Ханбибі Есенқарақызы. Өлең жайлы
Мүсіндедім, теңедім...
Қалжырадым, қажыдым!
Ішімде өлді өлеңім,
Бар-ды қандай жазығым?!
Шашырады, ой кетті,
Шабыт тақтан құлады !
Сиқыр сезім сөйлетті,
Соқыр көзім – жылады !
Жуаспын ба, затымнан,
Жұрт дегенін істеді...
Мен аунадым атымнан,
Өлең ерден түспеді!
Бұйырмаған жалындау,
Болмаған соң «ардақты».
Өмір мұңы қалыңдау,
Өлең жүгі – салмақты!
Ажалым да ғажабым –
Өлең,сені аңсадым!
Тартасың-ау азабын,
Кімді сүйсең – дәл соның!
Өлең – таққа мінбеді,
Өлең – Орден тақпады!
Өмірде осы күрделі –
Сүйді мені! Сақтады!
Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты