмір шіркін өзінің қалыпты орамын тауып, тұрмыс түзелген заман еді. Қаранардың даңқы дәуірлеп тұрған кез болатын. Әлдеқайдан біреулер әдейі келіп, Қаранарды суретке түсіріп кеткеннен кейін бір күні Едігенің есінде ұзақ сақталар бір әңгіме болды.
Боранды Боранды болғалы мұнда фототілшілердің келуі бірінші рет еді. Олар үшеу болатын. Бәрі де ылдым-жылдым, әрі сөзшең екен. Борандының Қаранары мен оның иелерін бүкіл газет-журналдарға басып шығару үшін арнайы келдік деп, уәдені үйіп төкті-ай дейсің. Бұл даңғаза у-шуды Қаранар жақтырған жоқ "мазамды алмаңдар" дегендей басын аспандата көтеріп, шықшыты бұлтылдап, тісін шықырлатып, бақырып-бақырып жіберді.
Суретшілер "түйені тыныштандыр, былай ұстап тұр, олай ұстап тұр" деп Едігенің де мазасын алып болды. Едіге болса, аз ауылдың күллі қатын-қалашын, бала-шағасын, тіпті Қазанғаптың өзін де шақырып "келіңдер, суретке бәріміз бірге түсейік, жалғыз өзім түсе бергенім жараспас", — деді. Фотосуретшілер бұған да көніп, түрлі аппараттармен сыртылдата берді. Суретке түсірудің ең бір мықты номері Қаранарға бала-шаға бәрі үйме-жүйме жабылып мінген кезде болды. Екі бала түйенің мойнында, арқасында бес бала, бәрінің ортасында Едігенің өзі. Ал, көріңдер, Қаранардың күш атасы екенін! Қыран күлкі, қызық-думан болғаны-ай сонда! Сонан соң фотосуретшілер бураның жеке өзін түсірейік деп едік деп ағынан жарылды. Е, түсіре бер, онда тұрған не бар!
Әне сонда суретшілер Борандының Қаранарын алдынан да, қырынан да, алыстан да, жақыннан да бар өнерлерін салып түсіріп ақ бақты. Содан кейін олар Едіге мен Қазанғапты көмекке шақырып, бураның аяғынан өркешіне дейін, кеудесін, тізесін, тұрқын өлшеп, бәрін қағазға жазып алды. Бастарын шайқап, таң-тамаша болады.
— Тамаша бактериан! Міне, асыл тұқымның сақталғаны деп осыны айт! Бактерианның классикалық түрі!
Кеудесінің керіскедейін қарашы, тұрқының келістісі-ай!
Мұндай мадақ сөздер Едігенің құлағына, әрине, жағып бара жатыр. Бірақ кейбір сөздердің мағынасын түсінбей, "бактериан" дегендерің не деп сұрады. Сөйтсе, ғылымда қос өркешті түйенің түпкі бабасы солай аталады екен.
— Демек, бұл бактериан болды ғой?
— Болғанда да өте сирек алмастай асылы.
— Өлшеп-пішіп жатқаның неге керек?
— Ғылым үшін керек.
Газетке, журналға бастырамыз дегендері борандылықтарды жай алдау еді, бірақ жарты жылдан кейін түйе шаруашылығы бойынша зоотехникалық факультеттерге арналған оқулық кітабын поштамен салып жіберіпті. Кітаптың сыртында бактериан тұқымының асыл тектісі — Боранды Қаранарының суреті қасқайып түр екен. Кітаппен бірге бір бума суреттерді де қоса салыпты. Ішінде түрлі-түсті фотолары да бар. Осы суреттерге қарап, сол бір кездің бақытты бір дәурен екенін аңғаруға болар еді. Соғыстан соңғы қысылшаң жылдар артта қалған, балалар әлі балалықтың бал дәуренінен шыға қоймаған, ересектер бәрі есен-сау, қарттық деген әлі алты қырдың ар жағында алыс жатқан.
Осынау суретші меймандардың құрметіне деп, Едіге бір тоқтыны сойып тастап, Боранды ауылын түгел шақырып, думанды той өткізді дейсің. Шұбат дейсің бе, арақ дейсің бе, басқа түрлі тағам жағы мол болды. Ол кезде разъезге көшпелі вагон-магазин келіп тұратын. Онда құстың сүтінен басқаның бәрі жайнап тұрар еді. Тек ақшаң болсын. Теңіз шаяны, уылдырықтың қарасы, қызылы, балықтың неше түрі, коньяк, колбаса, конфет, тағы басқа тамақтың толып жатқан түр-түрі сіресіп тұратын. Сондай молшылықта, бір қызығы, соны жұрт аса ала да бермейтін Енді ғой әлгі көшпелі дүкен жол бойынан — көзден бір-бір ұшқалы қашан...
Сол бір той-томалақ тамаша өтті. Тіпті Қаранар үшін де тост көтерілді. Сөзден сөз шықты. Сөйтсе, әлгі қонақтар Қаранар туралы Елизаровтан естіген екен. Сарыөзекте менің досым Борандының Едігесі тұрады. Ол әлемдегі түйе біткеннің сұлтаны — Боранды Қаранарының иесі депті. Қайран Елизаров, Елизаров! Сарыөзектің тарихын тамаша білетін ғалым, ғажайып жан... Елизаров Борандыға келген сайын Қазанғап, Едіге үшеуі түні бойы әңгіме соғып отырар еді...
Қазанғап пен Едіге бірінің сөзін бірі іліп алып, меймандарға жергілікті түйе түлігінің ұлы анасы ақбас Ақінген және оның даңқты иесі Найман-ана туралы Сарыөзек аңызын айтып берді. Найман-Ана Ана-Бейіт зиратында жатыр деді. Әне қайда жатыр Боранды Қаранарының шыққан тегі! Осы бір көне тарих туралы мына меймандар газетке бірдеңе жазар деп үміттеніп еді, борандылықтар. Меймандар бұл хикаяны тыңдауын ыждағатпен тыңдады да, өздерінше бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалып келе жатқан осы елдің бір аңызы болар деп қоя салды. Ал Елизаров болса басқа пікірдің адамы еді. Ол Ақінген туралы аңыз ерте замандағы тарихи шындықтан шығуы әбден ықтимал дейтін. Елизаров мұндай аңыздарды тыңдауды ұнатар еді, өзі де сахараның өткен-кеткенінен көп-көп әңгімелер білетін.
Меймандар кешке қарай аттанған. Едігенің көңілі көтеріңкі, кеудесі керіңкі. Сондықтан ба екен, ойланбастан бір сөзді қойып қалды. Қанша дегенмен, меймандармен бірге о да ішті ғой. Бірақ айтылған сөз — атылған оқ.
— Қазеке, осы шыныңды айтшы, — деп еді ол Қазанғапқа сонда. — - Маған осы Қаранарды бота кезінде бәсіре бергеніңе өкініп жүрген жоқсың ба, бәле болып?
Қазанғап оған бір қарап, мырс етті. Едігеден мұндайды күтпеген сияқты. Біраз кідіріп барып:
— Бәріміз де пендеміз ғой, — деді. — Бірақ сен білесің бе, бұрынғылар айтқан: "Мал иесі құдайдан" деп. Бұл құдайдан. Солай бұйырған. Қаранар саған бұйырып тұрған, оның иесі сен болуға жазған. Айталық, Қаранар сенен басқа біреудің қолына түссе, кім біледі, мүмкін, мал болмас та ма еді, өліп қалар ма еді, кім білсін, не боларын... жардан құлап кетер ме еді. Сенің несібеңе тиесілі болған. Менің бұдан бұрын да түйелерім болып еді ғой, жаман да мал емес еді олар. Дәл сол Қаранар туған Ақбас інгеннен олар да туған. Ал сенің бәсірең бәрінен де бірегей болып шықты... Лайым, жүз жыл қызығын көр. Сондықтан әлгі сөзің бекер болды, бекер...
— Кешір, Қазеке, кешіре гөр, — деп Едіге ойланбай айтқан оспағына қатты қысылып қалды.
Осы әңгіме барысында Қазанғап өзі байқап-бағамдаған бір сырды айтты. Аңыз бойынша, асыл нәсіл Ақінген жеті боталаған екен — төртеуі ұрғашы, үшеуі еркек екен. Содан былай ұрғашылары ақбас, сары болып келеді екен де, еркектері қарабас, қоңыр түсті болып туады екен. Әне, Қаранар сондай тұқым. Ақбас анадан қара түйе туған. Оның асыл Ақінгеннің ұрпағы екенінің шын белгісі осы. Әне, содан бері қай заман — екі жүз жыл ма, үш жүз жыл ма, бес жүз жыл ма, а бәлкім, одан да көп шығар, Сарыөзектің даласында Ақінгеннің тұқымы үзілмей келеді. Анда-санда, арагідік Борандының Қаранарындай асыл-сырттан туғандары да кездесіп қалады. Едігенің ырысы бар екен, Қаранар соған бұйырып туыпты...
Күндердің күнінде Қаранар күйі келіп, жанына адам жолатпай, құтырынып, бәленбай күн айдалаға жоғалып кетіп, жұртты үрейлендірген шақ туғанда "Енді не істейміз, піштіріп тастау керек пе, әлде кісендеп қою керек пе", — дегенде, Қазанғап Едігеге турасын бір-ақ айтты:
— Ықтияр өзіңде. Жан тыныштығыңды ойласаң — піштіріп, атан етіп жібер. Ал, атағым шықсын десең — тиме. Ондай жағдайда, анау-мынау оқиға болса, бар жауапкершілікті өз мойныңа ал. Күш-қуатың, шыдамың жетсе — шыда: үш жылдай жынданады да, одан кейін мұрнын тескен тайлақтай соңыңнан ілеседі де жүреді.
Едіге Қаранарды піштірмеді. Дәті шыдамады, қолы көтерілмеді. Бура қалпында қалдырды. Бірақ сол үшін кейін көзінен қан сорғалаған кезі де болды...
V
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара cap даланың кіндік тұсы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Таңертеңге бәрі де дайын болған. Қазанғаптың денесін киізге қымтап орап, сыртынан арқанмен шандып тастап, трактордың тележкесіне таза шөп төсеп, соның үстіне жайғастырды. Қас қарайғанға қалмай, кешкі бес-алтылар шамасында зираттан кері оралу үшін кібіртіктемей ертелетіп аттанған жөн еді. Баруы отыз шақырым, қайтуы отыз шақырым зират басындағы жұмыс — қарап тұрсақ, Қазанғаптың ас-суын тек кешкі алтылар шамасында ғана беруге тура келеді. Сол шамаға оралайық деп бұлар жолға да шыққан. Бәрі де дайын болған. Кеше кешке-ақ жабуланып қойған Қаранарды жетегіне алған Едіге жұртты асықтырып жүр. Жұрт деген жүріп алады ғой. Едіге өзі түні бойы көз шырымын алмаса да, жағы сопайып, жүдеңкірегені болмаса, үсті-басы тап-тұйнақтай, қунақы көрінеді. Сақалын мұқият қырған, бурыл мұртты, бурыл қас Едіге бүгін үстіне тек бір киерін ілген екен; хром етік, молдау пішілген шибарқыт галифе шалбар, ақ көйлек, қара пиджак, теміржолшының сәнді фуражкасы. Омырауында майдангерлік ордендер мен медальдар жарқырайды, тіпті бесжылдықтардың озаты белгілерін де тағып алыпты. Мұнысы өзіне жарасады һәм сұс беріп тұрғандай. Қазанғапты соңғы сапарға шығарып салар шақта Борандының Едігесінің дәл осындай болғаны да керек шығар.
Марқұмды шығарып салуға үлкен-кіші бәрі тегіс жиналған. Бәрі де тележкенің жанында үймелеп, трактордың қозғалуын күтіп тұр. Әйелдер жағы тынбай жылайды. Ойда жоқта Борандының Едігесі қалай сөз бастағанын өзі де байқамай қалды:
— Біз қазір Сарыөзек жерінің ең қасиетті зираты — Ана-Бейітке аттанамыз. Қазанғап марқұм тек сонда қоюға лайықты. Өзінің өтініш-арызы да солай болатын. — Едіге енді не десем екен дегендей ойланып тұрды да, сөзін сабақтады. — Марқұмның пешенесіне жазылған дәм-тұзы таусылған екен де. Бұл кісі біздің разъезде аттай қырық төрт жыл жұмыс істепті. Бүкіл өмір десе де болады. Ол осы жерде жұмыс істей бастағанда бұл арада су мұнарасы да жоқ еді. Суды бір аптаға цистернамен бір-ақ таситын. Ол кезде қазіргідей құрал-сайман, машиналар жоқ болатын. Керек десең, мына қазір Қазанғаптың сүйегін салған трактор да жоқ еді ғой. Бірақ та пойыздар үнемі жүріп тұрды, оларға әрдайым жол ашық еді. Борандыда Қазанғап өз қызметін адал атқарды. Ол жақсы кісі еді. Оны бәрің де білесіңдер. Ал енді біз қозғаламыз. Бәріміз жүруге көлік те жоқ, қажеті де жоқ. Әрі десе темір жолды да иесіз қалдыруға болмайды. Біз зиратқа алтауымыз барамыз. Марқұмды дұрыстап тұрып қоямыз. Сендер біздің келуімізді күтіңдер де, ас-суға дайындалыңдар, бірің қалмай қонақасыға келіңдер. Мына Қазанғаптың балаларының — мына ұлы мен қызының атынан бәріңді де шақырғаным осы...
Мұның өзі Едіге әдейілемесе де, кішігірім қаралы митинг сияқты болып шықты. Сонымен олар жолға шықты. Борандылықтар тележке тіркелген трактордың соңынан біраз ілесіп жүрді де, ауыл шетінде шоғырланып қалып қойды. Біразға дейін айқайлап жылаған дауыс естіліп тұрды — бұл Айзада мең Үкібаланың жоқтауы еді...
Артта дауыс тыйылып, бұл алтауы темір жолдан алыстап, Сарыөзектің даласына сүңги түскен кезде, Едіге демін бір алды. Қарбалас, қараң-құраң тыйылды, ендігі мақсат айқын.
Күн едәуір көтеріліп, Сарыөзектің атырабын жарқын нұрға молынан малды. Күн өлі қоңыр салқын, жүрісті қинайтын қырсық та жоқ сияқты. Күллі көк әлемнің жүзінде, зау-заңғар биікте екі қарақұс әдетінше қалықтайды, анда-санда аяқ астынан қымсына әндетіп, қанаттары қалтырап, бозторғай пыр етіп ұша жөнеледі. "Көп кешікпей, алғашқы қар түсер-түспес, бұлар да топ-топ болып ұшып кетеді", — деп қойды ішінен Едіге. Көз алдында алғашқы жапалақтап жауған қар, сол мұнарда топ-тобымен ұшқан құстар келді. Неге екені белгісіз, ана бір жолы түнделетіп темір жолға жүгіріп келген түлкі есіне түсті. Сол түлкісі түскір ілесіп келе жатқан жоқ па екен деп, жан-жағына ұрлана қарап та қойды. Сол түні Сарыөзектің даласынан ғарышқа отқа оранып ұшқан ракетаны да есіне алды. Қайдағы-жайдағы ойыма орала бергені несі деді де, оның бәрін ұмытуға тырысты. Жол алыс болса да, дәл бүгін сені ойландыратын ондай-ондай қайдағы-жайдағы емес қой...
Қаранарға мінген Борандының Едігесі Ана-Бейітті бетке алып, қаралы керуенді бастап келеді. Жол ұзаған сайын Қаранар да кең көсіліп, өзінің үйреншікті бүлкіліне басты дейсің. Біле білген кісіге Қаранар осындай сау желісте өте-мөте әсем көрінер еді. Иір мойынды асқақтаған басы толқын үстінде бір қалыпты қалықтап келе жатқан сияқты: тарамысты аршын аяқтары жер танабын талмай сыдыртып, ауаны қайшылап бара жатқандай. Қос өркештің ортасындағы аша үстінде Едіге қасқайып, нық та жайлы отыр. Иесінің бұйрығын тақымынан танып, қамшы салдырмай салып ұрып келе жатқан Қаранарға Едіге дән риза. Едігенің омырауындағы ордендер мен медальдар ырғақтан сыңғыр-сыңғыр қағып, күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Онысы бірақ Едігенің көңілін бөлген жоқ.
Соңында тіркемелі "Беларусь" тракторы келеді. Кабинаға тракторшы бала Қалибекпен қатар Сәбитжан отыр. Кеше ол борандылықтарға радио-ерікті адамдар туралы, тағы басқа әжік-күжік судырақ әңгіме айтып отырып, арақты тәуір-ақ сілтеп жіберген екен, енді еңсесі түсіп, үн-түнсіз қалыпты. Басы былқ-сылқ етіп, ары-бері бұлғақтай береді. Көзілдірігін сындырып алар ма екен деп Едіге уайымдасын. Тіркемелі тележкеде Қазанғаптың сүйегінің қасында қайғырып Айзаданың күйеуі отыр. Күнге шағылысқан көзін сығырайтып, анда-санда жан-жағына қарап қояды. Дәл бүгін осы масыл маскүнем кәдімгідей адам сияқты мінез танытқаны. Аузына бір тамшы арақ алған жоқ. Кез келген іске беріле кірісіп, көмегін де аямады. Өлікті үйден шығарарда, сүйекке иығын тосып, көтерісіп шықты. Едіге оны артына мінгестірмекші еді, мінбей қойды. "Жоқ, мен қайын атамның қасында боламын. Жол бойы жанында отырамын", — деді. Мұнысын Едіге де, Борандының басқа адамдары да құп көрді. Үй алдынан аттанарда тележкедегі Қазанғаптың киізге құндақталған денесін ұстап отырып, жұрттың бәрінен де қатты күйзеліп жылаған осы болды. "Бәлкім, бұл ақылы кіріп, ішкенін қойып кетер, а? Ондай күн болса, Айзада мен балаларын құдай жарылқап, бақтары жанар еді", — деп Едігенің іші жылып қалған.
Айдалада түйелі адам бастаған осы бір шап-шағын да тосаңдау қаралы керуеннің соңында доңғалақты "Беларусь" экскаваторы келе жатыр. Оның кабинасында Еділбай мен Жұмағали отыр. Негрдей қап-қара, төртбақ Жұмағали руль ұстаған. Ол өзі әдетте бұл экскаватормен темір жол бойының түрлі жұмыстарын атқаратын. Борандыға келгеніне де көп болған жоқ, тұрақтап қалар-қалмасы әлі белгісіз. Өзі жанындағы Ұзынтұра Еділбайдың иығынан-ақ келеді. Екеуі әлденеден жол бойы тынбастан әңгімелесіп отыр.
Бекеттің бастығы Оспан азамат жігіт екен. Радъездің маңдайына біткен техниканың барлығын Қазанғапты жерлеуге босатты. "Жол алыс, оның үстіне қабірді қолмен қазсаңдар, кешке дейін қайтып оралмайсыңдар; әрі десе мүрдені терең қазып, мұсылманша бүйірлеп, ақымдау керек қой", — деп жас бастық өте бір ақылды сөз айтты.
Борандының Едігесіне әуелі бұл ұсыныс тосындау көрінді. Қабірді қолмен қазбай, экскаватормен қазу керек деген оның қаперіне де кіріп-шықпаған, ондай болады деп тіпті ойламаған. Күдікке күпті кейіппен маңдайы құрысып, Оспанның алдында үнсіз отырып қалған. Оспан да амалын тауып, шалды ақыры көндірді-ау.
— Едеке, былай болсын. Көңіл күпті болмас үшін әуелі қабірді күрекпен қазыңыздар, бірер күрек ырымын жасаңыздар да экскаватормен бір сәтте бітіресіздер. Сарыөзектің топырағы өзіңіз білесіз ғой, тас болып қатып қалған. Экскаватормен керегінше тереңдетіп алып, қырнап-қашау жұмысын тағы да күрекпен тамамдайсыздар.
Енді міне Сарыөзектің қойнына сүңги түскен сайын Едіге Оспанның әлгі айтқан ақылына тәнті бола берді.
Мұндай амал өзінің ойына келмегеніне таңғалды да. "Құдай оңдап, Ана-Бейітке жетсек, Оспан айтқандай, істі тез бітірерміз", — деп қойды. Бір тәуір жерді таңдап алып, әуелі жердің бетін сүймен, күрекпен босатады. Сүймен күрек тележкеде жатыр. Топырақ сәл-пәл алынған соң іске экскаваторды салады. Қабір әбден тереңдеп болған соң, марқұмның басын қасиетті Қағбаға қаратып қою үшін бүйірлете лақаттап, ақым қазады. Оны, әрине, күрекпен оймаса болмайды. Құдай жолына да қиянат жоқ, жұмыс та тез бітеді.
Осы ойды діттеп, алдын түйе мінген Борандының Едігесі бастап, ортасында тележкелі трактор, соңын қол-аяғы серейген, маңдайында күрегіші бар, арт жағында арбиған шөміші бар, тоңқаңдаған қоңыздай боп экскаватор қостап, қаралы керуен қаздай тізіліп, біресе белестен бір көрініп, біресе ойпаңға құлап, енді бірде жазыққа түсіп, жөңкіліп бара жатқан-ды.
Қырқаның ар жағында тасаланып қалған разъезге соңғы рет бұрылып қарай бергенде, Едіге трактормен қатарласа ынты-шынтысымен жүгіріп келе жатқан сары төбет — Жолбарысты көріп, аң-таң қалды. Бұл қай уақытта ілесіп жүр? Мәссаған, керек болса! Борандыдан шыға берісте бұл төбет жоқ сияқты еді. Мұндай иттігін білсе, Едіге оны шынжырлап кетер еді ғой. Ой, кәззәп! Едіге Қаранарға мініп, бір жаққа шықса-ақ болды Жолбарыс, әйтеуір, амалын тауып, ілесе жүреді. Міне, қазір де жер астынан шыққандай лезде пайда болды. "Е, мейлі", — деді Едіге. Ауылға қайта қуып жіберейін десе, едәуір жер, әрі десе итке бола уақыт өткізіп жүре ме. Ілессе-ілесе берсін. Иесінің бұл ойын біліп қойғандай-ақ, Жолбарыс тракторды басып озып, Қаранармен қатарласа берді. Едіге оған қамшысын кезеп-кезеп қойды. Төбетің мыңқ да деген жоқ. "Бәрібір кешіктің" дегендей. Мұндай жолға оны шығармайтын не кінәсі бар сонша. Кеудесі керіскедей, жүндес мойны күжірейген, кесік құлақ, ақылды көзі сабырлы сары төбет Жолбарыс өзінше сымбатты да келісті еді.
Ана-Бейітке төтесінен тартқан жолсыз жол бойында Едігенің есіне нелер түспеді дейсің. Көкжиектен көтеріле берген күнге қарап қойып, уақыттың толқынына көз жіберіп, Едіге сол баяғы өткен-кеткенді еске алды. Қазанғап екеуінің жас кезі есіне түсті. Ол кезде бұлар тепсе темір үзген күшті еді. Борандыны тіреп тұрған тұрақты жұмысшылар да осылар еді. Басқалары келуін келіп, көп шыдай алмай, көбісі кетіп қалатын. Қазанғап екеуінің сәл-пәл тыныстауға да уақыттары жетпейтін. Өйткені разъездегі кез келген зәру жұмыстың бәрін, амал жоқ, осы екеуі атқаратын. Қазір ғой осыны біреуге айтудың өзі ыңғайсыз - — жастар жағы: өй, өзін-өзі азапқа салған көрі ақымақтар, — деп күледі. Неменеге сонша тыраштандыңдар, — дейді. Рас-ау, не үшін тырбыңдай берген десейші? Е, демек, солай істеу керек болғаны да.
Бір ретте жолды үрінді қардан тазартып, екі тәулік бойы тыным таппай, күртік аршығандары бар. Түн қараңғысында жолға жарық түсіру үшін паровоз әкеліп, шамын жағып қойды. Қар борап, боран ұлып, ұйтқып тұр. Бір жағын тазалап жатсаң, бір жағынан үйіп тастайды. Күн суық еді деген сөз бе: суықтығы сонша бет-ауыздары домбығып кетті. Бес минутқа паровоздың ішіне кіріп, жылынып алған болады, одан шыға берсең қайтадан сол Сарыөзектің сайтаны соғып тұрады. Паровоздың өзін қар доңғалағынан асыра көміп тастады. Жаңа келген жүмысшылардың үшеуі екі тәуліктен кейін тайып тұрды. Сарыөзектегі өмірді әке-шешесінен түк қалдырмай боқтап кетті. Біз немене тұтқынбыз ба, тұтқынға да түрмеде ұйықтап алуға мүмкіндік береді, деп кетті. Ал таңертең жол тазарып, пойыздар жүре бастағанда, пойыздың үстінде тұрып, ысқырып-ысқырып қоштасқандағы түрлері:
— Ей, ақымақ бастар, маңғыт, ауыздарыңа — саңғыт! — деп қорлап бара жатты.
Сол бір көргенсіздердің боқтық сөзі түк емес-ау, ең қиыны сол үрме қардың үстінде Едіге Қазанғаппен төбелесіп қалды ғой. Болған сондай бір сойқан. Түнде қимылдауға мұрша келмей қалды. Қар толастамайды, жел деген жексұрын жан-жағыңнан қабаған итше жұлмалайды. Желден құтылар жер жоқ. Паровоз жылытпақ боп, буын бұрқыратады. Онысынан не пайда, қайта жан-жағыңды тұман қаптайды. Паровоздың маңдайындағы шамның жарығы содан өлімсіреп қалады. Әлгі үш жүмысшы кетіп қалған соң, Едіге Қазанғап екеуі қарды түйе жеккен сүйретпемен тазалауға кіріскен. Жегулі түйе екеу еді. Жүрсеші, жайрағырлар, мына жынойнақ боран олардың да титығына тиіп, сүйек сүйегінен өтіп барады. Күресін қар дәл кеуделерінен келеді. Қазанғап алдыға түсіп, түйелерді езуінен тартады, ал Едіге болса сүйретпеде тұрып, арттан қамшылайды. Осылайша олар түн ауғанша арпалысты. Ақыры болдырған түйелер қар үстіне құлап түсті, енді өлтірсең де тұрмайды. Не істеу керек? Боран басылғанша жұмысты қоя тұрғаннан басқа амал жоқ. Екеуі бораннан бой тасалап, паровоздың ығында тұрған.
— Жетер, Қазеке, паровозға кіре тұрайық, күннің райын байқап көрерміз, — деп қалды Едіге мұз боп қатқан қолғаптарын бір-біріне қаққылап тұрып.
— Күн райынан қайыр жоқ. Жолды бәрібір біз тазалаймыз. Күректі ал қолыңа, қарап тұруға қақымыз жоқ.
— Немене, біз адам емеспіз бе?
— Адам еместер — қасқырлар тағы басқа хайуандар — қазір ін-інінде тығылып жатыр.
— Ой, оңбаған! — деп Едігені жын қысып кетті. — Саған салса — арам қатсын дейсің ғой, өзің де арам қатасың осы жерде! — Едіге оны жақтан періп кеп жіберді.
Сол-ақ екен, екеуі айқаса кетті, бір-бірінің аузын қанатты. Тағы да болса, паровоздан кочегар дер кезінде жүгіріп шығып екеуін ажыратып жібергені абырой болды.
Әне, сөйткен Қазанғап еді ғой бұл. Енді сол Қазанғаптай кісі қайда бар? Жоқ енді Қазанғаптар. Соңғы Қазанғапты жерлеуге әкеле жатыр. Марқұмды жер қойнына тыға салып, иманың саламат болсын! — деген сөз ғана айтылады. Сонымен бітті. Әумин!
Осылай ойлап, Борандының Едігесі естен шыға бастаған құрая сөздерін ішінен қайталап қойды. Зират басында жүйе-жүйесімен айтуға тиіс. Құдайға бағышталған құран сөзін есіне рет-ретімен түсіріп алмаса болмайды. Құдайдың мекені белгісіз, өзі көзге көрінбес. Тіршіліктің басталуы бар, аяқталуы бар. Туу бар, өлу бар. Бір-біріне қарсы, қайшы құбылыс. Адамзат санасын осы қайшылыққа амалсыз көндіретін бір құдайдың әмірі. Құран дұғасы сол үшін ойлай табылған. Е, құдай, тудырған екенсің, адамды неге өлтіресің? — деп құдайға айқайлап айтып жеткізе алмайсың ғой, ол бәрібір естімес, естісе де үндемес. Дүние дүние болғалы адам баласы өлімге қарсы бола тұра, амал жоқ, көніп келеді. Содан бері дұға да өзгермес, дұға сөзі: ей, адам, бекер ғайбаттанба, құдайдың салғанына көн, деп жұбату айтады. Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы саф алтындай сараланған дұға сөзі тірілердің өліге айтатын ең ақырғы сөздерінің ішіндегі ең соңғы сөзі. Салт солай.
Дүниеде құдай бар ма, жоқ па, мәселе онда емес. Бірақ адам көбінесе оны жаны қысылып, басына іс түскенде ғана есіне алады. Бұл, әрине, күнә. Басы ауырмаса, құдайын ұмытып кетеді, деп дінсіздер туралы, сірә, бекер айтылмаған болуы керек. Солай ма, жоқ, солай емес пе, бірақ бәрібір дұғаны білген жақсы, деп ойлады Едіге.
Тракторларда келе жатқан жолаушы жолдастарына қарап қойып, Едіге олардың ешқайсысы құран сөзін білмейтініне қатты ренжіп, қынжылды. Оу, олар кейін бірін-бірі қабірге қалай қоймақ? Өлген адамды ақырғы сапарға қандай сөзбен шығарып салмақ? "Хош, жолдас, есімізде сақталасың", — деген сияқты далбаса сөзбен біте ме?
Облыс орталығында Едіге бір рет өлік шығаруға қатысқаны бар. Сонда Борандының Едігесі жағасын ұстап, таңғалды — зират басы тура бір жиналыс дерсің: табытта жатқан өліктің алдына шығып алып шешен немелер қағазға қарап, бірінің айтқанын бірі қайталап оқып шығады; марқұмның қай қызметте кім болып істегенін, қалай, кімге кызмет еткенін тізбектеп шығып, музыкасын ойнатты да, моланың үстіне гүл үйіп тастады. Сонда тумақ, өлмек деген не, не мән бар деген сөз солардың бірде біреуінің аузына түспеді-ау, сабаздарың, Тумақ бар, өлмек бар деген сөз сол дұғада айтылған ғой. Сонау қадим заманнан бері адам сана-білігінің тәжіндей болған дұға ғой ол Ал шешен немелер бұған дейін ешкім өлмегендей, енді бұдан былай ешкім өлмейтіндей сөйледі-ау сонда. Өлімсіз бейбақтар сол! Беттері шылп етпей шындыққа қарсы шығып, өлген адам туралы: "Ол енді өлімсіз, мәңгі жасайды!" — деп көкіді-ау.
Едіге мына даланың жымын жақсы білетін. Әрі десе Қаранардың үстінде ол көш жерге дейін айқын көріп келеді. Ол Ана-Бейітке Сарыөзекпен төтелей тартып отырды. Тек тракторлардың жүруіне ыңғайлы болсын деп, жыра-жыраларды ғана айналып өтеді.
Бәрі де діттегендей болып келеді. Жылдам да емес, баяу да емес, орта жүріспен олар жолдың үштен бірін артқа салды... Иесінің әмірін тақымынан-ақ таныған Қаранар сол баяғы бүлкілінен бір танған жоқ. Соңынан тележкесін сүйреп, трактор тырылдайды, оның артынан доңғалақты "Беларусь" экскаваторы да салып ұрып келеді.
Бірақ алда оларды болжап болмас жағдаят күтіп тұрған. Адамның ойына келмейтін нәрсе, алайда Қазанғапты жерлеу мәселесі Сарыөзек космодромындағы жағдайларға тікелей байланысты болып шықты...
Дәл осы кезде "Конвенция" авианосеці сол бұрышты өз орнында, Тынық мұхиттағы Алеут аралдарының түстігін ала, әуе жолымен алғанда Владивосток пен Сан-Францисконың дәл ортасында тұрған.
Мұхит райы өзгермеген. Түске дейін күн жарқырап, шексіз су әлемнің беті жарқ-жұрқ етіп құлпырып жатқан. Көкжиекте ауа райы өзгере қоятындай еш белгі байқалмаған.
Төбеден төніп тұрған қауіп-қатер болмаса да, авианосецтің үстінде сірескен сақтық орнаған; самолеттер де, ішкі қауіпсіздік тобы да, бәрі-бәрі сақадай сай тұрған. Қауіпті мұндағылар жер бетінен емес, космостан тысқары жақтан күткен.
"Трамплин" орбитасы арқылы "Конвенция" бортына Орман Төс планетасындағы паритет-космонавтардан келіп түскен хабар Бірбасор жетекшілері мен арнайы өкілетті комиссия мүшелерін қым-қуыт қарбаласта қалдырды. Естері шыққаны сонша, мына басқа түскен жағдайды екі жақ өз мүдделері мен көзқарастарына байланысты екі бөлек талқылап, содан кейін ғана бірігіп отырып, пікір алыспақ болды.
Адамзат ашқан жаңалықтардың ішіндегі теңдессіз жаңалықтан — жерден тысқары Орман Төс планетасында цивилизация бар екенінен әлем әлі хабарсыз еді. Тіпті осы бір айрықша оқиғадан өте құпия түрде хабардар болған екі жақтың үкіметі де, паритет-космонавтардың бірінші хатынан басқа жағдайдан әлі мәліметсіз еді. Білікті комиссиялардың мәмлелі көзқарасын күтулі болатын. Бүкіл авианосецтің аумағында қатаң тәртіп орнатылды: самолеттерді қоса, ешкім де өз орнын тастап кетуге құқы жоқ. Қандай бір себеппен болмасын, кемеден ешкім де кетуге тиісті емес. Және де ешқандай басқа кеме "Конвенцияға" айналасы елу шақырымнан бері жақындамауы керек. Бұл аймақтың үстімен ұшатын самолеттер бағыттарын өзгертіп, авианосец тұрған жерден ең кемі үш жүз шақырым аулақтан өтетін болды.
Сонымен, екі жақтың бірлескен мәжілісі үзіліп, әр комиссия "Демиург" программасындағы өз басшыларымен бірге жеке-жеке кетіп, 1 — 2 және 2 — 1 паритет-космонавттардың ғылымға белгісіз Орман Төс планетасынан жіберген хабарын талқылай бастаған.
Олардың сәлем сөзі ойлап ой жетпес астрономиялық алыс қиырдан келіп еді:
"Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Біз Жер планетасы үшін трансгалактикалық хабар жүргізіп отырмыз!
Мұндағы көріп-білгеніміздің бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Жер тілінде айтып жеткізу қиын. Бірақ ортақ, ұғымдар да көп.
Мұндағылар адам сияқты жандар. Кәдімгі өзіміз сияқты адамдар! Әлемдік эволюция жасасын! Мұнда да жалпы көпшілікке тән принциппен эволюция адам баласын жетілдіріпті. Шет планеталық адамның тамаша түрі бұл! Түр-түсі қара торы, шаштары көгілдір, көздері күлгін-жасыл түсті, кірпіктері аппақ, қою келеді екен.
Олар біздің орбиталық станцияға келіп тіркелгенде, біз оларды мөп-мөлдір скафандрлардың ішінен көрдік. Олар өз кемесінде тұрып, жылы жүзбен күлімдеп, бізді өздеріне шақырды.
Біз сөйтіп бір цивилизациядан екінші цивилизацияға қадам бастық.
Бұрандалы ұшқыш аппарат сәуле жылдамдығымен ұшып ала жөнелді. Кеме ішінде ол жылдамдық бізге сезілген жоқ, уақыт толқынын бұралықтап, біз шексіз Әлем құшағына еніп кеттік. Ең әуелі көңіліміз ауып, жанымызды кездейсоқ жай таптырған нәрсе — салмақсыздық жағдай мұнда мүлде жоқ екен. Мұндай кереметке бұлардың қолы қалай жеткені әзір бізге беймәлім. Олар орысша, ағылшынша сөздерді араластырып: "Белком наш Звезда" — "Біздің Жұлдызға сәт сапар", — деп түңғыш рет тіл қатты. Сонда біз кәдімгідей зейін қойсақ, бір-бірімізбен сөйлесе алатынымызға көзіміз жетті. Осы бір көгілдір шашты жандар бойшаң келеді екен — бойлары екі метрдей бар. Олар бесеу еді: төртеуі еркек, біреуі әйел Әйелдің ерекшелігі бойында емес, әйелге тән сымбаты мен түр-түсінің ақ құбалығында еді. Барлық көгілдір шашты ормантөстіктер біздің солтүстік арабтар сияқты нағыз қара торының өздері екен. А деп кездескеннен олардың бөтен пиғылы жоқ екеніне көзіміз жетті.
Олар үшеуі ұшқыш аппараттың пилоттары екен де, бір еркек пен әйел жер тілінің білгірлері екен. Осы екеуі космостағы радио арқылы түңғыш рет ағылшын және орыс сөздерін зерттеп, жүйеге түсіріп, жер тілінің сөздігін жасапты. Біз кездескен шаққа олар екі жарым мыңнан арта сөздер мен терминдердің мағынасын игеріпті. Осындай білімнің арқасында олардың бізбен қатынасы басталды. Олар өзара бізге мүлде түсініксіз тілде сөйлеседі, әрине. Бірақ дыбысы испан тілімен үндес сияқты көрінеді.
"Паритеттен" ұшып шыққаннан кейін он бір сағаттан соң біз Күн системасының шеңберінен шығып кеттік.
Біздің жұлдыздар системасынан басқа әлемге өту шағында бізге пәлендей өзгеріс байқала қойған жоқ. Әлем жамалы қайда да бірдей. Бірақ жол бойы (сірә, сол кезде шет планеталардың орналасу заңдылығы сондай болуы керек) алдымыздан бірте-бірте қызыл шапақ арай байқала бастады. Сол шапақ ұлғайып, ұланданып, шексіз сәуле кеңістігіне ұласа берді. Бұл екі арада біз жол бойы бір жағы күңгірт, бір жағы жарық бірнеше планеталардың тұсынан өттік. Көзге жиегі жетер кеңістікте көптеген Күндер мен Айлар зымырап кейін қалып қойып жатты.
Біз түн түнегінен жарық дүниеге шыққандай болдық. Кенет мүлде беймәлім аспан төсіндегі орасан зор, ұлы күннен тарап жатқан жап-жарық шексіз сәуле құшағына келіп қойып кеттік.
— Мынау біздің Галактика! Әне, анау жарқырап тұрған біздің Құдірет! Көп кешікпей біздің Орман Төс те көрінеді! — деп хабарлады тіл білгіш әйел.
Шынында да жаңа космос кеңістігінің зау биігінен біз үшін жаңа Күн көрінді. Ормантөстіктер оны Құдірет деп атайды екен. Өзінің көлемі мен сәуле шашу қуаты жағынан Құдірет біздің Күннен күшті де үлкен екен. Құдіреттің осы қасиетіне және ормантөстіктердің тәулігі жиырма сегіз сағаттан тұратынына байланысты бұл араның тіршілігі біздің Жердің тіршілігінен бірқыдыру өзгеше болса керек.
Дегенмен бұл жөнінде толығырақ мәліметті біз келесі хабарда берерміз, немесе "Паритетке" қайтып оралғанда айтармыз. Ал әзір жол-жөнекей бірнеше маңызды хабарлар жеткізгіміз келеді. Биіктен қарағанда Орман Төс планетасы біздің Жерге ұқсайды. Біздің Жерді қоршаған атмосфералық бұлттар мұнда да бар. Бірақ Орман Төстің бетіне бес-алты мың метр биіктік қалғанда ормантөстіктер біз үшін әдейі планетаны айнала шарлап ұшты. Бұл біз бұрын көріп-білмеген керемет сұлу көрініс еді: таулар, қырқалар, шымқай жасыл желек жамылған төбелер, олардың ара-арасынан өзендер, теңіздер, көлдер байқалады; ал планетаның кейбір тұстарында, әсіресе қиыр полюстерде жансыз жазира таңдақтар жатыр, онда топырақ суырған дауыл соғып тұр. Бірақ бізге бәрінен де гөрі ерекше әсер еткен нәрсе — қалалар мен елді мекендер болды. Орман Төс табиғатының әр жеріне арал-арал сияқты орналасқан бұл құрылыстар мұнда урбанизацияның — қалалық өмірдің өте өркендеп кеткенінің белгісі. Бұл планетаның көгілдір шаштылары тұрғызған қалалардың қасында тіпті біздің Жердегі Манхаттанның өзі жай әншейін ойыншық сияқты көрінер еді.
Ал енді ормантөстіктердің өзіне келетін болсақ, біздің пайымдауымызша, бұлар Дүние-Әлемдегі ақыл-ойлы жандардың ерекше бір асыл тұқымдылары. Әйелдері баланы, Орман Төс айымен есептегенде, он бір ай көтереді. Олардың өздері қоғамның ең басты проблемасы мен өмірдің мәні адам ғұмырын ұзарту деп азсынғанмен, мұндағы адамдар өте ұзақ жасайды. Олар орта есеппен жүз отыз-жүз елу жыл өмір сүреді. Ал кейбіреулері тіпті екі жүз жасты да еңсеріп тастайды. Бұл планетаның халқы он миллиард адамнан асып түседі.Көгілдір шаштылардың өмір сипаты мен мұндағы цивилизацияның табыстарын біз әзірше тұп-тұтас жинақтап айта алмаспыз. Сондықтан бұл дүниеде бізді аса таңғалдырған жайттарды тек аттап-бұттап қана айтып өтейік.
Олар Күннің, дұрысырақ айтқанда, Құдіреттің энергиясын жылу және электр қуатына айналдыра алады. Бұл қуат біздің Жердей гидротехникалық жолмен алып жүрген қуатымыздан әлдеқайда мол да тиімді. Ең бір маңыздысы, ормантөстіктер ауаның күндізгі және түнгі температурасының айырмашылығын құрамалай отырып, энергия жинақтайды.
Ормантөстіктер ауа райына қожалық етуді үйренген. Біз планетаны айнала шолып ұшып жүргенде, ұшқыш аппарат бұлт пен тұман ұйлыққан жерді сәуле шашу әдісі арқылы лезде ыдыратып жіберіп отырды. Олар әуедегі ауа ағымы мол мұхит, теңіздердегі су ағымын да басқара алады екен: қалаған жағына бұра алады. Бұл арқылы олар планетада ылғалдылықты және температураны қажет мөлшерде ұстай алады. Ол ол ма, ормантөстіктер Бүкіләлемдік тартылыс күшін де игеруді үйренген. Соның арқасында жұлдызаралық ұшу жүйесін де жеңілдетіп алған.
Дегенмен, бұлардың алдында да аса зор проблемалар тұр екен. Ол проблемаларды біз Жерде де кездестіргенбіз. Бұлар құрғақшылықтан жапа шекпейді, өйткені ауа райын өздері басқара алады. Бұлар әзірше азық-түлік өндіруден тарығып көрген жоқ. Мұндағы жан басы Жердегіден екі есе көп бола тұра, азық-түліктен тарығу дегенді білмейді. Бірақ та планетаның едәуір бөлігі тіршілікке жарамсыз болып барады. Ондай аймақтарда тірі жәндіктің бәрі құрып кетеді. Бұл іштей құрғау деген құбылыстың кесірі көрінеді. Біз планетаны шолып ұшқан кезде Орман Төстің оңтүстік шығысынан шаңды боранды байқадық. Планета құрсағында болатын әлдеқалай бір алапат реакцияның салдарынан планетаның бетіндегі қыртыс бұзылып, тоз-тозы шығып, аналық қасиеті бар қабат күйіп кетеді екен Бұл, сірә, біздің Жердегі вулкан сияқты бірдеңе шығар. Бірақ бұл шашыранды сәуле құсығының баяу тарайтын дерті болса керек. Орман Төстің осы бір тұсында көлемі Сахарадай шел дала жылдан жылға жылжи түсіп, көгілдір шаштылардың тіршілік етіп отырған кеңістігіне қауіп төндіріп келе жатқан көрінеді. Ормантөстіктер үшін ең үлкен зардап. Олар әлі планета құрсағында болып жатқан процесті басқаруды үйренбеген. Осы бір құрсақ құрғауы деген алапатпен айқас үшін планетаның ең таңдаулы күштері, аса зор ғылыми және материалдық күш-қуат жұмсалып жатқан көрінеді. Олардың Құдірет системасында Ай жоқ, бірақ олар біздің Айды біледі, білмек тұрмақ оған барып та қайтыпты. Олардың пайымдауынша, Ай құрсақ құрғауына ұшыраған планета. Мұны естігенде біз кәдімгідей уайымдап қалдық. Өйткені Ай мен Жердің арасы онша алыс та емес қой. Ал егер Жер құрсағы кебе бастаса ше? Ондай қатерге біз дайынбыз ба? Ондай зұлмат заман келе қалса, Жер жарықтықтың халі қалай болмақ? Жер бетіндегі адам баласы бір-бірімен мәңгі-бақи түсінісе алмай, кіржіңдесіп жүріп, ақыл-парасаттың өсу жолында көп нәрседен құр қалып қалғанын пенделер ойлар ма екен?
Қазіргі кезде Орман Tөc оқымыстыларының арасында жалпы-планеталық айтыс жүріп жатыр: Не істеу керек? Планетаның құрсақ құрғауының сырын ашу үшін әрекетті күшейтіп, осы бір ғаламат зауалға қарсы күрестің амалын іздей беру керек пе, жоқ әлде Орман Төс цивилизациясын сақтап қайтадан жандандыру үшін, тіршілік етуге болатын мекен тауып, Дүние-Әлем аясынан жаңа бір планета іздеп, соған бірте-бірте көшіп алу керек пе? Олардың әзір қандай планетаға көз тігіп отырғаны белгісіз. Әйтеуір, бір нәрсе айқын: қазіргі Орман Төстің үстінде әлі миллион да миллион жылдар тіршілік етуге болады. Соған қарамай, ормантөстіктер сонау алыс болашақтағы миллиондаған жылдардан кейінгі жайды қазір ойлап, ол бір, сірә, дәл осы күнгі жандардың басына түсіп тұрған істей-ақ, шексіз алыс заманның қамына бүгіннен бастап құлшына кірісіп жатқаны таңғаларлық. "Менен кейін күл болмаса, тұл болсын!" деген арам ой мұндағылардың біреуінің де басына келмеді ме екен десеңші! Планета құрсағын құрғаудан құтқару үшін ормантөстіктер қоғамдық табыстың едәуір бөлігін құрбан ететінін білгенімізде: "Соншама шығынданып не керек?" деген залым ой өз басымызға да лезде келіп қалып еді, сол ойдан өзіміз ұялдық. Олар баяу жылжып келе жатқан шөл-тақырдың ұзына бойына — мыңдаған шақырымға шепке тосқауыл қоюға тырысып, аса терең скважиналар бұрғылап, оған өте шыдамды шипалы заттар салады екен. Ол заттар планета құрсағындағы ядролық ішкі реакцияға сенімді ықпал жасайтын көрінеді.
Әлбетте, ормантөстіктердің де қоғамдық тұрмыста өз проблемалары бар. Ол, әрине, қадим заманнан бері тірі жанның ақыл-ойын азапқа салып, қиямет күшпен ұдайы сақтандырып келе жатқан проблемалар: парасат, мораль, біліктілік мәселелері осы санатқа жатады. Қанша бір ақ-жарылқап күн туды десе де, он миллиардтан астам тұрғыны бар планетада қоғамдық өмір тіпті де кем-кетіксіз болмаса керек. Сонда да болса, ең бір ғажап қалатын нәрсе, ормантөстіктер мемлекеттік құрылыс дегенді білмейді. Мүмкін, олардың тарихында бұрын соғыс та, мемлекет те, ақша да болған шығар. Соған байланысты, соған қарай қоғамдық қатынастар да болған шығар, оны біз біле бермейміз. Бірақ дәл қазіргі кезеңде олардың мемлекет дегеннің не екенінен, соғыс дегеннің не екенінен хабары жоқ. Егер де біз оларға Жер бетінде болып келген, болып жатқан шексіз соғыстардың мәнін айтсақ, оларға бұл мәселе шешудің ең сорақы, ең тұрпайы, мән-мағынасыз жолы сияқты болып көрінбес пе екен деп те ойлаймыз. Олардың тіршілігі, өмір сүруі мүлде басқаша. Жер бетіндегі пенделерше пайымдайтындығымыздан ормантөстіктердің бұл тіршілігі бізге әлі түсініксіздеу, ақылға қонымсыздау көрінеді.
Олардың коллективтік, планеталық санасының өскендігі сонша, ормантөстіктер соғыс атаулыны мүлде күрес құралы деп білмейді. Соған қарап бүкіл Дүние-Әлемнің түкпір-түкпіріндегі планеталардың ішінде ормантөстіктер цивилизацияның ең жоғарғы сатысына жеткен аса ақылды жандар болар деп пайымдаймыз. Бәлкім, олар ғылым дамуының шыңына жетіп, ақыл-ой иелерінің ең басты мақсаты — уақыт пен кеңістік әлемін адамгершілік, гуманизация қасиетімен байыту, шексіз дүниені жаңа да жоғары сатыға көтеру деп білетін шығар.
Біз салыстыруға келмейтін нәрселерді салыстырып жатпақшы емеспіз. Бірте-бірте біздің Жердегі адамдар да ұлы прогресс дәуіріне жетер. Бұл ретте адамдардың қазірдің өзінде мақтана алатын жетістіктері бар. Сөйтсе-дағы бізді бір сұңқыл сұрақ азапқа сала береді: ау, Жер бетіндегі адамзат баласы өзін-өзі: тарих дегеніміз — соғыстар тарихы деп сендіріп, трагедиялық қателесу жолында адасып жүре берсе, не болмақ? Адам баласының даму жолы әуел баста-ақ тығырыққа тірелген қате жол болса, не болмақ? Ондай жағдайда біз қайда бара жатырмыз, маңдайымыз қандай тасқа барып соғылмақ? Халіміз осылай болғанда, адамзат баласы осыны ерлігі жетіп түсініп ақыр заман топалаңынан құтылып үлгіре алар ма екен? Тағдырдың салуымен біз Жерден тысқары қоғамдық өмірдің куәсі болдықтағы, күрделі сезімдердің шырмауында қалдық. Жер бетіндегі адамзаттың болашағы бізді үрейлендіреді. Сонымен бірге Дүние-Әлемде Орман Төс сияқты үлгілі ұлы ел бар екені үміттендіреді. Бұл ел өзінің даму жолындағы қиындықтары мен қайшылықтарын соғыссыз-ақ шеше алады екен. Осы үлгі бізге де даритын шығар деген үміт оты оянды кеудемізде...
Ормантөстіктер Әлем құрылысының шамадан тыс алыс түкпірінде Жер деген планета бар екенін біледі. Олар Жердің тұрғындарымен байланыс жасауға құштар. Бұл ниет олардың табиғи білім құмарлығынан ғана туған құштарлық емес. Ормантөстіктердің айтуынша, бұл қадам оларға ең алдымен теңдессіз ақыл-ойдың салтанат құруы үшін, цивилизациялар тәжірибесімен алмасу үшін, Дүние-әлемдегі саналы жандардың ақыл-ойы мен рухын дамытудағы жаңа бір дәуірдің басталуы үшін керек.
Бұл мәселеде олар біздің ойлағанымыздан әлдеқайда әрідегіні болжап біліп отыр. Олардың Жер тұрғындарымен байланыс орнатқысы келетінінің тағы бір себебі бар. Әлемдегі ақыл-ойдың осы екі саласындағы күшті біріктірсе, табиғатта шексіз өмір орнатудың жолы табылмақшы. Өйткені қандай бір қуат болмасын, әйтеуір, бір сөнеді де өледі... Ал, ормантөстіктер болса "ақыр заманды" миллиард жыл алдын-ала уайымдап, Дүние-Әлемдегі тіршіліктің жаңа қонысын осы бастан ойлап, оны табудың космостық жобаларын қазірден-ақ жасауда...
Жылдамдығы сәуле жылдамдығымен бірдей ұшқыш аппараттармен қаруланған ормантөстіктер Жерге қазірдің өзінде-ақ ұшып бара алар еді. Бірақ олар Жер тұрғындарының келісімінсіз, шақыруынсыз мұндай сапарға шыққысы келмейді. Олар шақырылмаған қонақ болып, Жерге баса-көктеп қонғысы келмейді. Сонымен қатар олар бізбен танысуға әлдеқашан-ақ талаптанғандарын айтты. Біздің космостық станцияларымыз орбитаға ұзақ уақыт жүре алатын объектілерге айналғаннан бері-ақ ормантөстіктер кездесу сәті жақындағанын түсінген де, бұл кездесуге мұрындық болуды көздеген. Олар мұқият дайындық жүргізіп, оңтайлы сәтті күткен. Ол сәт біздің пешенемізге жазылған екен, екі дүние аралығында тұрған орбиталық станциядағы кезекші космонавттар біз едік...
Олардың планетасына біздің келуіміз, әлбетте, теңдессіз үлкен оқиға болды. Осыған байланысты, тек ұлы мерекелер кезіндегідей, эфирде телебайланыстың түбегейлі жүйесі іске қосылды. Мың-мың шақырым қашықтықтағы заттар мен тірі бейнелер тұп-тура жанымызға келіп, айнала аспандағы жарқыраған нүктелерден дәл өңіміздегідей көрініп тұрды. Тіпті біз олармен сұхбаттастық та: бір-бірімізбен дидарласып, күлісіп, кәдімгідей қол алысып, сөйлесіп, мәз-мейрам болып қуана айқайласып, бір-бірімізбен қатар тұрғандай-ақ хал кештік. Бұл ормантөстіктер қандай ғажап сұлу десеңізші! Және де бір-біріне ұқсамайды. Тіпті шаштары жалпы көгілдір дегеннің өзінде араларында қара көгі де, қылаң көгілдір түстілері де кездеседі. Ал қарттарының шашы тура біздің шалдардың шашы құсап ағарады екен. Бұлардың антропологиялық түр-тұрпаты да әрқилы, өйткені мұнда да әр түрлі ұлттар, этникалық топтар бар.
Мұның барлығын, мұнан басқа да талай-талай таңғажайып жаңалықтарды біз енді "Паритетке", немесе Жер-анаға қайта оралғанда айтып береміз. Ал енді ең басты мәселеге келейік.
Ормантөстіктер Жерге барғысы келеді, Жер тұрғындарына қалаған уақытта барғысы келеді. Олар осы тілекті "Паритет" байланыс жүйесі арқылы Жерге жеткізуді бізден өтінеді. Жерге барардан бұрын олар екі планета арасына ортақтасып станция салу программасын келісіп алуды ұсынады. Бұл ортақ станция әуелі екі жақтың ілкі кездесу орны болар еді де, кейіннен екі арадағы ұлы сапарлар жолының тұрақты бекетіне айналар еді. Бұл ұсынысты біз өз отандастарымызға жеткізуге уәде бердік. Алайда, осыған байланысты, бізді басқа бір ой мазалай береді.
Мұндай планетааралық кездесуге біздер, Жер перзенттері дайынбыз ба? Ақыл-ойлы сапалы жандар ретінде біз мұндай әрекетке батыл бару үшін пісіп-жетілдік пе екен? Жер бетіндегі қоғамдар бөлек-бөлек өмір сүріп отырған кезде, олар бір-бірімен өзара қарама-қайшы болып тұрған кезде, біз осы ала-құлалықтан аттап өтіп, араздасуды, аңдысуды ұмытып, адамзаттың мүддесі үшін бірігіп, бір кісідей болып, бүкіл Жер шарының атынан өкілдік айта алар ма екенбіз? Бақталастықтың жаңа бір дүмпуі қозғалаңдамас үшін, мемлекеттер жалған намыстың жетегінде кетпес үшін бүл мәселенің шешімін Біріккен Ұлттар Ұйымының ықтиярына салуды сіздерден біз жалынышпен өтінеміз. Осы мәселені шешуде мемлекеттер вето құқын, тыйым салу құқын қолданбауын сұраймыз. Бәлкім, тіпті бұл жолы, ерекше жағдай ретінде, осы құқықты жойса да болар еді. Жерден тым-тым алыста жүрген шақта бізге осындай бір жайларды ойлаудың өзі қандай ауыр, қандай өкінішті десеңізші. Амал нешік, біз де Жер-ананың перзенттеріміз ғой, сондықтан да Жер жарықтықтың перзенттерінің мінезі мен сыры бізге өте-өте белгілі-ау.
Ең соңында, өзіміз туралы, біздің осы әрекетіміз туралы бірер сөз. Біздің орбиталық станциядан жоғалып кеткенімізді білген соң, сіздердің әуелі абыржып, соңынан жедел шаралар қолданып жатқандарыңызды біз сеземіз.Сіздерді мұншама әбігер еткеніміз бізге де қатты батады. Бірақ бұл өзі дүние дидарында бір-ақ кездесетін керемет оқиға болды да, өз ғұмырымыздағы осы бір ұлы жаңалықтан бас тарта алмадық, бас тартуға құқымыз жоқ та еді. Біз қатаң тәртіптің адамдары бола тұра, ұлы мақсат жолында сол тәртіпті бұзуға міндетті едік.
Мейлі бұл қылмыс біздің-ақ арымызға жүктеліп, тиісті жазаны біз-ақ тартайық. Бірақ бұл туралы әзірше ұмыта тұрыңыздаршы. Жүрекпен ұғыңыздаршы! Біз Дүние-Әлем қиырынан хабар бердік. Біз бұған дейін ғылымға белгісіз болып келген галактика жүйесінен — Құдірет жарығынан үн қатып тұрмыз. Көгілдір шаш ормантөстіктер қазіргі аса биік цивилизацияның жасампаздары. Олармен дидарласып, тіл табыссақ — бүкіл біздің өмірімізде, бүкіл адамзат баласының тағдырында орасан зор өзгерістер болмақ. Әлбетте, ең алдымен Жер шарының мүддесін қорғай отырып, біз осындай сұхбаттасуға батылымыз барар ма екен?..
Бұл шетпланеталықтар бізге ешқандай қауіп төндірмейді. Қанша дегенмен, әйтеуір, бізге солай көрінеді. Егер біз олардың тәжірибесін үйренсек, онда біз Күннің қуатын пайдаланудан бастап, қару-жарақсыз, зорлық-зомбылықсыз, соғыссыз өмір сүруге дейін дағдыланар едік. Соғыссыз өмір сүру деген соз біздің құлағымыз үйренбеген ерсі ұғым сияқты болып естілуі мүмкін. Бірақ Орман Төс планетасында тұратын жандардың өмірі осылай қалыптасқан деп біз ант-су ішіп, куәлік бере аламыз. Бұл планетадағы жандар да жаратылысы жағынан біздің Жердің адамдары сияқты бола тұра, адамзат баласы ежелден арман етіп келе жатқан асыл мұратқа жеткен. Бүкіләлемдік, аса биік цивилизациялық ақыл парасаттың иелері болғандықтан да олар ақыл-парасат жағынан өздеріне туыс болып келетін Жер бетіндегі адамдармен ашықтан-ашық байланыс жасағысы келеді. Әрине, бұл байланыс екі жақтың да мүддесіне нұқсан келтірмейтін жағдайда...
Жерден шалғай цивилизацняны тұңғыш ашып, ғажап халде қалған біздер, әлбетте, тезірек елге оралып, шалғай галактиканың Құдірет жүйесіндегі бір планетадан көрген-білгенімізді Жер бетіндегі адамдарға жедел жеткізгіміз келеді.
Біз енді осы радиохабарды беріп болғаннан кейін тура жиырма сегіз сағаттан соң, яғни дәл бір тәуліктен кейін, Орман Төстен ұшып шығып, "Паритетке" барып қонбақшымыз. "Паритетке" еткен соң біз толайым Бірбасордың қарамағында боламыз.
Ал, әзірге сау тұрыңыздар. Күн жүйесіне қарай ұшып шығар алдында, "Паритетке" барып жетер уақыттың мөлшерін қосымша хабарлаймыз.
Осымен Орман Төс планетасынан берілген бірінші хабарымызды аяқтаймыз. Кездескенше күн жақсы. Біздің отбасымызға сәлем айтыңыздар, уайымдамасын...
"Конвенция" авианосецінің үстіндегі ерекше өкілетті комиссиялар орбиталық "Паритет" станциясында болған тосын жағдайды талқылау жөнінде бөлек-бөлек мәжілістер өткізіп, ол мәжілістер осы екі комиссияның да толық құрамда өз үкіметтерімен ақылдасу үшін ұшып кетуімен аяқталды. Бір самолет авианосецтің үстінен ұшып шығып тура Сан-Францискоға тартты, екіншісі бірнеше минуттан кейін қарама-қарсы жаққа — Владивостокқа қарай самғады.
Ал "Конвенция" авианосеці сол баяғы орнында — өзінің баянды мекенінде — Тынық мұхиттың айдынында, Алеут аралының оңтүстігін ала жылжымай тұрған... Кеме үстінде қатаң тәртіп орнаған. Әркім өз ісін біледі, әркім сауысқандай сақ... Бәрі де тырс етіп үн шығармайды...
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тусы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады...
Ана-Бейітке барар жолдың үштен бірі артта қалды. Күн жарықтық көтерілуін тез көтеріліп алып, қия төбеге шыққан соң Сарыөзектің үстінен төніп, тапжылмай тұрды да қойды. Күн күшіне кіргені шығар, кәдімгідей ыси бастады.
Сағатына бір, күнге бір қарап қойып, алдында айылын жимай көсіліп жатқан ашық алқапты бір шолып алып, Боранды Едіге әзірше жүріс ойдағыдай деп түйді. Ол бұрынғыша түйені сау желдіріп келеді, соңында тіркемелі трактор, оның артында доңғалақты "Беларусь" экскаваторы, бір қапталда Жолбарыс ит жортақтайды.
"Бұл өзі адамның басы бір сәт те ойсыз тұра алмайды екен ғой. Бұл ақымақ қабақта өле-өлгенінше қаласаң да, қаламасаң да дамылсыз ой толқыны сапырылысып жатады екен де!" Едіге жол үстінде неше түрлі тынымсыз ой жетегінде келе жатып осындай бір күлкілі жаңалық ашты. Ой деген шіркін теңіздегі толқындай бірінен соң бірі лықсып келіп жатады. Бала шағында Едіге Аралдың жағасында бәлендей сағат бойы отырып алып, желді күні ақжал толқындардан толқын туып, толассыз жөңкіліп жататынын байқаушы еді. Сол қозғалаң бір сәтте теңіздің тірі тәнінде толқын туып, қайта қирай, тағы тіріліп, тағы құлап, құрдымға кетіп жататын. Сондай шақта бала қиял шағала болып кетіп, толқындардың, күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен шоқ-шоқ тамшылардың үстіне көтеріліп, ұлы топан судың тебіренісін биіктен көргісі келетін.
Сарша тамыздағы Сарыөзектің көңілге мұң ұялатар құла келбеті, астындағы бураның сау желісі Едігенің есіне нелер салмайды, алда жол алыс, ойыңды алаң етер кесір-кесапат жоқ, Едіге де сол ойлардың ортасында еркін жүзіп келеді. Шалғайға шабар Қаранар да еті енді-енді қызып, ащы тердің қолаңса иісі түйенің иір мойнынан шыға бастады. "Ә, бәлем, — деп күліп қойды Едіге, — қара терге малына бастадың ба! Аққаптал бола бастадың ба? А, азынаған айғырдай хайуан неме! Ақымағым менің, ой ақымақ!"
Едігенің көзіне өткен-кеткен күндер елестеп, қайдағы-жайдағы жағдайлар орала берді. Ол кезде Қазанғаптың қол-аяғы сау, күш-қуаты бойында еді. Сол бір тізбек-тізбек ойлардың арасынан бір мұңды елес мезгілсіз жарқ ете қалып, ескі жараның аузын тырнап кетті. Дұға да сеп болмады. Сартап болған сағыныш мұңын ұмытпақ болып, құран сүресін қайта-қайта сыбырлап та айтып көрді. Бірақ жүрегі түскір көнбеді. Боранды Едіге сонда түнеріп қала берді, онсыз да салып ұрып сау желіп келе жатқан түйені тектен-текке сауырынан сабалап мазасы кетті. Фуражкені баса киіп алып, артында келе жатқандарға енді бұрылып та қарамады. Қалып қоймас, қайда кетер дейсің, сол өтті-кетті болған оқиғаның бұл боқмұрын жастарға қандай қатысы бар. Бұлар тұрмақ сол бір мұңды жай туралы осы уақытқа дейін әйелі екеуі де тіс жарып көрген емес. Ол істің жайын тек Қазанғап қана білетін, оның түйінін кезінде тек Қазанғап қана шешкен, шешкенде де ақылмен адал шешкен. Қазанғаптың сол әділ шешімі болмағанда, Едіге бұл Боранды разъезінің өзін әлдеқашан тастап кетіп қалатын еді ғой.
Сол елу бірінші жылдың аяғында, қыстың көзі қырауда осы разъезге бір отбасы көшіп келді. Ері, әйелі, екі ұл балалары бар екен. Үлкен ұлы Дауыл бес жаста, кішісі үш жасар екен. Кішісінің аты — Ермек. Ал Әбутәліп Құттыбаевтың өзі Едігемен құрдас болып шықты. Жап-жас жігіт күнінде соғысқа дейін бір жыл ауылда мұғалім болып істепті де, қырық біріншінің жазында, соғыс басталысымен-ақ әскерге алынып, майданға аттаныпты. Сонда бұл Зәрипаға соғыстың аяғын ала, яки соңында үйленген болады ғой. Мұнда көшіп келгенге дейін Зәрипа да төменгі кластарға сабақ береді екен. Енді міне тағдыр деген тайтақай бұларды Сарыөзекке, Борандыға тықсырып айдап келген ғой.
Сарыөзектің ит байласа тұрғысыз қу медиен даласына олар жетіскеннен келмегені ә дегеннен-ақ белгілі болатын. Әбутәліп пен Зәрипаға жұмыс басқа жерден де табылар еді. Сірә, басқа барар жері, басар тауы қалмай, амалсыздың күнінен келген болар Борандыға. Борандылықтар әуелі; е, бұлар көпке шыдай қоймас, біраздан соң тайып тұрар деп ойлаған. Борандыға келгенінен кеткені жылдам талайлар болған. Едіге мен Қазанғап та солай пайымдаған. Әйткенмен Әбутәліптің үй ішіне бұлар қырын қабақ танытпай, сыйласып кетіп еді. Иман жүзді, мәдениетті жандар екен.
Тұрмыстары кембағал болатын. Ерлі-зайыпты екеуі де ешкімнен қалыспай жұмыс істейді. Арқалап шпал да тасиды, боранды кезде үйінді қарды да күреп, суыққа тоңады. Не керек, жолшының жұмысы не болса, соның бәрін істейді. Айтары не, Әбутәліп немістердің қолына тұтқынға түскендіктен де бағы тайып жүрсе де, сүттей ұйыған әп-әдемі отбасы болатын. Ол кезде соғыс жылдарының аламантасыры сап-сап басылған да сияқты еді. Бұл жылдары бұрынғы тұтқынға түскендерге сатқын, жау деп қарауды қойған сияқты болатын. Ал борандылықтар болса, бүл жағын тіпті ескеріп те жатқан жоқ. Е, тұтқында болса болған шығар, соғыс жеңіспен аяқталды. Дүниежүзілік сол бір сойқанда кім не көрмеді, не болмады. Әне базбіреулер әлі күнге дейін тұрақ таппай, жалғанның жарығында сандалып жүргені. Соғыстың сойқаны әлі де соңыңнан қалмай, сүмелектеп қояды... Сондықтан да борандылықтар жаңа көшіп келген отбасын сұраққа алып, әуре етіп жатпады, онсыз да сордың сорасын сораптап ішкен бейшаралардың жарасын тырнап не қылады.
Келе-келе борандылықтар Әбутәліппен қалай достасып кеткенін өздері де сезбей қалды. Әбутәліп ақылды адам еді. Басына түскен қасіретті уайымдап жүнжімейтін. Едігеге осы мінезі ұнаушы еді. Еңсесін түсірмей, тағдырға налымай өтті. Дүния халін түсінді де, тағдырдың салғанына көнді, оны түсініп, білу де адамның адамгершілігі. Әйелі Зәрипа да бұл халді жан-тәнімен сезінгендей еді. Жазмыштың жазғыруын іштей ұққан бұл екеуі ендігі жерде өмірдің мәні бір-біріне тірек, ерекше сезімтал болып, кірбіңсіз, кіржіңсіз тірлік кешу екенін ұғынысты. Соның арқасында азып-тозып кетпей күн кешіп, біріне-бірі пана болып, уақыттың сұрапыл дауылынан өздерін де, балаларын да қорғап бақты. Мұны Едіге кейін түсінді. Әсіресе Әбутәліп сергек еді. Ол отбасы бір күн де тұра алмайтын. Ұл балалары — оның сыйынары, өмірінің мәні мен сәні солар болатын. Бір минут бос уақыт табылса, балаларының қасында болып, сауатын ашып, түрлі ертегі жұмбақтарды өзі ойлап айтып беріп, өзі ойлап тапқан қайдағы бір ойындарды үйрететін. Ерлі-зайыпты екеуі жұмысқа кеткенде әуелі балаларын барақта иесіз қалдырып жүрді. Мұны көріп Үкібаланың жаны жай таппай, кішкентайларды өз үйіне жетектеп әкелетінді шығарды. Әбутәліптің барақтағы үйіне қарағанда, бұл кезде Едігенің үйі бірқыдыру қоңды да, ұядай жылы болатын. Осыдан барып екі үйдің арасы жымдасып кетті. Бұл кезде Едігенің үйінде де Әбутәліптің балаларымен түйдей жасты екі қыз өсіп келе жатыр еді ғой.
Бір күні жол бойындағы жұмыстан оралып, балаларын ала кетуге кірген Әбутәліп мынадай бір ұсыныс қойды:
— Былай болсын, Едіге. Мен өз балаларыммен бірге сенің қыздарыңды да оқытайын. Мен осы уақытқа дейін бұлармен еріккенімнен әуре болып жүрген жоқпын ғой. Екі үйдің кішкентайлары бір-біріне бауыр басып қалды, бірге ойнайды. Күндіз сендердікінде, ал кешке біздің үйде болсын. Мұны мен неге айтып тұрмын? Біз, не керек, шалғайда тұрып жатырмыз ғой, тұрмысымыз мәз емес. Сондықтан да бұл балақайларды оқыту керек. Қазір деген зымыран заман келе жатыр, демек бұларды титтейінен білімге ауыздандыра беру керек. Бұрын зіңгіттей жігіт білетін оқуды бұлар шынашақтайынан игеріп алмаса болмайды. Онсыз ендігі оқу жалынан ұстатпай кетеді.
Әбутәліптің бұл харакетінің мән-мағынасын Едіге тағы да кейінірек, сойқан соғып өткеннен соң барып бір-ақ түсінді ғой. Борандының жағдайында Әбутәліптің басы кіріптар шақта оның өз күшімен балаларға істер жақсылығы тек осы жол болуы керек екенін Едіге кейін ұғынды. Сөйтсе Әбутәліп балаларына қолынан келген жақсылықты тезірек дарытуға асыққан екен ғой, өз өмірін балаларының өмірімен жалғастырып, өзі өлсе де, солар арқылы жарық дүниеде жасамақ болып, балғындардың есінде, жүрегінде жатталып қалуға жанталасқан екен де. Кешке Әбутәліп жұмыстан қайтқанда Зәрипа екеуі өз балалары мен Едігенің қыздарын жинап алып, мектеп яки балалар бақшасын ашқандай болатын. Балдырғандар әліппені үйреніп, кімдікі жақсы шығар екен деп ынталанып, бір-бірімен жарыса сурет салып, үлкендер оқып берген кітап сөзін тыңдап, кейде бәрі бірге қосылып өлең сөзін әндете жаттап жататын. Бұл бір қызықты шаруа болғаны сонша, Едігенің өзі де жиі-жиі келіп, қызыға қарап, бақылап отыратынды шығарды. Әйтеуір, бір желеу тауып, бұл үйге Үкібала да келуін жиілетті, сондағысы өзінің қыздарының не істеп отырғанын көрмекші. Боранды Едіге еміреніп, жан-жүрегі елжіреп, есі кеткен. Шіркін, бүл сауатты адамдар — мұғалім дегендерді қойсаңшы! Үлкен болып қала тұра, баламен бала бола кетіп, тілін тауып, баланың бабын білгендеріне қарап отырудың өзі бір ғанибет қой. Мұндай кештерде Едіге бұлардың назарын аударғысы келмей, елеусіз ғана бір бұрышта отырар еді. Ал, үйге кірерде табалдырықты аттай бере бас киімін алып:
— Қайырлы кеш! Міне, балалар бақшасына бесінші шәкірт те келді, — дер еді.
Оның бұл келуіне балалар да үйреніп кеткен. Қыздары мәз-мейрам, Әкесі отырғанда олар не істесе де бар ынты-шынтысымен істеуге тырысады. Едіге Үкібала екеуі кезек-кезек пешке отын салып, балалар тоңып қалмасын деп барақтың ішін жылытады.
Бұл жылы Борандыға міне осындай бір отбасы келіп паналап еді. Бір қызығы, әдетте осындай мыңболғыр адамдардың жолы болмайды-ақ.
Әбутәліп Құттыбаевтың соры тек немістердің тұтқында болғандығында ғана емес еді. Бақыты ма, соры ма, кім білсін, бір топ әскери тұтқындармен бірге ол Оңтүстік Бавариядағы концлагерьден қашып шығып, қырық үшінші жылы Югослав партизандарының қатарынан бір-ақ шықты. Югославияның азаттық армиясының құрамында Әбутәліп соғыстың аяғына дейін майданда болды. Сонда жүріп жараланып, сонда жазылып та шықты. Югославияның әскери ордендерімен наградталды. Ол туралы партизан газеттерінде жазылып, суреті де басылды. Қырық бесінші жылы елге оралғанда, тергеу комиссиясынан өтіп ісі қаралғанда әлгі ерлік істері өте-мөте көмектесті де. Концлагерьден қашқанда он екі адам екен, содан туған елге төртеуі тірі оралған. Төртеуінің де бақыты бар екен, Советтің тергеу комиссиясы Югославия азаттық армиясының бөлімшелері орналасқан жерге келді де, Югослав командирлері советтік бұрынғы әскери тұтқындардың жауынгерлік, адамгершілік қасиеттері туралы, фашистермен партизандық күреске қатысқандары туралы жазбаша түрде мінездеме-куәлік берді.
Не керек, екі айға созылған талай-талай жауап алу, кездестіру сияқты тексеруден соң, талай-талай үміт пен үрейден соң Әбутәліп Құттыбаев өзінің кіндік кескен Қазақстанына оралды. Азаматтық құқына нұқсан келтірілген жоқ, бірақ әскерден қайтқандар пайдаланатын жеңілдіктерге де ие болған жоқ. Әбутәліп Құттыбаев мұнысына өкпелемеді. Соғысқа дейін география пәнінің мұғалімі еді, сол жұмысына қайта кірісті. Аудан орталығындағы мектептердің бірінде бастауыш кластардың жап-жас мұғалімі Зәрипаны кездестірді ғой, ілуде біреу болса да, екі жақсы қосылатын бір сәттер кездеседі. Иә, сирек те болса, кездеседі.
Сөйтіп жүргенде Дүние-Әлемде жеңістің алғашқы жылдары да өте шықты. Орасан жеңістен соң, ағыл-тегіл қуаныштан соң әлем аспанында "қырғи қабақ соғыстың" алғашқы қар ұшқындары да қыламықтай бастады. Кейіннен бұл ызғар қатая түсті. Әлемнің әр тұсында соғыстан соңғы ақыл-ойдың жұлын-жүйкесі, кінәратты буындары құрыстана қалды...
Географияның бір сабағында сол құрыстанған буын сыздап қоя берді. Ерте ме, кеш пе, осы жерде ме, жоқ басқа жерде ме осылай болуға тиіс еді. Әбутәліп болмаса, сол сияқты басқа біреудің басынан бұл оқиға өтуге тиіс болатын.
Әбутәліп сегізінші кластың оқушыларына әлемнің еуропалық бөлігі туралы айтып тұрып, тұтқындарды концлагерьден алып шығып Оңтүстік Бавариядағы Альпы тауларындағы тас қазу жұмысына салғанын, содан қарауылдарды қарусыздандырып, Югослав партизандарына қашып барып қосылғандарын әңгімеледі. Соғыс кезінде жарты Еуропаны шарлап шығып, Адриатика және Жерорта теңіздерінің жағалауларында болғанын, сол жерлердің табиғатымен, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс екенін айтып берді. Мұның бұл әңгімесінің бәрін оқулыққа сыйғызу мүмкін емес қой. Өзі көзімен көрген оқиғаларды айтып мұғалім шіркін география пәнін байыта, оқушыларды қызықтыра түспекші еді ғой.
Тақтаға ілінген Еуропаның географиялық картасы көк, жасыл, қоңыр бояулы еді. Мұғалімнің таяқшасы сол картаны сызғылап, тауларды, жазықтарды, өзендерді түртіп өтіп, кей-кейде өзі жүрген, коп жылдар бойы қысы-жазы, күні-түні соғыс болған, әлі күнге дейін түсіне кіретін таныс жерлерді шұқылап өтеді. Кім біледі, мұғалім таяқшасы картада көрінбейтін бір нүктені де түртіп өткен шығар. Сол нүктеде оның қаны төгілген. Бір қапталдан жау автоматы ырылдап қоя бергенде, бүл төбеден төмен қарай бөктерлей домалап құлап, судай аққан қаны тарғыл тас пен көк шөпті суарған. Ал қызыл қан мына тұрған мектеп картасын жуып кетіп, төмен қарай саулап ағып тұрғандай да болып көрінді, бір мезгіл Ал сол оқ тиіп құлаған шақта басы айналып, көзінің алды қарауытып, таулар төңкеріліп, аспан аударылып бара жатқанда, өзімен бірге былтыр жазда Бавария тас шахтасынан бірге қашқан поляк жолдасын бар дауыспен: "Казимир! Казимир!" — деп айқайлап шақырған. Бірақ поляк оның даусын есітпеген. Өйткені Әбутәліп бар даусымен айқайладым деп ойлағанмен, тырс етіп үн шығармаған. Тек партизандар госпиталінде қан құйып, жанын алып қалғанда ғана есін жиған.
Әлемнің Еуропа бөлігі туралы оқушыларға сабақ айтып тұрып, Әбутәліп Құттыбаев өзіне-өзі таңғалды: осыншама қияметті бастан кешкен жай туралы, мұны бір дәл өзінің басынан емес, басқа біреудің басынан кешкен оқиғасы сияқты тәптіштеп қана, кәдімгі география пәніне қатыстырып қана айтып тұрғаны ғажап еді. Сол арада алдыңғы партадан бір баланың қолы сопаң етіп көтерілді де, мұғалімнің сөзін бөлді:
— Ағай, сонда сіз пленде болған болдыңыз ғой?
Баланың көзі міз бақпас суық көз екен. Беті шәушиген, иегі қайқылау көрінді. Өзі екі қолын жамбасына қысып, "смирно" тұр. Осы баланың тісі өмір-бақи мұғалімнің есінде қалды астыңғы тістері үстіңгі тістерінің үстіне шығып тұратын қайқы иек екен.
— Иә болдым, оны неге сұрадың?
— Онда неге өзіңізді-өзіңіз атып тастамадыңыз?
— Өзімді-өзім неге өлтіруге тиіспін? Онсыз да жаралы едім.
— Неге десеңіз, жау қолына пленге түсу қылмыс. Сондай бұйрық бар!
— Кімнің бұйрығы?
— Жоғары жақтың бұйрығы.
— Оны сен қайдан білесің?
— Мен бәрін де білемін. Біздің үйге Алматыдан, тіпті Москвадан да кісілер келіп тұрады. Демек, сіз Жоғары жақтың бұйрығын орындамағансыз ғой?
— Сенің әкең соғыста болып па еді?
— Жоқ, ол соғысқа баратын әскерлерді жасақтаған.
— Онда екеуміздің түсінісуіміз қиын екен. Тек айтарым, айналайын, менде басқа амал қалмап еді.
— Бәрібір сіз бұйрықты орындауыңыз керек еді.
— Әй, сен немене тиісе бересің? — деп басқа бір оқушы орнынан атып түрегелді. — Біздің ағай югослав партизандарымен бірге соғысты ғой. Тағы не керек саған?
— Бәрібір ол жоғары жақтың бұйрығын орындауы керек еді! — деп әлгі қайқы иек қасарысып тұрып алды.
Сол-сол екен, тылсым тыныштық тарс кетіп, кластың іші гулеп ала жөнелді "Керек!", "Керек емес!", "Тиісті!", "Тиісті емес!", "Дұрыс!", "Дұрыс емес!" Мұғалім үстелді қойып кеп қалды:
— Тоқтат сөзді! Бұл география сабағы! Менің қалай соғысқанымды, кім болғанымды керек жерінде тиісті адамдар өздері тексереді! Ал қазір картаға қайта оралайық!
Тағы да сол карта. Бір бүйірден тағы да автомат тырылдап, карта алдында таяқша ұстап тұрған мұғалім қиялдан баяу ғана құлап бара жатып, Европаның көк, жасыл, қоңыр түсті картасын қаны жуып кеткен сол бір көзге ілінбес нүктені класстағылардың ешқайсысы тағы байқай алмай қалды ғой...
Бірнеше күннен кейін мұғалімді аудандық оқу бөліміне шақыртты. Ондағылар артық ауыз сөз айтпастан, оған: ың-жыңсыз арыз бер де, өз еркіңмен жұмыстан шық; тұтқында болған адамның жас ұрпаққа сабақ беруге моральдық құқы жоқ, — деді.
Сонымен Әбутәліп Құттыбаев Зәрипа екеуі тұңғыш ұлы Дауылды құшақтап, облыс орталығынан шалғай жатқан басқа бір ауданға ауысуға мәжбүр болсын. Бір ауылға мұғалім болып орналассын. Елдің аты ел ғой, сіңісіп кеткен сияқты еді, баспана да табылған, қабілетті жас мұғалім Зәрипа оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. "Аузың аққа тигенде тұмсығың қанасын" деп біреу қарғап қойған ба, сол екі арада Югославияға байланысты қырық сегізінші жылдың шатағы шарт-шұрт ете қалсын. Ендігі жерде Әбутәліп Құттыбаевқа жұрт тек бұрын немістердің тұтқынында болған деп қана білмей, ұзақ уақыт шетелде жүрген адам ретінде күдіктене қарайтын болды. Ол өзінің тек югослав партизандарымен бірге фашистерге қарсы соғысқанын дәлелдеп бақса да, мұнысы ілтипатқа алынбады. Оның адал екенін бәрі де біле тұра, тіпті жандары аши тұра, оны қорғап қалуға ешкімнің батылы бармады, бәрі де ондай жауапкершіліктен қашты. Тағы да аудандық оқу бөліміне шақыртылды, тағы да өз ықтиярымен жұмыстан босану босқыны қайталанды.
Осылайша ана жерден де, мына жерден де көше-көше, Әбутәліп Құттыбаевтың отбасы елу бірінші жылдың аяғында қыстың қақаған ортасында Сарыөзектің Боранды разъезінен бір-ақ шыққан ғой.
Елу екінші жылдың жазы ерекше ыстық болды. Жердің тандыры кеуіп, ысып кеткені сонша, Сарыөзектің кесірткелері қайда тығыларын білмей, адамдардан да қорыққанды қойып, алқымдары атқақтай бүлкілдеп, ауыздарын арандай ашып, үйдің табалдырығына дейін жүгіріп келетінді шығарды; әйтеуір, шыжғырған күннің қызуынан құтылса болғаны. Ал құзғын қара құстар салқындамақ болып, көкке әуелеп кеткені сонша, жай көзге көрінбес еді. Тек анда-санда жанталаса қаңқ етіп, сонан соң көпке дейін үні өшіп, ыстықтан шалқыған мұнар ауаға сіңіп кетеді.
Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай ағылып жатады. Борандыда неше пойыз тоқайласып, неше пойыз ажыраспады десеңші. Мемлекеттің ұлы күре тамыр жолындағы транспорттың жүруіне ешқандай ыстық кедергі бола алмас.
Жұмыс сөйтіп өз жөн-жүйесімен жүріп жатты. Жол бойында шілденің шықылдаған күнінде қолға қолғап киіп істеуге тура келді. Өйткені жалаң қолмен тас ұстап болмайды, ал темір дегенің қарып түседі. Тас төбеден күн жарықтық көрікше күйдіріп тұрады. Суды ғой, әдеттегідей, цистернамен тасиды, ол разъезге жеткенше қайнап кетеді десе де болады. Иініңе ілген киім екі күннің ішінде күнге күйіп, оңып шыға келеді. Шілдедегі мұндай аптаптан гөрі, қысты күнгі сақылдаған ең қатты сары аяздың өзінде жұмыс істеген әлдеқайда иман-таразы.
Мұндай аптапта Боранды Едіге Әбутәліпке әл-қуат беріп, шыдамын шыңдайды:
— Е, мұндай жаз бізде жылда бола бермейді. Биыл ғана ғой осындай болып тұрғаны, — дейді ол құдды бір күннің ыстығына өзі кінәлі адамдай. — Енді он бес күн, әрі кетсе жиырма күннен кейін ыстық қайтады. Әй өзі де титықтатып болды-ау, құрысын, құрығыр. Бұл Сарыөзекте кей жылдары шілде шыға ауа райы күрт өзгереді. Ондайда сонау қысқа дейін мамыражай күз болады, қоңыр салқында мал қоңданып, адамдардың арқа-басы жазылады. Байқаймын, нышанына қарағанда, биыл сондай қоңыржай күз келеді. Сәл-сәл шыдасаңдар, ақжарылқап күн туады.
— Кепілдік бересің ғой, әйтеуір, — ден жымиды Әбутәліп. Едігенің ниетін біліп-ақ тұр.
— Беруге де болады.
- — Жақсы сөз — жарым ырыс. Мұныңа да рахмет. Міне менің түріме қарашы: моншада отырған сияқтымын. Мені қойшы, өзегімді өртейтін өз қамым емес. Зәрипа екеуіміз шыдармыз-ау. Екеуіміз бұдан да зорды көргенбіз. Балаларды айтсаңшы... Олардың қиналғанын көргенде, жаным шырқырайды...
Борандының балалары жағаға лақтырып тастаған балықтай мең-зең: оларды шыжыған ыстық пен қапырықтан құтқарар жер жоқ. Айнала төңіректе не бір түп тал, не бір ағып жатқан бір қасық жылға да жоқ. Балаға ең қызығы сол емес пе. Көктем шығып, Сарыөзектің сай-саласы, ойы мен қыры аз ғана күн жасыл зүмірет жамылғанда, бала-шаға бір жасап қалады. Доп ойнап, жасырынбақ ойнап, ен далада асыр салып, сарышұнақ қуалап, мәз-мейрам болады. Олардың қиырға кеткен қиқу даусын естігенде адамның ет жүрегі елжірейді.
Жаз бәрін жайрата келеді. Тынышсыз, тынжылы балалардың өзін алапат аптап бей-жай етіп езіп тастайды. Олар кірерге жер таппай, үй-үйдің ығындағы келте көлеңкеге келіп тығылады; ары-бері пойыздар өткенде ғана тасадан бойлап-бойлап қарап қояды. Олардың бар ермегі осы пойыздар: мына жаққа қанша пойыз, ана жаққа қанша пойыз өткенін, қаншауы жүк тасығыш, қаншауы жолаушы таситын вагондар екенін санайды. Жолаушы таситын пойыз разъездің тұсынан өтіп бара жатып, жүрісін сәл бәсеңдеткен кезде, балалар: әй, енді осы пойыз тоқтайтын шығар-ау, деп дәмеленіп қалады да, қолдарымен күнді қалқалап, жүріп бара жатқан пойыздың соңынан алқынып алып ұшып жүгіре жөнеледі. Кім біледі, сонда, бәлкім, олар мына тозақтан құтылғысы келіп, пойызға ілініп, алыс жаққа кетіп қалғысы келетін шығар. Бала шіркіннің аңғал дәмесі не демейді. Сонда Борандының балалары зымырап бара жатқан вагондардың соңынан қызыға да зарыға қарап қалғанын көргенде, жүрегіңді әлденендей күш жұлқып бара жатқандай болады. Әлгі есік-терезелері айқара ашылған вагондардағы жолаушылардың да күні күн емес: қапырық пен қоңырсық иістен, құжынаған шыбыннан запыста болып, жынданып кете жаздайды. Бірақ олар, әйтеуір, енді екі тәуліктен кейін азап жолынан құтылып, айдын сулы, жасыл нулы жерлерге баратынына көздері жетеді ғой.
Сол жазда ересек біткен, ерлер мен әйелдер жас нәрестелердің обалын ойлап қатты күйзелді. Ал Әбутәліптің ерекше күйзелгенін тек Зәрипа, тағы біреу болса, сірә, Едіге ғана білді. Бұл туралы Зәрипа мен Едіге екеуінің арасында әңгіме де болды. Сол әңгімеде бұл ерлі-зайыптылар тағдырының тағы бір сыры ашылып еді.
Бұлар сол күні темір жолдың қапталына қиыршық тас төсеп жатқан. Ары-бері өткен пойыздардың салмағынан селкілдеп, шпалдардың астындағы қиыршық тас ысырылып түсе береді. Бұлар соны бекемдеп, шпалдардың, рельстің табанын бекітті. Бұл жұмысты арғы-бергі пойыздар өтіп кеткенде ғана істей алады. Мынандай ыссыда бұл бір өнбейтін, азап жұмыс болатын. Түс әлетінде Әбутәліп бос бидонды қолына ұстап, тұйықта тұрған цистернадан ыстық су алып келмек болды. Жолай балаларға да көз қырын сала келейін деді.
Күн күйіп тұрғанына қарамай, ол шпал аттап, жылдамдата басып бара жатты. Өз қамын ойлар ол жоқ, баларына асығып, ентелей түседі. Түр-түсі белгісіз болып, оңып кеткен майка сойдиған сүйекті иығына ілініп тұр. Басында мыжырайған қамыс қалпақ, арықтағаны сонша, шалбары салбырап, мықынынан түсіп қалайын деп тұр. Аяғында баусыз, ескі "рабочий" бәтіңке. Ол ештеңеге назар салмай, бәтіңкесінің табаны салпылдай, шпалдармен адымдап барады. Артынан пойыз таянып қалғанда да, бұрылмады.
— Әй, Әбутәліп, жолдан былай шық! Құлағың бітіп қалған ба, ей?! — - деп айқай салды Едіге.
Бірақ Әбутәліп естімеді. Тек паровоз гудок бергенде ғана, жолдан шығып, еңіске түсті, сонда да арқырап бара жатқан пойызға бұрылып көз салмады. Паровоз есігінен машинист бұған жұдырық білегенін де көрген жоқ.
Соғыста жүргенде де, тұтқынға түскенде де шашы ағармаған. Әрине, онда жасырақ еді, майданға он тоғыз жасында, кіші лейтенант шенімен аттанып еді. Ал енді сол бір Сарыөзектің жазында шашын қырау шала бастады. Күтпеген қырау қоп-қою шаштың о жер, бұ жерінен бұрқ-бұрқ ете қалып, самайын тұтас ақ шалды. Заман түзу, көңілі тоқ кезде, нағыз бозым жігіттің өзі-ақ болар еді. Жазық маңдай, қыран тұмсық, ат жақты, қой көзді Әбутәліп сұңғақ бойлы, әсем жігіт еді. Зәрипа шындыққа бергісіздей қалжыңдап: "Әй, Әбу, жолың болмаған жігітсің ғой, әйтпесе сахнада Отелло ролін ойнайтын адамсың", — деп еді. Әбутәліп те мырс етіп: "Онда мен сені нағыз нақұрыс болып буындырып өлтірер едім. Оның керегі не саған!" — деп қоятын.
Әбутәліптің арттан келіп қалған пойызды байқамағаны Едігені кәдімгідей абыржытты.
— Сен оған айтып қойсаңшы, онысы несі, — деп Зәрипаны күстәналағандай болды. — Темір жолмен жүруге болмайды. Ол үшін машинист жауап бермейді. Мәселе онда да емес. Көпе-көрнеу қатерге бас тігіп не керек?
Зәрипа көнтерілеу тартып бара жатқан алау бетін жеңімен сүртіп тұрып, күрсініп салды:
— Оның осынысынан қорқамын, қайдам...
— Не деп?
— Қорқамын, Едіге. Сенен жасыратын не бар. Ол балалардың, мына менің обалымызға қалдым деп қайғырады. Мен бұған күйеуге шығарда, туған-туысқандарымның тілін алмай, кетіп қалдым ғой. Үлкен ағам тағы тарс кетіп: "Өле-өлгеніңше пұшайман боласың ақымақ! Сен күйеуге тиіп бара жатқан жоқсың, бақытсыздыққа басыңды тігіп бара жатырсың. Сенің балаларыңның балалары әлі тумай жатып бақытсыздыққа ұшырайды. Ал сенің сол ғашық жарың, егер басында миы болса, үйленіп отбасы құруы керек емес, асылып өлуі керек. Оның тығырықтан шығар жолы сол ғана!" — деп еді. Бірақ біз өз дегенімізден қайтпадық. Ақыры соғыс бітті, енді тірілер мен өлілердің есеп айырысатын не жөні бар деп үміттендік. Біз Әбутәліптің де, менің де туыстарымыздан аулағырақ болуға тырыстық. Мына сұмдықты көрмейсің бе, соңғы рет әлгі ағам өз қолымен арыз жазып: "Мен қарындасымның Әбутәліп Құттыбаевқа күйеуге шығуына қарсы болғанмын. Мен қарындасымнан бездім, коп жылдар бойы шетелде болған Әбутәліп Құттыбаев дегенді мен білмеймін, білгім де келмейді", - — депті. Сол сол екен, тағы да сүргін басталды. Қайда барсақ та маңдайымыз тасқа тиеді, енді міне ақыры Борандыдан бір-ақ шықтық. Басқа барар жер, басар тау жоқ.
Зәрипа шақпақ тасты шпалдың астына жұлқына тыққылап, үн-түнсіз қалды. Алдыдан тағы да пойыз көрінді. Едіге екеуі күрек, зембілдерін сүйретіп қапталға түсіп кетті.
Едіге мүшкіл халге түскен осы жандарға, әйтеуір, бір қолы ұшын беру керек екенін сезді. Бірақ оның қолынан не келеді, бәленің бастауы Сарыөзектің cap даласынан да алыста болатын.
— Біздің мұнда күн көріп жатқанымызға көп жыл болды. Сендер де әлі-ақ үйреніп, жерсініп кетесіңдер. Тіршілік керек қой, әйтеуір, деп Зәрипаның жүзіне қарады. Өзі іштей ойлайды: "Е, Сарыөзектің наны кермек татиды. Қыстың күні алғаш келгенде ғой, осы Зәрипа аппақ еді, енді жер-татырындай болыпты, — деп есіл сұлудың көз алдыңда семіп бара жатқанына іші удай ашыды. — Шашы қандай қолаң еді, енді шөлдегі көдедей болып күйіп кетіпті, тіпті ащы күн кірпігіне дейін үйітіп жіберіпті. Ерні қақ-қақ айырылыпты. Әй, бейшара-ай, мұндай өмірге жаралмаған сормаңдай. Сөйтсе де кеудесін сүйретіп, қайсар-ақ, қиындықтан қайтпайды. Қайтқанда қайда барады? Екі баланы қайтеді? Әй, әйтсе де жарамды әйел.."
Сөйткенше қайнап тұрған ауаның шәт-шәлекейін шығарып, автоматтың балқыма оғындай тарсылдап, тағы бір пойыз өте шықты. Бұл екеуі асай-мүсейін көтеріп, жолға шығып, тағы да жұмысқа кірісті.
- — Былай ғой, Зәрипа, — деді Едіге сәл де болса оның көңілін көтеріп, амалсызға айла жоқ екендігін білдірмек болып. — Балалардың мұнда халі мүшкіл екеніне дау жоқ. Өз балаларымды көргенде де жүрегім сыздап қоя береді. Оу, бірақ осындай тозақы ыстық қаққан қазықтай болып тұра бермес те. Әлі-ақ қайтады. Ал, енді ақылға салып қарасаң, бұл Сарыөзекте тұрып жатқан жалғыз сендер емессіңдер ғой. Айнала ел бар, ең құрыса, мына біз бармыз. Болар іс болған екен, енді езіле беретін не бар?
— Едеке-ау, Әбуге мен де соны айтамын ғой ылғи. Артық ауыз қыңқ деп бөтен сөз айтқан емеспін. Оның уайым-қайғысын мен әбден білемін ғой.
— Оның жүдә жөн екен, Зәрипа. Титығына тие берме деп айтайын деп едім саған. Реті келмей жүр еді. Өзің де бәрін білесің де. Жай, әншейін сөздің реті келіп қалды да. Кешір.
— Кейде тіпті қатты қиналамыз. Өзімді де аяймын, оны да аяймын, балаларымды да аяғанда жаным шырқырайды. Әбу түк те кінәлі емес қой, бірақ бізді осында көшіріп алып келгеніне өзін-өзі кінәлап, іштей үгіле береді. Құтқаруға құдіретсіз. Несін айтайын, біздің жақта, Алатаудың аясында, өзен-судың жағасында жағдай мүлде басқа ғой, ауа райы да бөлекше. Балаларды тым құрыса жазда сол жаққа жіберіп алсақ па дейміз. Бірақ кіміміз бар біздің? Кемпір-шалдар жоқ, бәрі де ерте қайтқан. Аға-іні, әпке-сіңлі ағайын дейтін... Оларды да кінәлап болмайды. Бізге бола шатасып қайтеді. Бізден бұрын да қашқақтайтын, енді ғой мүлде ат құйрығы кесілген. Оларға біздің балаларымыз не керек? Сөйтіп-сөйтіп, осыны ойлап, ақылымыз айран болады. Бір-бірімізге айтпасақ та, осы арада сүйегіміз шіриді-ау деп қорқамыз. Әбутәліптің мүжілгенін көріп, өзегім өртенеді... Енді бізді қандай күн күтіп тұр, бір құдайдың өзі біледі...
Осыдан соң екеуі де тіл қатпады. Әлгі әңгімені енді қайтып қозғамады да. Жолға тас төсеп, пойыз келе жатса өткізіп жіберіп, жұмыстарына қайта кіріседі. Қолдан басқа не келеді? Басына іс түскен пенделерге бұдан артық не көмек бере алады, не деп жұбатады? "Әлбетте, мойындарына дорба іліп, қайыршы болып кетпес-ау, — дейді Едіге ішінен, — бір күн көрісі болар. Екеуі де жұмыс істейді. Бұларды ешкім мұнда зорлап айдап әкелмеген де сияқты, бірақ енді құтылар жолы да жоқ. Ертең де, бүрсігүні де бұл тығырықтан шыға алмас..."
Осы бір отбасының тағдырын дәл өзінің тағдырындай көріп, соларға бола неге күйіп-пісіп, неге қамығатынын Едіге өзі де білмей таң болады. Олар кімі еді оның? "Е, бұларда менің шаруам не? Басымды қатырып қайтемін", — деуіне де болады ғой. Біреудің жөн-жосығын жоқтап, ақ-қарасын айыратындай кім еді бүл Едіге? Жер бетінде кім көп, бұл сияқты жұмыскер, дала перзенті көп. Бұл өмірде әділет қайсы, қиянат қайсы деп, ұяты маза бермей, әлек-шәлегі шығып, бұл қалай деп ашу-ызаға мінетін не жөні бар Едігенің? Осы оқиғалардың бастау-көзінде отырғандар істің мән-жайын Боранды Едігеден гөрі мың есе артық білмей ме? Сарыөзекте отырған бұдан гөрі сол бастау-көзде отырғандар, әрине, алыстан көреді. Едігенің неге басы қатады?
Едіге бәрібір мазасыз ойдан айыға алмады. Неге екені белгісіз, әсіресе Зәрипаның халіне бола жаны ауырып, жүрегі сыздады. Осы әйелдің адалдығы, шыдамдылығы, тауқыметпен арпалысып, жанталасқан тірмізіктігі Едігені таңғалдырып, тәнті қылды. Бұл әйел қара дауылдан ұясын қанатымен қақпайлап, шырылдаған бейкүнә құс сияқты болып көрінді. Басқа біреу болса — жылай-жылай омырылып, әлгі арызқой ағасының айтқанына көніп, айдауына түсер еді да. Ал бұл болса өткен соғыстың зардап-запыранын өзінің ерімен бірге бірдей бөлісіп келеді. Әсіресе осы бір әділетсіздік Едігенің жанын жегідей жеп, санасын сарсаңға салды да қойды: қолдан келер қайран жоқ, бұл Зәрипаның балаларын да, күйеуін де қорғай алмайды... Осы бір отбасын тағдыр шіркін жел айдаған қаңбақтай Борандыға әкеліп тастағанына кейін-кейін Едіге әбден өкінген кезі де болды. Соншама азапқа қалып несі бар еді? Ештеңені сезбестен, білместен, сары уайым сарсаңға қалмастан бәз баяғыша жүре бермес пе еді...
VI
Түс ауа Алеуттер аралының оңтүстігін ала Тынық Мұхитта толқындар қозғалаңдай бастады. Америка құрлығының ылдиынан оянған оңтүстік шығыстың желі бірте-бірте қатайып, өзінің бағыт-бағдарын түзеп, күшіне мініп алған. Телегей айдын теңіздің беті теңселіп барып, ыңырана ырғалып барып, десте-десте ырғалаң бірте-бірте қат-қат толқындарға айнала берді. Сірә, бұл дәл сұрапылдың өзі болмаса да, көпке дейін толастамас топалаң толқын боларды.
"Конвенция" авианосеці үшін жалаң мұхиттағы мұндай толқындар қауіпті де емес. Басқа бір кез болса, ол өзінің орнынан қозғала да қоймас еді. Бірақ өздерінің жоғарғы өкіметтерімен кеңесіп алып, жедел қайтып келе жатқан ерекше өкілетті комиссиялардың самолеттері енді-енді келіп қона бастайтын болған соң, қаптал желдің қаһарынан сескеніп, авианосец бұрылып барып, тұмсығын желге қаратып қойды. Бәрі де ойдағыдай болды. Алдымен Сан-Франциско самолеті, соңынан Владивосток самолеті келіп қонды.
Комиссиялар толық кұрамда екен. Бәрі бірдей сұсты, бәрі бірдей үн-түнсіз, әбігерлі сыңай танытады. Он бес минуттан кейін олар жабық мәжіліске жиналды. Мәжіліс жұмысы басталғаннан он бес минут өткенде Құдірет галактикасындағы 1 — 2 және 2 — 1 паритет-космонавттарға арналып, "Паритет" орбиталық станциясының бортына шифрлі радиограмма жіберілді.
"Паритет" орбиталы станциясындағы 1 — 2 және 2 — 1 бақылаушы-космонавттарға: Күн системасынан тысқарыда жүрген 1 — 2 және 2 — 1 паритет-космонавттарға ескертілсін: олар ешқандай әрекет жасамасын. Бірбасордан ерекше нұсқау болмайынша, орындарынан қозғалмасын.
Осыдан соң ерекше өкілетті комиссиялар бір минут уақыттарын бос жібермей, космос кризис-қасатын шешу бағытында пікір алысып, әркім өз позициясы мен ұсыныстарын ортаға салды...
"Конвенция" авианосеці тұмсығын желге қаратып, Тынық Мұхиттың түмен толқындарының ортасында тұра берді. Бұл кезде оның үстінде Жер планетасының ең толғақты мәселесі — талай-тағдыры шешіліп жатқанын әлем жүзінде бірде-бір жан білген жоқ.
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай заулап жатады.
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып cap даланың кіндік тусы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Ана-Бейітке дейін енді екі сағаттай жол қалған. Қаралы керуен Сарыөзекпен сол бұрынғы сарында келе жатқан. Жол басында түйе мінген сол Боранды Едіге, астындағы Қаранар сол сау желген қалпынан әлі танбаған. Ізінше тың жолмен жылжып трактор келе жатыр, тіркемедегі Қазанғаптың сүйегімен қатар тырп етпестен Айзаданың күйеуі отыр, ең соңында "Беларусь" экскаваторы жортақтайды. Бір бүйірлеп, біресе озып кетіп, біресе артта қалып, енді бірде түбіртек түбіне сарып, апайтөс сары төбет Жолбарыс бар ынта-шынтысымен салып ұрып ол келеді.
