Мұқағали Мақатаев. Бетховен
Сәнімен емес,
Әнімен оған қымбатты,
Қырық мың ғалам,
Қырық мың түрлі үн қатты.
Көзімен көрмей, әлемнің мына бояуын,
Көңілімен ғана керемет сазын тыңдапты.
Жетімек бұлттар жер ауып, қайда көшеді,
Өшеді қашан бүгінгі және кешегі?
Дауылдың соғар,
Жауынның жауар шақтарын,
Бетховен ғана дыбыстан сезген деседі.
Сыйқырлы үнмен сыбырлап оған тұр ғалам,
Ғалам да оны,
Ғаламды ол да тыңдаған.
Сынымен емес, сырымен Айдың сәулесі,
Сорғалап соның саусақтарымен жырлаған.
Қия алмай оны,
Қиылып айлы түн кетті.
Жалауын алып, жеңімпаз жаңа күн жетті.
Жым-жылас, жым-жырт, таскерең етіп тәңірі
Табиғат та оны күндеген екен, білмепті.
Сыңғырлап үні,
Күмбірлеп күйі бұрқанбай,
Дүние тынды...
Тілі кесілген мылқаудай.
Айлы кештердеи сорғалап сазды күн тамбай,
Құлазып қалды қу тірлік өлі вулкандай
He дерсің мына таскерең мылқау шақтарға!
Дыбыссыз бәрі - орман да, тау да, бақтар да.
Тек қана аспан азан caп оған естіртті,
Керең тірлікті қалдырып бара жатқанда.
Күркіреп аспан,
Ойнатты-ау дейсің жасынды,
Сайратты-ау дейсің мелшиген тау мен тасыңды.
Мылқаудың үні, кереңнің құлағы ашылды,
Кешірім сұрап,
Бәрі де оған бас ұрды.