Zhenis Shaken. Қара таудың елдері
Шағи белбеуі,
Ақ құр белдеуі,
Нардың сүті төгілген қара тауларым,
Жасылдың тұмсығы дал болған жартасым.
Түн кезген бөріге,
Маңыратып көтертпе,
Ауылдың лағын, марқасын.
Еңіретсең біреуді,
Ертең -
Азабын он есе тартасың.
Кез ғой бұл
Қорықпай жолбарыс, аюдан.
Түлкі де сонарда түсте ұйықтап,
Ақшамда жортатын.
Мекендеп қалған соң,
Адамдар ортасын.
Нардың сүтін емген қара тауларым.
Қара шалдарым,
Қараған қаққан майлы шалбарын.
Сол менің байтақ даламда,
Дүлдүлдің ізі қалған жандарым.
Сол менің,
Иісі бұрқыраған ерменнің,
Қажырлы қажымас ерлерім,
Басына көтерген туған жерлерін.
Тау деу керек таудың елдерін,
«Таудай» дейтұғын таудың елінде.
Қара таудың қаны бар,
Қара таудың қалы бар,
Қара аюдың жалы бар,
Кісінесе жылқы қай жерде,
Сол жерден сол ел табылар,
Көбейсін жылқы жануар.