Күн тас төбеге таянып, қыза түскен. Артта созалаңдап талай жер қалды. Ал Сарыөзектің бір белінен өтіп, енді бір беліне шыға келсең, алдыңда көкжиекке дейін көсіліп, тағы да тағы қиырсыз, тұлдырсыз ту дала көлбеңдей береді. Даланың дарқан кеңдігінде шек жоқ. Баяғы бір заманда бұл өлкені, Сарыөзектің даласын түгелдей дерлік жаулап алған жауыз келімсек жуан-жуан дегендер көпке дейін жайлаған. Бұл жерлерде басқа да көшпелі халықтар болған. Жайылымға бола, құдыққа бола олардың арасында ылғи да қақтығыс жүріп жататын. Біресе анаусы, біресе мынаусы жеңетін. Бірақ жеңімпаздар да, жеңілгендер де бәрібір осы арадан кетпейтін. Көп болғанда біреуінің жері тарылып, біреуінің жері кеңейетін. Елизаров айтады ғой, бұл өлке ондай қан төгіске татитын деп. Өйткені күнкөріс керек, күн көріс үшін осындай нулы жер керек. Ол кезде бұл араға әсіресе көктем мен күзде жауын көп жауады екен де, ірі қараға да, майда малға да шүйгін шоп молынан жетер екен. Сол заманда бұл жерлермен саудагерлер жиі жүріп, сауда-саттық қызады екен. Бірақ кейіннен ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр тамбай, құдықтар құрғап, өрістің шөбі қурап, жердің тандыры тартылыпты. Содан соң келімсек халықтар, түрлі тайпалар Сарыөзекті тастап, басы ауған жақтарына кете бастапты. Ал жуандар болса мүлде жоғалып кетсе керек. Еділге қарай жөңкіле көшіп, сол ақ Еділ бойларында құмға сіңген жауындай зым-зия болыпты. Қайдан келіп, қайда кеткені ешкімнің есінде қалмапты. Қыстың күні Еділдің үстімен опыр-топыр өтіп бара жатқанда қарғыс атып, мұз ойылып кетіп, бүкіл мал-мүлкімен, тұқым-тұқиянымен су жұтып жіберген деседі...
Сарыөзектің түпқазық халқы — шаруа қазақ — қанша қиыншылық көрсе де ешқайда аумай сол баяғы жерінде қалды. Жаңадан құдық қазып, су шығарып өз күнін көріп жатты. Заманнан заман өтіп, Сарыөзектің бойы жандана бастаған кез соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келіп еді. Машина шығып, су тасығыш көліктер пайда болды. Егер шофері жер танығыш болса, бір су тасығыш машинаның өзі үш-төрт малды мекенді сумен қамтамасыз ете алады. Сарыөзекпен шектес жатқан облыстардың колхоз-совхоздары бұл даланың жайылымын кеңірек пайдалану қамымен, осы Сарыөзек мал өрісінің тұрақты баздарын салмақшы да болып жүрген. Ондай құрылыстар қаншаға түседі, қаржыны қайдан аламыз десіп қалған. Асықпағандары қандай жақсы болған. Әсте-әсте, бірте-бірте білдірместен, сездірместен Ана-Бейіт айналасында атсыз қала пайда болды. Оны тек Пошта Жәшік деп атайтын. Жұрттың бәрі де: Пошта Жәшікке бардық, Пошта Жәшікте болдық, Пошта Жәшіктен сатып алдық, Пошта Жәшікте көрдік... десетін болды. Сөйткен Пошта Жәшік құрылыстанып, құлашын жайып, өзінің шебіне бейсеубет адамдарды кіргізбейтін болып алды. Асфальт жол оны бір жағынан космодроммен жалғастырып, бір жағынан темір жол станциясымен байланыстыратын болды. Сарыөзекте сөйтіп жаңа дәуір орнап, өндірісті өлке шыға келді. Бұрынғының жұрнағынан қос өркешті Егіз-Төбенің арасында жатқан Ана-Бейіт қана қалған. Бұл Сарыөзек атырабының ең ардақты зираты болатын. Баяғы заманда жұрт өлген адамын осы бейітке әкеліп қою үшін араға бір түнеп, түу қиырдан келетін болған. Оның есесіне сол Ана-Бейітке қойылған кісінің үрім-бұтағы: біздің бабамыз Ана-Бейіттің өзінде жатыр, деп мақтанады екен. Әдетте Ана-Бейітке көп жасаған, көпті көрген, ісімен де, сөзімен де халқына қамқор болған аса білгір даналар, елі үшін еңіреген ерлер жерленеді екен. Сұңғыла Елизаров бұл араны Сарыөзектің пантеоны дейтұғын.
Сол бір күні сол Ана-Бейітке ит ілескен түйелі-тракторлы қаралы керуен сояудай состиып Боранды разъезінен шығып, тырнадай тізіліп осы қасиетті мекенге таяп келе жатыр еді ғой...
Ана-Бейіттің өз тарихы бар-ды. Атадан қалған аңыз бойынша, әңгіме өткен ғасырларда жуан-жуандардың Сарыөзек даласын басып алуынан басталады. Олар қолға түскен тұтқындарды адам айтқысыз азапқа салатын болған. Реті келсе, жуан-жуандар өз тұтқындарын көрші елдерге құлдыққа сатады екен, ал ондай тұтқындар жолы болған пенделер көрінеді, өйткені олар, әйтеуір, бір қашып шығып, сәті түссе, туған еліне оралады екен. Ал енді жуан-жуандардың қолында құлдықта қалған тұтқындардың күнін құдай көрсетпесін. Жуан-жуандар ондай құрбан құлдардың басына кепеш кигізіп, айуан азаппен ақыл-есінен айырады екен. Әдетте мұндай азапқа қолға түскен жас жауынгерлер ұшырайтын. Ең әуелі олардың шашын бір қылшық қалдырмай тақырлап тұрып ұстарамен қырып алады. Шашын алып бола берген тұста, жуан жуанның жалаңдаған қасапшылары таяу жерде ең сыйдаң-саяқ түйені сойып тастайды, Түйенің терісін сыпырын жатып, ең қалың деген төстік көнтерісін бөлек кесіп алады. Сол көнді кесіп-кесіп, әлі жып-жылы буы бұрқыраған қалпында тұтқынның жап-жаңа шашы алынған тақыр басына қаптай қойған кезде осы өзіміздің қазіргі заманда суға жүзгіштердің басына киіп алатын резинка шәпке сияқты сып-сығыр желімдей жабыса қалады. Басқа көн қаптау деген осы екен. Мұндай сықпытқа ұшыраған пенде не өліп кетеді, не бұл азапқа шыдай алмай ақылынан адасып, өткен-кеткенін мүлде ұмытып, өмір-бақи мәңгүрт-құлға айналады. Бір түйенің төс терісінен бес-алты кепеш шығады екен. Басына кепеш қапталған сорлының мойнына ағаш мойынтұрық кигізіп қояды. Ондағы амал: тұтқын пенде басын жерге жеткізе алмауы керек. Осы бір кейіпте әлгі тұтқынды жуан-жуандар аяқ-қолын тырыстырып байлап, шақшиған күннің астына, ассыз-сусыз, айдалаға апарып тастайды. Өйткені әлгі тұтқын, жаны қысылғанда құлындай шырқырап, өлердегі даусы шығып, жуан-жуандар ауыл-аймағының тынышын алады. Бұл тозақ бірнеше тәулікке созылатын болған. Кепеш бас жатқан жердің ұрымтал тұстарында тұтқынды руластары келіп құтқарып алып кетпесін деп қарулы қарауылдар тұрады. Бірақ қыбыр еткен құрт-құмырсқа көрінетін жазықта ондай әрекет, сірә, некен-саяқ кездескен. Алда-жалда, солай да солай, бәленше жуан-жуандардың қолына түсіп, мәңгүртке айналып кетіпті деген қауесет шыға қалған күннің өзінде әлгі сорлының ең жақын туыстары оны құтқарып, не барымта беріп алуға ынтыға қоймаған. Өйткені бәрібір, енді елге бұрынғы ер-азамат емес, құр сүлде қайтарын олар білген. Тек ел есінде Найман-Ана атанып кеткен найманның бір әйелі ғана өз ұлының әлгіндей халге ұшырағанына шыдамаған. Ол туралы Сарыөзекте сақталған аңыз да бар. Ана-Бейіт атты зират содан қалған.
Айдалада азап кепеш кигендердің, Сарыөзек аптабынан тірі қалғандары аз болыпты. Әлгі мәңгүрттердің бесеу-алтауынан тек бір-екеуі ғана тірі қалатын көрінеді. Өлгендері аштықтан да емес, тіпті сусамыр шөлден де емес, күнге кеуіп тырысқан көн терінің басты шығыршықтай қысып, жан шыдатпас талқысына шыдай алмай өледі екен. Тақыр шекедегі шикі көн шыжыған күннің ыстығымен құрысып, тырысқан кезде тұтқын-құлдың басына темір құрсау салып бұрағандай сықырлата сығады. Күн екінші тәулікке айналғанда-ақ азапкердің тақыр басына шаш шыға бастайды. Азиялықтың тікендей қайсар шашы кей-кейде көн теріні тесіп кіріп кетеді екен де, көбінесе шығарға тесік таппай, кері қарай иіліп барып, бастың өзін бұрғылай бастайды. Ондайды құдай дұшпанына да салмай-ақ қойсын. Сол азаптың ақыры ақыл-естің айнуына ұласады. Тек бесінші тәулік дегенде жуан-жуандар келіп, тұтқындардың қайсысы тірі қалды деп тексереді. Егер азапкерлердің біреуі тірі қалса да, мақсат орындалды деп есептейді. Ондай бейбаққа сусын беріп, құрсаудан босатып, бірте-бірте әлдендіріп, аяғына тұрғызады. Енді бұл зорақыдан ақыл-естен айырылған мәңгүрт — құл деген сөз. Сондықтан да мұндай мәңгүрт басқа он сау құлға татырлық, аса құнды құл саналады. Тіпті көшпелілер арасында мынадай шарт та болған: егер өзара қақтығыс қантөгісте мәңгүрт-құл өлсе, ол үлкен шығын, оның құны өзге азат адамның құнынан үш есе қымбат төленген.
Мәңгүрт өзінің кім екенін, ел-жұрты, руының кім екенін, өз атының кім екенін білмес. Балалық шағы, әке-шешесі де мүлде есте қалмас. Бір сөзбен айтқанда, мәңгүрт өзінің адам екенін аңғармас. Өзінің кім екенін білмейтін, сезбейтін мәңгүрттің шаруашылық тұрғыдан келгенде толып жатқан артықшылығы болған. О да бір, тілсіз мақұлық мал да бір, сондықтан ол қауіпсіз де, иесіне шексіз бағынған құлақ кесті құл Қашып құтылып кету деген ұғым оның ойына мүлде келмес. Қайбір құл иеленушіге болмасын ең қауіптісі — құлдың көтерілісі. Қай құлды алмаңыз, ішінде нағыз бүлікбас бұғып жатады. Мәңгүрттің басқа құлдардан өзгешелігі сол — онда ешқашан бүлік шығару, бағынбау деген сезім оянбас. Ондай пиғылдан ол ада. Сондықтан да оны қадағалап, қарауылдаудың қажеті жоқ, жаман пиғылы бар-ау деп сезіктенудің де керегі жоқ. Мәңгүрт те ит сияқты иесіне ғана пейіл. Басқа ешкіммен ол сұхбаттаспас. Бар ойлағаны қу қарынның қамы — қарны тоқ болса болды. Ал енді тапсырылған іске жан-тәнімен кірісіп, пәруана беріліп, мүлтіксіз орындайды. Әдетте мәңгүрттерді ең лас, қиямет жұмысқа салар еді, көнтері біреу болмаса басқа адам төзбейтін, жылбысқыдай жалықтыратын ең мезі жаман мехнатқа жегетін. Сарыөзектің меңіреу даласындағы елсізде түйе келелерінің соңынан қалмай жападан-жалғыз мал жаю үшін мәңгүрттен басқа жан баласы шыдамас еді. Ондай ит өлген жерде бір мәңгүрт бәленбай адамның жұмысын атқара алады. Тек атауын берсең болды — мал соңында қысы-жазы жалғыз өзі бел шешпей тағдырға налып қыңқ етпей жүре береді. Қожасының пәрмені мәңгүрт үшін бұлжымас заң. Бар тілері қу тамақ, далада үсіп өлмес үшін ескі-құсқы қомыт киім, басқа ештеңенің керегі жоқ...
Тұтқынның басын кесіп алу немесе оның зәресін зәр түбіне жіберу үшін басқа бір кез келген жаза деген құдайдың рақаты ғой. Дүниедегі жаза біткеннің сұмдығы адамды ақыл-есінен айыру да. Ақыл-ой — адам өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына ғой. Біреудің қолында бар байлық басқа біреуде де бар болар, ал ақыл-ой тек саған ғана тән, басқалардікінен бөлек жалғыз асылың. Біреудің ақылы біреуге қазына болмайды. Өзінің түнек тарихынан тағылықтың ең сұмдық, қатыгез түрін мирас қылған көшпенді жуан-жуандар адамның әлгі ең асыл қазынасына қорқаулық жасаған. Олар құлдарды сап-сау күйінде ақыл-есінен таза адастыру амалын тауып, сол арқылы адам баласының болмысына дүниедегі зұлымдық біткеннің ең бір сорақы-зорақысын қолданған ғой. Мәңгүртке айналған тірі өлік баласын жоқтап тұрып, қара күйік пен қасірет-қайғының запыранын жұтып тұрып, Найман-Ана былай деп бекер айтпаған да:
"О, құлыным, сенің басыңа көн қаптап, темір қысқышпен жаңғақ шаққандай етіп, шығыр салып бұрап, ақыл-есіңнен айырғанда, басыңды құрсаулап қойып қысқанда, үрейлі көзің шарасынан шыға қанды су аққанда, Сарыөзектің түтінсіз жалынында қақталып, ажал аузында ындының құрып жатқаныңда, кезерген ерніңе аспаннан бір тамшы тамбағанда, о, құлыным, саған сонда күллі әлемге тіршілік беруші Күнді сен қарғаған жоқ па екенсің? Сонда саған жарық Күн Дүнне-Әлемдегі шамшырақ жұлдыздардың ішіндегі ең қап-қара дүлейі, көзсіз соқыры болып көрінген жоқ па екен?
Айдала сенің ащы айқайыңнан жаңғырығып, азапқа шыдай алмай, күндіз-түні жанталасып, өкіре өксігіп, безбүйрек аспанға қарап, көк тәңіріден араша күткен сәтіңде, жан азабы мен тән азабына төзе алмай, тұла бойың бұлқына бұралып, жұлқына берген соң аузыңнан құсық, артыңнан нәжіс кетіп, сол сасықтан тұншығып киіздей тұтасқан шыбын-шіркей бет-аузыңа үймелеп, ес-түсіңнен айырылып бара жатып, соңғы дәрмен қуатпен бар даусыңмен бақырып, мына дүниені жаратып алып, оны өзі тастап кеткен қу құдайды қарғадың ба екен, құлыным?
Адам айтқысыз азаптан айныған ақыл-ойыңды біржолата қараңғылық басып, зорақыдан алжасқан зерде тұманданып, анаңның дидарын, өзің жазда жағасында жүгіріп ойнап жүретін тау бұлақтың сылдырын мәңгі ұмытып бара жатқаныңда; өз атың, әкеңнің аты, ағайын-туғандарыңның түр-түсі, өзіңе қарап ұялып жымиятын қыздың аты жау жапырған жадыңнан мүлде шығып бара жатқанда, ақыл-ессіз тұңғиыққа мәңгі-бақи батып бара жатқаныңда, сен сонда, құлыным, сені жарық дүниеге әкелгенім үшін, сені туғаным үшін мына бейбақ анаңды қаһарлана қарғамадың ба екен?"
Бұл оқиға көшпелі Азиядан ысырылған жуан-жуандар солтүстікке қарай лап қойғанда болып еді. Жуан-жуандар Сарыөзекті көпке дейін жаулап алып, онымен де қоймай жер көлемін ұлғайтпақ болып әрі десе қолға құлдар түсірмек болып, жан-жағындағы елдермен үздіксіз жауласа берді. Ә дегенде тұтқиылдан шабуылдап, Сарыөзекке жақын жатқан тайпалардың талай-талай ер-азаматын, тіпті қатын-баласын да қолға түсірді. Бәрін де құлдыққа салды. Бірақ басқа тайпалар бірте-бірте есін жиып, бас көтере бастады. Жуан жуандар Сарыөзектен кетпек былай тұрсын, қайта малға құт осы кең далаға біржолата қазық қаққысы келіп жанталасты. Ал жергілікті халық болса, басқыншыларды қуып шығып өз жерін ерте ме, кеш пе, әйтеуір қайтарып алуды өздеріне парыз санап, бұл қиянатқа көнгісі келмеді. Қалай дегенде де, ірілі-ұсақты ұрыстарда, біресе анау жеңіп, біресе мынау жеңіп, соғыс созыла берді. Бірақ сол созалаң соғыстың өзінде де ара-тұра тыныштық орнаушы еді.
Сондай бейбітшіліктің бірінде мүлік артқан, керуен тартқан саудагерлер найман еліне келіп, дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, өздерінің Сарыөзектен кедергісіз өткенін айтады. Жуан-жуандар құдықтан су алуға аса тыйым салған жоқ дейді. Әңгіме арасында Сарыөзекте мыңғырған келе-келе түйе бағып жүрген бір жас түйешіні көргендерін еске алады. Саудагерлер әлгі түйешімен сөйлескісі келген екен, сөйтсе ол мәңгүрт екен. Былай қарасаң сап-cay сияқты, тіпті ақыл-есі жоқ деп ойламайсың. Бір кезде ол да шешен, зерек болған шығар, өзі әлі жап-жас, мұрты енді-енді тебіндеп келеді, түр-тұлғасы да тәп-тәуір. Ал сөйлесе кетсең — кеше туған бала сияқты. Байғұс не өзінің атын, не әке-шешесінің атын білмейді. Өзіне жуан-жуандардың не бәле істегенін де сезбейді. Өзінің туған ел-жұртын, руын да білмейді. Не сұрасаң да үндемей тұрып-тұрып: "иә" немесе "жоқ" дейді, бар айтары сол Басындағы кепештен қолын бір алмайды-ау, алмайды. Күнә болса да, адамдар кейде кемістікке де күледі. Осы әңгімені айтып отырып, саудагерлер кейбір мәңгүрттердің басына түйенің терісі мәңгі қатып қалатынын да еске алды. Ондай мәңгүрттерді: "Кәне, басыңдағы түйенің терісін сыпырып алып тастайық", — деп қорқытсаң, ол үшін бұдан асқан азап жоқ, жабайы жылқыдай жұлқынып, басына ешкімді жолатпайды. Ондайлар өмірі басынан кепешті алмайды. Ұйықтаса да сол бас киіммен жатып ұйықтайды... Бірақ десті саудагерлер, ақымақты ақымақ дерсің-ау, ал әлгі мәңгүрт өз шаруасына тас-түйін, керуен әбден ұзап кеткенше қалың түйе келелерін қас қақпай күзетіп, қалшиды да тұрды. Бір керуенші әлгі мәңгүртті алдамақ болып:
— Ал біздің жолымыз алыс. Кімге сәлем айтасың? Сұлу қызың бар шығар, ол қай жақта? — дейді. — Жасырмай айта ғой. Естимісің-ей? Сол қызға сенен сәлемдеме деп орамал апарып берсек қайтеді?
Мәңгүрт керуеншіге қарап-қарап тұрып, ақырында:
— Мен түнде ылғи айға қараймын, ай маған қарайды. Бірақ бір-бірімізді естімейміз... Айда біреу отыр... — деп міңгірлейді.
Осы әңгіме үстінде саудагерлерге шай құйып беріп бір әйел отырған. Ол Найман-Ана еді. Найман-Ана деген атпен Сарыөзекте аңыз болып қалған.
Найман-Ана жолаушылардың көзінше сыр берген жоқ.
Әлгі хабарды естігенде шай құйып отырған әйелдің түрі өзгеріп, өзегі өртеніп кеткенін ешкім байқамай да қалды. Саудагерлерден әйел әлгі мәңгүрт туралы егжей-тегжейлі сұрап көрмекші болды да, сол естігеннен артық хабар білудің өзінен қорқып кетіп, тілін тістей қойды. Кеудесінде бір күдік жаралы құстай шар етіп еді, өзін-өзі әрең тежеп, тіл қатпады... Бірте-бірте сорлы мәңгүрт мүлде ұмытылып, әңгіме ауаны басқа жаққа көшті. Дүниеде не болмайды, соның бірі де, тәйірі. Ал Найман-Ана тұла бойын билеп алған үрейді, қолының дірілін білдірмеуге тырысып, кеудесіндегі шар еткен жаралы құстың үнін өшіргендей болып, тек бурыл басынан көптен бері түспей келе жатқан қаралы жаулықпен бетін бүркемелей берді.
