Mu Duo (木朵). Муза (诗神)

8f2cdb8c95f48600d3c31e171e453e43.jpg (1280×960)

Ол қайнар-көз, бірақ соңы нүкте емес.

Ақындар оны пір тұтады, ол десе ішкен асын жерге қояды

Одан ештеңе іліктіре алмаса да.

Ол үнсіз, үнсіздіктің өз айтары бар

Негізі, үнсіздік деген саған қалдырға мүмкіндік.


Кемталанттар да одан алатынын алады,

Тек өзіне тиеселі емес дүниеге артық қол созғаны болмаса.

Оның құс қауырсынындай үп еткен демін таныған сәттінде, 

Ақындар бұлқынып, өлеңге тұншығып қалады.

Талант дегенің де шабытты шақпен талант.


Өзін тым жоғары бағалайтындардың кейде

Далада қалатыны да сондықтан, ол сенің әкең емес қой.

Ғашығың да, тіпті ертеректегі жастық албырт кезің де емес,     

Жұлқынсаң болды, ақтарылып өлең туа беретін. 

Муза, ол,  бар мен жоқтың екеуі де емес

Айталық, атақ-абырой деген сенімен бірге туған жоқ қой?!


Сол бір ғажап өлең туса, ол деген музаның қасыңа жетіп келгені

Саған қарап, бетіңе үңіліп тұрғаны, сен оны көрмегеніңмен.

Ол тарихқа куәгер қарт сияқты, өлең үшін жаралған

Тап бір қара қылды қақ жарған әділ қазы.

Айтылған төрелікті кім қалай қабылдайды, ол өз еркі.


Оның жұмысы күрделі емес, бірақ бәрін орнына қоя біледі.

Кейде төрде отырудың да салмағы ауыр, түсінген жанға

Жалғыздық деген осы болса керек, басында бардың өзі ғана біледі.

Ол да өзінен де жоғары бір әлемнің жалғасы,

Біздер осында, олар басқада болғанымен.


Ақындар уақыт көшінде бірге сапар шегеді, бір-бірімен жүздеспесе де.

Муза, ол поэзияның өзі болмағанымен, көкірек көзі:

Атақ-даңық, тағы басқа қолдың кірі сияқты дүниеден жоғары тұратын.

Өлеңге одан басқа төреші жоқ, түсінген жанға, мейлі кім болса да.


Ол жұлқынып тасымайды, тасада тұрады 

Өз орнын білетін жақсы ақындар сияқты.

Оның саусақтары тисе, өлеңге өріс ашылады

Кімнің кім екенін анық оқырман білетіні сияқты.


Ақындардың алдында ол тым кірпияз, қатал

Қаталдығы соншалық ол сызған сызықты ешбір өлеңші аттап кете алмайды.

Ол айтпаса да айтқанын істетеді,

Тілдің шүңетінде тұншыққан ақындарға соңғы сәтте қол ұшын беретін де сол.


Өлең қанатын қаққанда, ол күлімсіреп қана қарап тұрады

Ақындармен қолтықтасып кетпесе де.

 Оның кейде сені сүріндіретіні де бар

Болмашы ғана үміт сыйлап, дақпыртыңды дабырайтып

Айталық, бір қарағанда көз тартқанымен, қартаң әйелдің жүзі сияқты


Муза, шабыт бергенімен телегей-теңіз

Сені ол екі нәрседен ескертеді:

Шеберліктің шегі жоқ, соны шын түсінгейсің

Енді бірі, өзіңе сын көзбен қарай алатын бол.


Соңғы түйін туралы ойланып қойғаның дұрыс,

Ол бар мен жоқтың арасында, өлеңнің тармақтарында

Ақындар тарихтан талғам іздегенімен

Оның бәрі музаның сонда бір сәттік айалдаған табанының астында. 


Ол тарихқа тәуелді емес, айталық

Гүл мен сұлулықтың бір нәрсе емес екені сияқты

Ақындар беталды онымен байланыспайды, мүмкін болса ауашарақ жүреді

Бар болмысы мен соған ынтығып тұрса да.


Шабыттану - шың, бірақ өлеңнің шегі емес

Ол келісім ғана, келіскісі кететінлер үшін.

Ақындар өлең өлкесінде күйіп-жанса да

Музаның атын төтесінен айтып, шақыры бермейді,

Тек күбірлемесе, немесе үнсіз мінәжат етіп тілемесе.


Ол тілдің иірімінде,

 Сөздің қанатында дамылдайды.

Айдындағы аққаудың бар мен жоқтың  арасында

Сызып өткен ізі сияқты.


Ақындар бірін-бірі танығанда

Ол арада тұрады,

Түс таныс адамның өңі сияқты. 

Жыр сапарында бірін-бірі демеп жатпаса да

Олар бір ұстаздың шәкірттері.


Ақындардың оған ғашық емесі жоқ,

Сегізінші ғасырда біз оның тасадағы келбетін 

Бірінші рет таныдық.

Тіл құдiреті деген сол болса керек.

Сондағы өлең бүгінде жұлдызды аспан сияқты 

Шұғыласымен бізді әлі өзіне тәнті етеді.


Өлең пірі қашанда сырлы, сырлылығы сол

Көзбен көріп, қолмен ұстай алмайсың.

Тұп тура бір тылсым сарай сияқты.

Түсінгендер бірдеңеге көз жеткізеді,

Ойлап жетпегендер есіктен де сығалай алмай, далада қалады.


Муза, ол болмыстың бір түрі

Саған үміт артатын.

Ақындар да қашан да бір мүмкіндік бар

Жоқтан бар жасайтын.


Шабыт деген өлеңнің өзі

Бірақ, ол өңгеріп әкететін дүние емес.

Тіпті бүгін саған серік болса, 

Ертең жер-көктен таппай қалуың да әбден мүмкін. 


Оның сый шексіз, ғасырлардың шегі де 

Оған түк емес.

Біртуар өлеңдермен жүздесіп жатамыз 

Соның арқасында,

Ұзақтан жеткен өзімізді бекетте өзіміз қарсы алып алғандай боламыз. 

 

Музаның тілі – тілсіз тіл, түсінген жанға

Түндегі түн шымылдығы сияқты.

Таныс жанның құлағыңа үйір дауысы сынды

Естілер, естілмес  бір гүбір

Ол ақындардың даңқы мен дақпыртының шуағында,

Күннің шуағы сияқты.


Біздің кейде ақындар патшалығы туралы 

Арман кешетініміз бар,

Ұлы билеушіні қалап тұрмасақ та. 

Сондағы аңсағанымыз жыр тәңірінің әділдігі

Ашыла түссе екен дейміз өлеңге шабыттың құшағы. 

Аударған Ardakh Nurgaz


Өлеңнің басы қашанда поэзиялық иірім мен жазудың арасындағы үндестікті баурауға құрылады. Алдыңғысы шым-шытырық, күңгірт, айталық өзен ағысында жатқан малта тас сияқты, ол тастың бөгенайы мен болмысын су астында жатқанда ажырата алмайсың. Ал өлең жазу осы малта тасты судан шығару сияқты. Тасты қолыңа алғанда ғана бәрі белгілі болады. Басқаша айтқанда тасты судан шығару өлеңге бару, жазу, деген сөз. Сол әрекетің арқылы сен өлеңнің болмысына жақын барасың. Шығармашалық деген өте тұрақсыз, байыбына барып болмайтын құбылыс, бірақ, әлгіндей қадаммен сен өлең жазуға кірісесің. Сол барыста санаңдағы шым-шытырық, түйдекті ой-сезім жіпке тартылғандай жүйеге түседі, өлең өзінің алғашқы арнасын табады. Өлеңнің бастап жазылуы туралы айтқанда қалай да екі нәрсені айтпай болмайды. Ол, өлең басталған екен, ол жалпы шығарманың болмысында қандай рол ойнайды? Нендей міндет арқалайды? Одан қалды, өлең басталған сәттегі ұмтылысты қалай туындатуға болады? Осыларға оңды жауап тапқанда «өлең қалай басталады?» деген жоғарыдағы сұрақты игеріп кетуге болады. 

Әр өлеңнің басталуы осы өлеңнің белгілі мағынада бір таңдау жасағанын аңғартады: өлең басталған екен, ол өз жолына түсті, деген сөз. Ол таласпен, таңдаумен барып іске асатын шаруа. Кейде өлең жазу барысында іске аспай қалған ұмтылыстардың осы жолы болмаса, келесі өлең де бас көтеріп, іске асып жататыны бар. Мұның бәрі ақынның жеке талғамы мен стиліне байланысты. Айталық, әр ақын өзіне тиісті жұмыс тәсілін, шеберлігін іске салу арқылы өлең жазады немесе қажетке қарай жаңа өлең туындата алады. Егер, өлең басталған сәтте ақын өзіне таныс жүріске ауысса, онда мынадай екі жағдай көзге түсуі мүмкін. Айталық, өлең басталған сәттен-ақ ырықты сөз алысқа көшеді де, соның жүрісімен алға жылжиды. Одан қалды, өзіне таныс жазу мәнерінен бірден бас тартады, жаңа сүрдекке ат басын бұрады. Көбінде шығармашылықта осы екі жол қатар жатады. Олар бір-бірімен арбасады, аңдысады. Әйтеуір бірі жеңеді. Егер, біреуі толық жеңіс таппаса, онда өлеңге үлкен ақау келтіруі мүмкін.


Mu Duo (木朵): «Өлең тізгінін ұстаушы» (诗的拉幕者

мақаласынан үзінді


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты