Қайсын Құлиев. Философтың құлағына алтын сырға
Тірлік әсте бас имейді өлімге,
Тентек қыздар айналады келінге.
Орылған шөп уыз сүтке айналып,
Әрең-әрең сиып тұрар желінге.
Қан майданда қорғап тұрған қаласын,
Қаза болса ер, басады орнын баласы.
Ә дегенше шыға келер бой жетіп,
Әдемі қыз жоқтатпайды анасын.
Оралмас деп өкінбеңіз өткенге,
Орынбасар табылады кеткенге.
Қыста кескен көк теректің түбінен,
Өсіп шығар бір өрімтал көктемде.
Түннен қалған қоламтаңыз,
Заматта,
Үрлей алсаң, айналады тағы отқа,
Қыршын өсер шалғы тиген қыратқа,
Алшын өсер өрттен кейін алапқа.
Бар адамда үміт деген бойтұмар,
Өкініштің ойпатына ой тұнар.
Асқар таудың ар жағына батса күн,
Ақ күмістей дөңгеленіп ай туар.
Өір мәңгі,
Мәңгілікті ел сезді,
Ел сезді де келешекке қол созды.
Мен өлсем де,
Маған шәкіріт жас балқар
Айтар әлі менен қалған бір сөзді.
Аударған Қадыр Мырзаәлиев