Саудагерлер көп ұзамай өз жолымен кете барды. Сол бір ұйқысыз өткен түнде Найман-Ана Сарыөзекке барып, әлгі мәңгүрт түйешіні іздеп тауып, өз баласы емес екеніне көзі жеткенінше жаны жай таппайтынын ұқты. Ұлының соғыс даласында мерт болғанына бұрыннан да ана жүрегі түскір бір түрлі шүбәлана беретін сияқты еді, сол бір зілмәуір зымиян күдік көкейінен қайта көтерілген... Соңырасыз сол күдікпен жүрегі мәңгі сыздап, ұдайы үрей меңдеп жүргенше, өлі-тірісіне біржолата көз жеткізіп қайту керек болды.
Сарыөзек жағындағы жуан-жуандармен бір соғыста мұның ұлы шейіт болып кетіп еді. Оның алдындағы шайқаста күйеуі өлген. Ол наймандардың ішінде әйгілі даңқты кісі еді. Кейін әкесінің кегін алмаққа келесі жорыққа ұлы аттанды. Өлгендерді соғыс даласында қалдырып кетуге болмайды. Жорықтас ағайын өлген жауынгердің сүйегін елге қалайда алып қайтуға тиіс. Бірақ бұл жолы амал болмай қалды. Сол бір сойқан қоян-қолтық соғыста Найман-Ананың ұлы аттың жалын құша құлағанын көбі көрген. Ұрыстың дабылынан үріккен асау ат бір шетке ытырыла жөнелген. Үстіндегі жауынгер ерден құлап түсіп, үзеңгіден аяғы шықпай қалған кезде, әлгі аты түскір бұрынғыдан бетер үркіп, ақилана шауып, айдалаға әлгі өлі денені сүйретіп алды да кетті. Сұмдық болғанда, ақикөз ат жау жағына қарай зымырасын. Әрбір жауынгер жанталаса жағаласып, ұрыстың нағыз қызған шағында шашау кету қиын, сонда да болса әлгі иесін сүйреткен аттың алдын кес-кестеп ұстап алмақ болып, екі ағайын тұра ұмтылған. Бірақ та сайда жасырынып жатқан жуан-жуандардың тыл әскерінен бірнеше бұрымшаштылар қиқулай шауып, әлгі екеуді атойлады. Наймандардың бірі ә дегенде-ақ садақтың жебесі тиіп мұрттай ұшты, екіншісі қатты жараланып, атының басын бұрып, өз тобына әрең жетіп, гүрс етіп жерге құлап түсті. Жамандық көрмей, жақсылық жоқ, дегенмен осы жағдай арқылы наймандар жуан-жуандардың жасырынып жатқан тың жасағы бар екенін біліп қалды да, сол жасақтың нағыз шешуші сәтте бір бүйірден лап қоюынан сақтанып, етек-жеңді қайта жинап, қайта атой саларға, көп шығын шығармай тез шегіністеді. Әлгі жас жауынгерді — Найман-Ананың ұлын іздеу енді, әрине, ешкімнің ойына да келмей ес шыққан кез еді... Өз тобына қайта жетіп үлгерген жаралы найманның айтуы бойынша, жас жауынгерді сүйреткен ат белгісіз жаққа лезде батып, көзден ғайып болып кеткен...
Наймандар өлікті бірнеше күн қатарынан шарқ ұрып іздеді. Бірақ не өлікті, не оның атын, не қару-жарағын таба алмады. Бір белгі жоқ, із-түзсіз кетті. Оның өлгеніне ешкімнің күмәні қалмаған.
Тіпті жарадар болғанның өзінде, осыншама уақыт ішінде ол мына мидай далада шөлдеп, не қансырап өледі. Жас жауынгердің туыстары бауырымыз Сарыөзектің шөлінде көмусіз қалып кетті деп, жоқтау айтып, ұлардай шулап көп жылады. Көмусіз қалғаны — сүйекке таңба. Найман-Ананың үйінде жоқтау айтып жылаған әйелдер өз байлары мен бауырларын күстаналап:
— Есіл ерді қарға-құзғын шоқыды-ау, ит-құсқа шіркін жем болды-ау! Оны жалғыз тастап кетіп, бастарыңа бөрік киіп, қайтіп еркек болып жүрсіңдер-ау! — деп күңіренді.
Сөйтіп Найман-Ана басына құлазыған дүниеде құлазыған жалғыздық күн орнады. Соғыс болған соң адам құрбан болмай тұрмасын ол біледі, әрине. Бірақ өз ұлының айдалада жападан-жалғыз, жүзі жасырусыз, көмусіз қалғаны сорлы ананың жанын жегідей жеп барады. Қайғының қалың нуында аңырап қалды. Қатпар-қатпар қайғыны бөлісетін ешкім жоқ, бір құдайдан басқаға арыз айтып, шағынар да пенде жоқ...
Біржолата күдер үзерге, жайраған жалғыз ұлдың жұлыны жұлынғанын өз көзімен көру керек. Өлген екен, әне сонда тағдырдың салғанына кім таласпақ? Ана жүрегін бәрінен де күпті қылған жайт
— ұлының ереуіл атының ұшты-күйлі жоғалып кетуі еді. Үйірде өскен жылқы баласы ерте ме, кеш пе, әйтеуір, өзі от оттаған жерге бір оралып, үзеңгіге аяғы ілініп қалған өлікті сүйретіп ала келуі керек еді. Әне сонда ана сорлы қанша үрейлі болса да, өліктің үстіне құлап түсіп, ойбайын салып, өз бетін өзі тырнағымен орып жіберіп, құдай қарғап қойған сормаңдай сорлымын мен деп, ай бір аңырар еді; сонда соқыр құдайдың құлағы керең болып қалмаса, сол аңырақай жоқтаудан жаны шошыр еді. Әне сонда сорлы ана баласынан біржолата күдер үзіп, ақ мамасы қара тасқа айналып, ендігі жерде өлімнен де қорықпай, ажал қашан келсе де аялдамай, алаңдамай, артына қарайламай, сол зұлматты қарсы алар еді. Қырсыққанда, ұлының өлігі табылмады, аты қайтып келмеді. Басқа жамағайын мұның баласын бірте-бірте ұмыта бастады, дүния халі солай ғой, шығын қанша ауыр болса да, жара шіркін бірте-бірте жазылар да... мәңгі ұмытылар. Бірақ жалғыз ана жүрегін күдігі түскір кеміре берер. Бәрі-бәрі ұмытар, тек ана ғана тағат таппас, ұмыта алмас. Ана байғұс баладан басқаны ойламас. Ереуіл атқа не болды, ер-тұрманы, қару-жарағы қайда қалды — ең құрыса, солардың бірі табылса, ұлының қандай халге ұшырағанын шамалауға болар еді-ау. Сарыөзектің бір бұлымында әбден қалжырап, тұралаған тұл атты жуан-жуандар ұстап алуы да ықтимал ғой. Әбзелді ат та олжа емес пе. Олай бола қалған заманда, үзеңгіге аяғы ілініп сүйретілген ұлдың күні не болды? Жуан-жуандар оның жүзін топырақпен жасырды ма, жоқ әлде ит-құсқа жем болсын деп тастап кетті ме? Ау, егер ол әлі кеудесінде жаны бар болса ше, ғажайыптан шыбын жаны шықпаса ше? Сонда жаулар оны азаптан біржолата құтқарып, өлтіре салып, айдалаға тастап кетті ме екен, әлде? Әлде? А, кенеттен?.. А, бәлкім?..
Күдік-шүбәда шек жоқ. Осынау кезбе саудагерлер шай ішіп отырып, Сарыөзекте кездескен жас мәңгүрт туралы әңгіме айтқанда, олар Найман-Ананың өзі өртенгелі тұрған өзегіне шок салып жібергендерін сезбей де қалды. Ана-жүрек әлдеқалай сезіктен аласұрып, атқақтап ала жөнелген. Әлгі жас мәңгүрт менің бейбағым емес пе екен деген ой жатса-тұрса мазалап, бүкіл санасын шырмап алды. Ақыры өз көзімен көріп, бөтен біреу болса, оны анықта, күдер үзбейінше, көңілі тыншымайтынын ақиқат сезді.
Наймандардың жазғы жайлауы болған ойлы-қырлы осы өңірде тастақ бұлақтар ағып жатады. Түні бойы Найман-Ана сол бұлақтың сылдырын сарыла тыңдайды. Оның алқынған жүрегіне үндес емес сылдыр бұлақ не дейді? Соны тыңдап сорлы жүрек тыншығысы келеді. Сарыөзектің тылсым даласына аттанар алдында мына жәудір бұлақтың сыбдыр үніне әбден қанып, қуаттанып алғысы келеді. Сарыөзекке жалғыз аттанудың қаншалықты қатерлі, қауіпті екенін ана шіркін біледі, бірақ өзі тәуекел еткен тіршілігін жан баласына тіс жарып айтқысы жоқ. Бәрібір оның жан дүниесін ешкім түсінбес еді. Оның бұл әрекетін ең жанашыр дегендердің өзі құптамас. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған ұлын да адам іздей ме екен? Әйтеуір, бір себеппен тірі қалғанның өзінде де, мәңгүрт болып кеткен ұлдан не қайыр, оны іздеп не азап, құр бекерге жүрегіңді жұлмалап не керек? Мәңгүрт дегенің бір кездегі сау адамның қарақшыдай болып қалған қаңқасы емес пе? Оны көргеннен не береке?..
Жолға аттанар сол бір түн. Найман-Ана үйден бір шығып, бір кірді. Түн сықпытына тесіле қарап, тың тыңдап, бағдар бағамдап, ойран болған ойын жинақтап, ұзақ тұрады. Аспан ашық, сүттей жарық жер бетіне әлжуаз нұрын себелейді. Дөң-дөңестерді бауырлай шоғыр-шоғыр тігілген ақ үйлер мына шылдырақ бұлақтарды жағалай қонақтап қалған аққу құстар сияқты. Ауыл іргесіндегі қой қотан мен одан әрі жылқы жайылып жатқан жылға сай жақтан иттердің үрген үні, адамдардың күбір-сыбыр даусы естіледі. Ауыл сыртында қыздар қосылып ән салып жүр. Бәрінен де Найман-Ана жүрегін осы ән елжіретеді. Өзі де бір кезде осылайша айлы түнде ән салған... Ес біліп, осы елге келін болып түскелі бері бүл ауыл жылда осы жерлерге жайлауға шығады. Бар өмірі осы өлкеде өтіп келеді. Кезінде керегесі кең, үйі толы адам еді, төрт үй қатар тігілетін. Біреуі — ас үй, біреуі — қонақ үй, екеуі — жатын үй еді. Жуан-жуандардың шапқыншылығынан кейінжалғыз...
Иә, ол енді жалғыз үйді тастап кетіп барады... Жолға кеш бата-ақ жиналған. Ас-су дайындалған. Суды көбірек алды. Сарыөзекке жеткенде бірден құдық табыла ма, жоқ па деп, екі мес су құйып алды... Күн батар-батпастан Ақ інгенді мама ағашқа байлап қойды. Бар үміт артар жалғыз жолдасы сол. Ақ інгеннің күші мен жүйріктігіне сенбесе, Найман-Ана Сарыөзектің меңіреу даласына тәуекел деп аттанбас та еді. Екі рет боталаған Ақ інген сол жылы қысыр болғандықтан мініске берік, жарау күйінде-тін. Ұзын тірсек, бедеу інгеннің табаны серіппелі еді де жас малдың табаны мұқала қоймаған, қос өркеші тіп-тік, әдемі иір мойын, қырым етсіз келісті бас, сау желгенде екі танауы көбелектің қанатындай желпілдеп, ауаны қомағайлана тартатын Ақ інгеннің құны тұтас бір келеге пара-пар еді. Мұндай жел жануардан ұрық алып қалар үшін ондаған тайлақты матап тұрып берер еді. Мыңғырған малдан Найман-Ананың қолында қалған жалғыз алтын қазынасы осы Ақ інген-ді. Басқа байлық сабындап жуған қолдың кіріндей ғайып болды. Бәрі де өлі аруақтардың сыбағасы болып, қырқына сойылды, жыл толған асына ысырап болды... Қазір әлдебір үмітпен өзі іздеп бара жатқан ұлына да осы таяуда жуық жерлердегі исі найман баласын шақырып, қарақұрымдай жұртты жиып, ақырғы асын беріп таратқан.
Таң қылаңда Найман-Ана жиынып-терініп үйден шықты. Табалдырықтан аттай бере, босағаға сүйеніп, ұйықтап жатқан ауылды мұңлы көзбен тағы да бір шолып алды. Әлі де сыны таймаған сымбатты Найман-Ана алыс сапардың салты бойынша белді бекем буынған. Аяғында етік, шалбарланып алған. Көйлек сыртынан қысқа жеңді қамзол, оның сыртынан желбегей шекпен жамылған. Басын ақ жаулықпен орап, желке тұсын түйіп қойыпты. Түні бойы ойлап-ойлап, ақыры ұлыммен кездесу сапарына бара жатсам, қара жамылып керегі не деген. Әгәрім үміті ақталмаса, әлі де қара жамылып үлгірер. Алагеуім сәтінде шашының ағарғаны, қасіреттің таңбасындай жүзін айғыздаған әжімдері білінбейді екен. Сол бір шақта жанарына үйіріліп жас келді де, көкірегі қарс айырылып күрсініп салды. Осындай хал кешемін деп ойлап па еді... Лезде қайратқа мініп, бойын жинады. Босағадан аттай беріп: "Би-исми-л-лаһи-р-рахмани-р-рахим" — қайырымды, шапағатты Алла атынан" деп Ақ інгенге қарай адымдап ала жөнелді. Інгенді шөк-шөк деп шөгергенде, Ақ інген жарықтық әдеті бойынша ыңырана бақ-бақ етіп, төсін жерге төсеп, тізесін бүге берді. Аша үстіне қоржынды артып болып, Найман-Ана інгенге мініп, шу-шулегенде жануар тізесін жазып, үстіндегі иесін аспандата түрегелді. Алыс сапар тұрғанын Ақ інген сонда сезді...
Найман-Ананың аттанғанын үйдегі қызметші қайын сіңлісінен басқа ешкім сезген жоқ. Ұйқысыраған қайын сіңлісі есінеп тұрып, жеңгесін жалғыз шығарып салды. Найман-Ана қайын сіңлісіне: "Ертең төркіндеріме аттанамын, біраз күн қонақтап, егер жолсерік табылса, Қыпшақ еліне асып, Түркістан барып, қасиетті Әзіреті-сұлтан Қожа Ахмет Яссауи мешітіне тағзым етемін", — деп кеше ескерткен...
Әркім-әркім жөн сұрап әуре етер деп, жолға таң бозынан аттанды. Ауылдан қашықтап барып, тылсым түнек түкпірінен әрең-мәрең көлбеп жатқан Сарыөзектің даласына қарай бет алған...
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай ағылып жатады.
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тусы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде, қашықтық атаулы уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады.
"Конвенция" авианосецінің бортынан "Паритет" орбиталық станциясындағы бақылаушы космонавттардың атына тағы бір шифрлі радиограмма жөнелтілді. Бұл радиограммада да: Күн Галактикасынан тысқары жақта жүрген 1 — 2 және 2 — 1 паритет-космонавттармен олардың қайта оралу мәселесі жөнінде ешқандай келісім болмасын, радиобайланыс жасамаңдар деп қатыбас қатаң түрде ескертілді! Бұдан былай да Бірбасордың нұсқауын күтіңдер делінді.
Мұхит дауылы сәл бәсеңсіген. Авианосецті толқындар едәуір тербеп тұрған. Алып кеменің құйрық жағын ала Тынық Мұхиттың суы сапырылып, асыр салып, асып-тасып жатты. Теңіз айдынында толқынмен ойнаған сансыз ақ көбік жалдарды мың құбылтып жалтырата жайнап қақ төбеде күн жарқырап түр. Бір сарынмен жел еседі.
"Конвенциядағы" жан біткен — авиаторлар да, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері де — бәрі-бәрі сауысқандай сақ қалпында, сақадай сай күйінде...
Сарыөзектің ой-қыры мен жазирасын қусырып Ақ інген жарықтық тынбай ыңырана боздап, сау желіп келе жатқалы да бірнеше күн өтті. Иесі болса тыным бермей, Ақ інгенді сауырлап, аптап атыраппен аңыратып келеді. Тек түнде ғана сирек кездесетін саяқ құдықтың басына түнеп шығады. Ал таң ата Сарыөзектің сансыз қатпар-жықпылынан мыңғырған түйе табынды іздеп тағы жолға шығады. Күні кеше көрген кезде, саудагерлердің айтуы бойынша, олар мәңгүрт түйешіге пәленбай шақырымға созылып жатқан осы Құмдышаптың тұсында кездескен. Найман-Ана енді сол мәңгүртті іздеп, шарқ ұрып жүр. Жуан-жуандарға тосыннан түйісіп қаламын ба деп қорқа-қорқа Құмдышапты айнала шарлағанына да екінші күн. Бірақ қанша шарқ ұрғанмен қу дала мен сары сағымнан басқа ештеңе көзге ілікпейді. Бірде тіпті алыс күмбездері көкке өрлеген ғажайып қала көрінгендей болды да, Найман-Ана соған жетпек болып, ит өлген жер жүріп, арам терге малынды. Ондағы ойы: "Балам сол шаһарда құлдар сататын базарда жүрген шығар" деген дәме еді. Құлдыққа сатылайын деп тұрған жерінен баласын құтқарып, Ақ інгенге мінгестіріп алып қашса, оны ешкім де қуып жете алмас еді... Сөйтсе, бұл алдамшы сағым екен, алданғанына қатты күйінді.
Сарыөзектен адам іздеп табу деген оңай ма екен: адам да бір, бір түйіршік құм да бір. Ал енді кең өрісте жайылып, мыңғырған мал жүрсе, оны әйтеуір ерте ме, кеш пе, табасың. Соны тапсаң, бақташысы да табылады. Найман-Ананың есебі солай еді.
Бірақ еш жерден тірі жан кездеспеді. Жуан-жуандар қалың малын басқа өріске ауыстырып әкетті ме, әлде толайым күйінде Хиуа мен Бұхардың базарына айдап кетті ме деп те сескенді. Олай болса, түйеші мәңгүрт ит арқасы қияннан кайтып орала ма, жоқ па?.. Ана шіркін көкірегін қайғы мен күдік кернеп, ауылдан аттанарда жаратқаннан бір-ақ тілек тілеген: мейлі мәңгүрт болсын, мейлі ессіз, ақылсыз пенде болсын, кім болса, ол болсын, әйтеуір, менің балам болып шықса екен, әйтеуір, тірі көрсем екен... Бір көрсем — арманым жоқ! — деген. Бірақ та жуырда кезбе саудагерлер керуені әлгі мәңгүртті кездестірген жерге жақындаған сайын ана жүрегі ақыл-ессіз мәңгүрт ұлды көруден сескеніп, тұла бойын үрей билей берді. Енді құдайға: "Е, жасаған, балам тірі болмаса болмай-ақ қойсын, бірақ әлгі мәңгүрт сол болып шықпаса екен, бақытсыз басқа біреу болып шықса екен", — деп жалбарынды. Ал алыстан сарылып, сансырап келе жатқандағы мақсаты — әлгі мәңгүртті өз көзімен көріп, өзінің ұлы емес екеніне әбден сеніп, біржолата күдер үзу. Күдер үзіп, елге қайтып, қалған ғұмырында тағдырдың салғанын көріп жүрер еді де... Енді бірде бұл райдан қайтып: "Е, құдая, сол бейшара мәңгүрт басқа біреу емес, тек менің ұлым болса екен деп зарыға, зарлана тіледі. Мәңгүрт тұрмақ, тағы бір бәле болып кетсе де, тек менің ұлым болса екен..."
Ойлар сайысының осындай ойранында келе жатып, енді бір қырқадан аса бергенде, кең алқапта жайбарақат жайылып жатқан түмен түйе табыны көзіне оттай басылды. Өркештерін май тұтқан қоңыр түйелер маңғаздана маң-маң басып, әр қараған, шеңгелдің басын бір шалып, жайылып жүр. Іздегенім ақыры табылды-ау деп Найман-Ана ә дегенде қуанғаннан Ақ інгенді сауырлап, өріске қарай салып ұрып келе жатты да, кенет қазір мәңгүрт ұлымен көрісетіні есіне түсіп, есі шығып, тұла бойы қалшылдап, үрей-үркек болды да қалды. Тағы бірде қуаныш бойын кайта билеп, не болғанын білмей, жүрегі түскір алып-ұшты.
Мыңғырған мал мынау, ау, мұның бақташысы қайда? Осы маңда болса керек еді. Өзектің арғы бетінен бір адам көрінді. Аулақтан кім екенін айыру киын. Қолында ұзын таяғы бар, үстіне қоржын, торсық артқан мініс түйесі жетегінде, әлгі бақташы сабалақ тұмағын баса киіп, жақындап келе жатқан жолаушыға бей-жай қарап, қозғалмастан тұра берді.
Таяп келіп, Найман-Ана өз ұлын танығанда, түйе үстінен қалай аунап түскенін өзі де білмей қалды. Ақ інгеннен құлап түскендей болып еді, оны елер шама жоқ!
— О, ұлым менің, құлыным! Мен сені іздеп шарқ ұрдым! — Ол киіздей тұтасқан баялышты кеше-меше ұмтылды. — Мен сенің анаңмын!
Жүрегі түскір су-у-у ете қалды. Аяғымен жер тепкілеп, аузы-басы кемсеңдеп, өзін-өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос-қолдап құшақтап алған. Төбесінен ұдайы төніп тұрған қара қайғы зілмәуір салмақпен енді келіп үстіне құлағанда, амалсыздан аңырап, азалы бір, үрейлі бір үнге басқан. Жылап тұрып, жас жуған ақ шашының арасынан, бетіндегі шаң-тозаңды көзден аққан жас лайланып, соны сүртпек болып, діріл қаққан саусақтарының арасынан әлі де үміткер көңіл өз ұлының таныс дидарына қадалады. Мені таныр ма екен деген ынтызар үмітпен ұлының жанарына жалбарына көз тігеді. Өз анасын тану деген сонша қиын емес қой, құдай-ау!..
Бірақ анау бұл әйелді осы даладан күнде көріп, әбден көзі үйреніп кеткендей-ақ, бұл жолаушының алыстан арып-ашып келгеніне титтей де мән берген жоқ. Қасында біреу бар ма, жоқ па, неге жылайды-ау, неге күйзеледі-ау деген не, жо-жоқ, селт етпеді-ау сабазың. "Ау, неге жылап тұрсыз?" — деп те сұрамады. Ол-ол ма, бір сәтте анасының қолын өз иығынан ысырып тастап, жанынан бір сәт ажырамайтын қомдаулы түйесін жетектеп, тасыраңдаған жас табын алыстап кетпеді ме екен деп, түйелер жаққа қарай аяңдап кете барды.
Жападан-жалғыз қалған Найман-Ана жүресінен отыра кетті де, өксігін баса алмай, қос қолымен бетін мыжып, басы салбырап, сансырады да қалды. Ақыры әл-дәрменге келіп, сабыр сақтауға тырысып, баласының артынан барды. Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім-сезіксіз күйінде қала берді.
— Отыр, сөйлесейік, — деді сорлы ана аһ ұрып күрсініп алып.
Екеуі жерге отырды.
— Сен мені танисың ба? — деді анасы. Мәңгүрт басын шайқады.
— Сенің атың кім?
— Мәңгүрт.
— Мәңгүрт деп сені қазір атайды. Ал бұрынғы атың есіңде ме? Есіңе түсірші шын атыңды.
Мәңгүрт үнсіз. Бірдеңені есіне түсіргісі келіп, ышқынып-ақ отыр, тіпті қиналғаннан кеңсірігі терлеп те кетті, бірақ көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман тұтты да тұрды. Сірә, көз алдын ештеңе көрсетпес қалың қапас қаптап алса керек, ештеңені есіне түсіре де алмады, елестете де алмады...
— Әкеңнің атын білесің бе? Әкеңнің аты кім? Өзіңнің елің қайда, руың кім? Тым құрыса, туған жеріңді білесің бе?
Жоқ, тұтасқан тұңғиық тұман. Ол еш нәрсе білмейді.
— Құдай-ау, қандай күйге душар қылған сені! — деп сыбырлап, ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін-өзі баса алмай,өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.
— Ау, жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі, — дейді ана үнін шығарып. —
Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?
Сонда мәңгүрт ұлына қарап тұрып Найман-Ана ай мен күн, күллі әлем туралы, өзі туралы атақты жоқтау жырын айтты дейді. Сарыөзек жөнінде сөз болғанда осы жырды жаттап айтатын білгіштер әлі де бар.
— Мен ботасы өлген боз мая,
Тұлыбын келіп иіскеген...
Осылайша күйініп, Сарыөзектің қиырсыз меңіреу даласын жұбанышсыз, шексіз жоқтау жырымен күңіренткен екен...
Бірақ мәңгүрт ұл селт етпеген.
Сонда Найман-Ана сұрақты тыйып, енді әлгі бейбақ ұлына жөн-жосықты сөзбен жеткізбек болған ғой.
— Сенің атың — Жоламан. Естимісің сен? Сен — Жоламансың. Әкеңнің аты Дөненбай. Әкеңді ұмытып қалдың ба, құлыным? Ол саған титтейіңнен садақ атуды үйретіп еді ғой. Мен сенің анаңмын. Сен менің баламсың. Сен найман руынан боласың, ұқтың ба? Наймансың сен... Айтуын айтты-ау байғұс ана. Бірақ баласы меңіреу қара тастай мелшиіп тұра берді. Не айттың, не қойдың демеді. Оған ана әзіздің зары да, шөп арасындағы шегірткенің шырылы да бір сияқты.
Тіпті болмаған соң Найман-Ана мәңгүрт ұлдан:
— Сен мұнда келгенге дейін не болды, білесің бе? — деп сұрады.
— Ештеңе де болған жоқ.
— Мұнда келгеніңде күндіз бе еді, түн бе еді?
— Ештеңе де.
— Кіммен сөйлескің келеді?
— Аймен. Бірақ біз бір-бірімізді естімейміз. Айда біреу отыр.
— Тағы не қалар едің?
— Басымда қожамның басындағыдай бұрым болса.
— Келші бері, басыңа олар не істеді екен, көрейін, — деп Найман-Ана қолын соза беріп еді, мәңгүрт шоқ басқандай, ыршып түсті. Шегініп кетіп, қос қолымен тұмағын баса қалып, енді қайтып апасына қарамай қойды. Баласының басы туралы еш уақытта тырс етіп тіс жармау керек екенін шешесі сонда түсінді.
Осы кезде алыстан түйелі адам көрінді. Түйе мінген осылай беттеп келеді екен.
— Анау кім? — деп сұрады Найман Ана.
— Маған ауқат алып келе жатыр, — деді баласы.
Найман-Ана шошып қалды. Кенеттен келе жатқан жуан-жуан көріп қалмай тұрғанда, тез жасырыну керек-ті. Ол інгенді ылдым-жылдым шөгеріп, үстіне міне берді.
— Сен ештеңе айтпа... Мен кешікпей келемін, — деді Найман-Ана.
Баласы үндеген жоқ. Оған бәрібір.
Жайылып жатқан түйелердің ара-арасымен інген мініп өткеніне өкінді. Енді болары — болды. Табынға таяп қалған жуан жуан ақ інген мінген адамды, әрине, көріп қойды. Інгенді жетектеп түйелердің ара-арасымен жаяу кету керек-ақ еді.
Табыннан едәуір ұзап барып Найман-Ана жағасына қалың жусан өскен терең жыраға түсіп кетті. Ол осы жерге інгенін шөгеріп, жасырынып жатып, әлгі жуан-жуанды бақылайды. Айтса айтқандай, жау оны байқап қалған екен. Сәлден соң-ақ сол жуан-жуан түйесін желдіріп отырып жортып келеді. Қолында найза, мойнында садақ. Әлгі алыстан шалынған ақ түйелі адам қайда ғайып болды дегендей жан-жағына алақ-жұлақ қарап, жуан-жуан аң-таң. Қалай қарай жүрерін өзі де білмейді. Жыраны, жағаны жағалап былай бір өтті, олай бір өтті. Соңғы рет тіпті таяп қалып, заулап өте шықты. Найман-Ана Ақ інгеннің тұмсығын жаулықпен буып тастағаны мұндай жақсы болар ма, әйтпесе хайуан неме үні шықса — бітті ғой. Жағадағы жусанның арасынан сығалап жатып, Найман-Ана жуан-жуанды анық көрді. Мінгені барақ түйе екен, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Боржық беті сіресіп қалыпты. Басында қайық сияқты қайқы қара қалпақ. Желкесінде екі айырық өрген бұрым күнге қурап, оңып кеткен сияқты. Жуан-жуан үзеңгіге аяғын шірене тіреп, түйенің үстінде түрегеліп тұрып, найзасын серт ұстап, көздері аларып, айналаны тінте шолады. Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Қару-жарақсыз жалғыз әйел мына жалмауыздай жойпат жауға не қауқар көрсете алмақ? Біреудің жерін, малып тартып алғаны бірсәрі, ал адамдарын құл етіп, оны мәңгүртке айналдырып ақыл-есінен айыруға бұл жойпат жабайы жауыздарды қандай ахуал, нендей жағдай итермеледі екен... деп ойлады сонда Найман-Ана.
Ары-бері алқын-жұлқын шапқылай жүріп-жүріп, жуан-жуан ақыры табынға қарай тартып отырды.
Күн кешкірген. Күн батып кетсе де, оның алау шапағы мидай даланың үстінде қызарып тұрып алды. Сәлден соң бірден ымырт үйіріліп, түн түнегі түсті.
Найман-Ана сол түнді өзінің соры қайнаған мәңгүрт ұлының маңайында жападан-жалғыз өткерді. Ұлының жанына жақындап баруға сескенді. Әлгі жуан-жуан табында түнеп қалуы да мүмкін ғой.
Содан сорлы ана ұлымды мұнда қор етіп қалдырмай, неде болса алып қашайын деп түйді. Мейлі мәңгүрт-ақ болсын, мейлі ақыл-естен ада ауыш болсын. Сарыөзектің қуарған даласында пенде халін кешкенше, неде болса өз үйінде жүрсін. Ана-жүрек осылай деп зар иледі. Басқалар көндіккен сұмдыққа бұл көндіге алмады. Өзінің өзегінен шыққан жалғызды жаутаңдатып жау қолында қалдыруға жаны төзбеді. Кім біледі, сәтін салып, туған жерін көрген соң баласының есі кірер, кім біледі, балалық шағы есіне түсер, миы оянар...
Таң ата Найман-Ана Ақ інгенге мініп жолға шықты. Түні бойы едәуір ұзап кеткен түйе табынға алыстан орағытып, байқап-байқап, ақыры таяп келеді. Жайылып жүрген малдың төңірегін ары-бері әбден шолып, жуан-жуандардың жоғына көзі жеткен соң:
— Жоламан! А, Жоламан! Амансың ба, құлыным! — деп дауыстады.
Баласы жалт қарағанда, қайран ана қуанғаннан үні оқыс шығып, үміттеніп қалып еді, сөйтсе ұлы тек дауысқа ғана бұрылған екен.
Анасы сонда тағы да баласының ақыл-ойын оятпақ болып жанталасты:
— Ойланшы, балам, атыңды айтшы, атың кім сенің? — деп жалына, жалбарына жан ұшырды ана-мұңлық. — Сенің әкең Дөненбай ғой, ұмытып қалдың ба? Сенің атың Мәңгүрт емес, ойбай, Жоламан. Наймандардың ұлы көшінде жолда келе жатқанда туғансың. Содан атыңды Жоламан қойғанбыз. Сен туғанда жолда тоқтап, үш күн бойы той тойлағанбыз.
Бұл зар-әңгіме баласына шыбын шаққан ғұрлы әсер етпесе де, ана шіркін әйтеуір бірі болмаса, бірі есіне түсер, саңлаусыз санасына бір сәулелі сызат түсер деген үмітпен ынтызар сөзін қор қылып сөйлей берді, айта берді:
— Есіңе түсірші, атың кім сенің? Сенің әкең — Дөненбай!
Содан қоржындағы жол азығынан алып баласын тамақтандырды. Баласы ауқаттанып отырғанда, анасы ыңылдап бесік жырын айтты.
Бесік жыры мәңгүртке өте ұнап кетті. Ана жыры жанына жағып бара жатса керек, көнектей қап-қара боп сірескен бет-жүзіне иненің жасуындай жылу пайда болып, жібігендей көрінді. Сол-сол екен, үміткер ана: "Құлыным, кетейік бұл қарғыс атқан жуан-жуандардан, туған еліңе қайт", — деп жат та кеп жабысты. Мәңгүрт бұған көнбеді. Ау, малды кім бағады? Малды тастап, басқа бір жаққа кетіп қалу деген ол үшін миға кірмейтін сұмдық. Қожасы: "Малды тастап бір елі аулақ кетуші болма", — деп бұйырған. Қожасының айтқаны — айтқан: ол табынды тастап ешқайда да бармайды...
Найман-Ана қара жартас қақпаны құр бекерге қаққандай, бір айтқан сөзін мың айтып:
— Ойланшы, балам, кімнің ұлысың? Атың кім? Әкең сенің Дөненбай! — деп жағы сембей зарлады.
Өлген ботасын тірілтпек боп боздаған інгендей зарлай-зарлай, жазған ана ұзақ уақыт отырып қалғанын байқамай, тек кешегі жуан-жуан тағы да табынға таяп қалғанын бір-ақ көріп, шошып кетті. Бұл жолы жау түйесін желдірте түсіп, тым жақын келіп қалған екен. Найман-Ана оқтай атылып, Ақ інгенге қарғып мінді де, аулаққа зымырап ала жөнелді. Сөйтсе қарсы жақтан бұған қарай тағы бір жуан-жуан тұра шапты. Сонда Найман-Ана тәуекел деп тас жұтып, екі жуан-жуанның ортасынан Ақ інгенін ағызып өте шықты. Жел аяқ Ақ інген оқ бойы алға озып кетті, арт жақтан найзаларын жарқылдатып жуан-жуандар қиқу салып қуып келеді. Бірақ Ақ інгенге жету қайда-а-а. Барақ жүнді түйелері титықтап, қара үзіп қала берді, ал Ақ інген болса, жұлдыздай жүйткіп, Найман-Ананы анық ажалдан аман алып шығып, Сарыөзектің танабын қусырып, құстай ұшты.
Ызадан жын буған жуан-жуандар қайтып барып бас салып мәңгүртті сабағанын ана зарлық білген жоқ. Мәңгүртті ұр не, ұрма не. Тек айтары:
— Ол маған шешеңмін дейді, — дей береді.
— Қайдағы шешең ол сенің! Шешең жоқ сенің! Ол қатынның неге келгенін сен білесің бе, ақымақ? Білесің бе-ей? Ол қатын сенің басыңдағы кепешіңді жұлып алып, анау ақымақ басыңнан көн теріңді сыдырып тастамақшы! — деп жуан-жуандар мәңгүрттің жанын түршіктірді. Сонда мәңгүрттің қап-қара жүзі қаны қашып, шүберектей ағарып, құп-қу болып кетті. Мойнын ішіне тартып, бас салып кепеш-тымағын қос қолдап ұстап қолға түскен аңдай, жан-жағына үрейлене қарады.
— Әй, сен қорықпа! Мә, мынаны ұста! — деп жуан-жуандардың үлкені мәңгүрттің қолына жебелі садақты қармата берді.
— Ал, көзде! — деп кіші жуан-жуан өзінің қалпағын аспанға лақтырып жіберіп еді, қалпақты жебе лезде тесіп өтті. — Ойбой, мынаны қара! — деп қалпақтың иесі аң-таң қалды. — Мынау да бір белгі болды-ау!
Найман-Ана Сарыөзектің жайық даласында ұясы бұзылған құстай шырылдап, айналып жүрді де қойды. Енді не істерін, не күтерін де білмейді. Жуан-жуандар қалың малын енді өз Ордасына қарай жақындатып айдап кете ме, жоқ әлде Найман-Ананы ұстап алудың амалын ойлап, аңдуға көше ме — белгісіз. Ойы он саққа кетіп, таса-тасаны сағалап, әлгілерді алыстан көздеп жүріп, екі жуан-жуан табыннан алыстап, ауылдарына қайтып бара жатқанын көріп, қатты қуанып қалды. Әлгі екеуі артына қарайламай, қатарласып кетіп барады. Олар әбден алыстап кеткенше Найман-Ана көз алмай аңдып тұрып, ақыры ұлына оралуға бекінді. Бұл жолы баласын қалайда алып кетуге бел байлады. Мәңгүрт те болса — өз перзенті, мәңгүрт болғаны баласының кінәсі емес, тағдырдың салғаны, жойпат жаудың қатыбас қара жүректілігі; ал бірақ ана өз балапанын жау қолында құлдықта қалдыра алмас. Көрсін наймандар! Қолға түскен найман жігіттерін тас жүрек жалмауыр жау қалай азаптайтынын, қалай қорлайтынын, ақыл-есінен қалай айыратынын көрсін. Көрсін де ыза мен кек кернеп, қару-жарағын алып, намыстың тұлпарына мінсін. Жуан-жуандар наймандардың жерін тартып алды. Мәселе жерде ғана ма екен. Жер жарықтық бәріне де жетеді. Қорлығын айтсайшы, қорлығын. Бұл қорлық тіпті алыста жатсаң да жаныңа батар, жай таптырмас...
Осыны ойлап Найман-Ана ұлына оралды, не деп иландырарын, қалай көндірерін күні бұрын ойлап, осы түнде оны қалайда алып қашуға бекінген.
Іңір қараңғысы еді. Сарыөзектің сайын cap даласын қызғылтым реңге малып, сайы мен саласынан сусып өтіп, тағы бір түн таянды. Бұған дейін де дәл осындай сансыз түн түскен, бұдан кейін де сансыз түн келе бермек. Желмен жарысқан Ақ інген Найман-Ананы сау желіп отырып, жуан-жуандардың түйе табынына да алып келді. Байыған күннің жетім сәулесі қос өркештің ортасында отырған ана тұлғасын айқындап, айбаттандырып жіберді. Жан-жағына сақ қарап, уайым буған Найман-Ана дидары боп-боз әм сесті еді. Шашының ағы да, бетінің әжімі де, жүзі мен көзіндегі мұңлы уайым да мына Сарыөзектің іңір қараңғылығындай қайғылы, қанаты қайырылған құстай қасіретті еді... Табынға да еніп, түйелердің ара-арасымен келе жатып, жан-жағына қарайды, ал баласы еш жерден көрінбейді. Үстінде қоржыны бар мініс түйесі бұйда-шылбырын шұбатып, қаннен-қаперсіз жайылып жүр, бала жоқ...
— Жоламан! Құлыным менің, Жоламан, қайдасың? — деп шақырды Найман-Ана.
Ешкім көрінбейді, тырс еткен дыбыс та жоқ.
— Жоламан! Қайдасың? Мен анаңмын ғой! Қайдасың?
Жан ұшыра жан-жағына қарап тұрып, түйе тасасында өзіне қарай адырнасын тарта садақ көздеп, тізерлеп отырған мәңгүрт ұлын байқамай да қалды. Мәңгүрт ұл атайын десе күннің соңғы сәулесі көзіне шағылысып, енді ол оңтайлы сәтті күтіп отыр еді.
— Жоламан! Ұлым менің! — деп дауыстады, оған әлдене болып қалды деп абыржыған анасы. Түйе үстінен бұрыла беріп, көріп қалды: — Атпа! - — деп Ақ інгеннің басын бұра бергенше болмады, садақтың өткір жебелі оғы зың-ң-ң етті де, сол жақ тар қолтықтың астынан келіп кірш ете қалды.
Аяусыз ажал оғы солай тиді. Найман Ана інгеннің мойнын құша жайлап барып құлап түсті. Құлап түсерден бұрын басындағы ақ жаулығы ұшып кетті де, лезде құсқа айналаға, аспанды шарқ ұра шырылдап: "Ойланшы, кімнің баласысың? Атың кім? Атың кім? Сенің әкең Дөненбай! Дөненбай! Дөненбай!.." — деп зар қақсады
Найман-Ана сүйегі қойылған жер Сарыөзектің Ана-Бейіт мазары деп аталып кетті...
Ақ інгеннен көп ұрпақ тарады. Ұрғашылары енесіне тартып, ақбас болып туып, шартарапқа даңқы кетті, ал еркектері қазіргі Боранды Қаранар сияқты қара реңді келіп, зор болып туар еді.
Қазір сүйегін Ана-Бейітке алып келе жатқан Қазанғап марқұм: "Қаранар тегін тектен емес, Найман-Ананың атақты Ақ інгенінен қалған тұқым", — деп ылғи да дәлелдеп бағатын.
Едіге Қазанғаптың осы айтқанына кәміл сенер еді. Неге сенбеске?.. Боранды Қаранар Қазанғаптың сөзін растап тұрған жоқ па... Бастан өтіп жатқан неше алуан сын-сынақ, жақсы да, жаман да күндер бар — соның бәрінде де жансерігі, тірегі осы Қаранар болып келеді... Тек бураның жараған шағын құдай көрсетпесін. Және де қыстың нағыз бір қақаған кезінде жарайтынын қайтесің. Қыс та сақылдайды, бура да сақылдайды, қос қыс қатарынан қаһарланған кезде — тозақтан да жаман... Бір мәрте Қаранар Едігені қатты қажытты. Егер де түйе адам болмай-ақ қойсын, әйтеуір, ақылды мақұлық болса, Едіге оның сол қылығын ешқашан кешпес еді... Бірақ жарау шағында жындана құтырған түйеден не сұрайсың... Амал не... Тіпті мәселе онда да емес. Бұл тек реті келгенде айтыла салған әңгіме ғой, әйтпесе хайуан баласына өкпелеп бола ма, әшейін тағдырдың салғаны осылай бір шырғалаң шықты да. Оған Қаранардың не қатысы бар? Бұл шырғалаңды Қазанғап жақсы білер еді, әділ үкімін айтқан да сол, болмаса Едігенің қандай-қандай хал кешерін кім білген.
Chingiz Aitmatov. Боранды бекет (I)
https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3956
Chingiz Aitmatov. Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет
https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3826
Ardakh Nurgaz. Аңызды миф деңгейіне көтерген жазушы
https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3964