Тазшаның Өтірік өлеңі

(Картина Kaito Ltsuki-дікі)

Қайныма қарға мініп, ұрын бардым.

Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.

Айғырын шегірткенің ұстап мініп,

Алдынан қайын атамның қырындадым!


Жүк артып инелікке, ерте көштім,

Шүйкелеп сары майдан арқан естім.

Мұртына шегірткенің ат арқандап,

Дегенде: өлдім-талдым!— әрең шештім.


Міндім де қара қоңыз аяңдадым.

Салдыртып аяңыма қоян алдым.

Япыр-ай, сол қоянның семізін-ай,

Көтеріп қоңызыма қоя алмадым!


Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,

Басынан мұнар төбе сағым будым.

Дәулеттің құдай берген арқасында,

Қанменен көйлегімнің кірін жудым.


Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,

Ши оқпен мың құланды атып қырдым.

Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,

Ұялмай, жүз тұсақтан сатып тұрдым.


Балықтың қабыршағын отқа жақтым,

Өтірік бір сөз айтпай жұртқа жақтым.

Бір сонам асыранды қашып кетіп,

Дүниеден, он жыл іздеп, әзер таптым.


Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым,

Бір суыр, мал дегенде, қолда барым.

Әйелім тел қоянды жаздай сауып,

Түйреді сары майды екі қарын.


Бергенде бақа қызын көбелекке,

Жүріпті қара шыбын жеңгелікке,

Бір туын қүмырсқаның ұстап сойып,

Той қылып, ат шаптырды төңірекке.


Міндім де қара қоңыз сона қудым,

Үш жүма, үш ай жүріп, қона қудым.

Қумасқа белді байлап, тұрып едім.

Дегенге жеңгем жерік бола қудым.


Бай болдым төрт түлікке тумай жатып;

Балама қалың бердім бәрін сатып.

Ретін мал жаюдың білмеген соң,

Сондықтан кедейлікке қалдым батып!


Байлықтан ыза шектім ақырында,

Бір түйір мал болмады жақынымда;

Малымның бәрін жинап отқа жағып,

Отырмын кедейліктің тақырында.


Камыстан жылқы ұстауға құрық қылдым,

Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым;

Бір талын сойылымның кесіп алып,

Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.


Жиынға, салтанатқа кидім құрым,

Қытықтап, зорға айтқыздым ханның сырын.

Келгенде қалыңдығым жиырма жасқа,

Қайныма жиырма бес жас бардым бұрын,


Жүз салған қорғасыннан қара балтам,

Шықпады он матадан сыңар қалтам.

Дәулеттің маған келген арқасында,

Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.


Айдадым, жылқы қылып, тоқсан түлкі,

Борсықты ұстап мінсең аттың мүлкі.

Ішінде топ адамның тулап жығып,

Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!


Арасын жырып қостым шөл қуаңның,

Молықтым, елін билеп бес дуанның.

Екі жүз құнан қойым егіз туып,

Осыған, нанар болсаң көп қуандым!


Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,

Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай,

Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп

Қан түсіп аяғына, өле жазды-ай.


Тамырға шын сөзімді қап-қап бердім.

Найзасын нар қамысқа саптап бердім.

Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,

Түлкіге тастан қашқан тап-тап бердім.


Басынан Қап тауының қора, қылдым,

Бітер деп бес мың жылқы, жора қылдым;

Топан су тау басына дамыл бермей,

Қылмасқа енді қора тоба қылдым.


Баласы қасқа айғырдың бөлтірік-ті,

Айтпаймын өлтірсең де өтірікті!

Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,

Апырым-ай, бәрін тулап өлтіріпті!


Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,

Қашырмай сол қарғаны зорға бақтым.

Біреуі жануардың үздік шығып,

Мойнына ақ киізден белгі тақтым.


Басында керегенің үрген қарын,

Көтердім балуандықпен соның бәрін,

Түйеге теңдеп соны қойғанымда,

Мертікті, көтере алмай, қара нарым!


Масаның сілекейін желі қылдым;

Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.

Қамыстан сегіз қабат үй істетіп,

Жонынан шегірткенің көген тілдім.


Шымшықтың шылым шектім бақайынан;

Қоянның атым үрікті топайынан,

Тазшаның ақылы артық, ойы жетік,

Көртышқан етік қылдым шоқайынан.


Басына бәйтеректің тіктім орда,

Көкорай шалғын екен қорда-қорда,

Қос атпен күні-түні бірдей қуып,

Қашаған бір битімді тұттым зорға.


Мен өзім өтірікпен пайда еткенмін;

Бит терісін биялай қалта еткенмін.

Етіне бір шіркейдің қазан толмай,

Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.


Мыс егіп, көбік қарда алтын ордым,

Ізіне ақ жыланның қақпан құрдым;

Шегірткем мініп жүрген тулап еді,

Жалғыз тал қыл қамшыммен өлгенше ұрдым.


Түгестім сар аяқпен Сырдың суын;

Он нарға артып жүрмін қыздың буын;

Еншіге әкем берген мың қоянның

Сол қыста қырып алдым барлық туын.


Тілімнің келмейді ебі өтірікке,

Тақсыр-ау, осыным да өтірік пе?

Қырық байтал қалыңмалға санап алып,

Қыз бердім, отау тігіп кекілікке!


Биені қымыз іштім мұзға байлап;

Тышқанды жауыр қылдым үш жыл айдап.

Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,

Жүгірдім қуанғаннан алақайлап.


Отыным жазда жаққан мұздан болды,

Салымым жүз жасаған қыздан болды.

Былтырғы жерошаққа жаққан отым,

Тұтанып зорға биыл қызған болды. 

Сауысқан алып-ұшты бөлтірікті,

Айтпаймын қыз берсең де өтірікті!

Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай,

Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті!


Қоянның шаңырақтай омыртқасы;

Көнектей көлбақаның жұмыртқасы;

Болғандай енді өтірік несі қалды,

Түбінен шау қияқтың ердің қасы.


Жонынан атжалманның айыл алдым,

Үш жерге ішін жарып майын алдым.

Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,

Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.


Шымшықтың шылым шектім қу басынан;

Атжалман арқан естім шудасынан.

Қырық қарға, отыз сона құда түсіп,

Инелік киіт киді құдасынан.


Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда,

Айналды серіктіктің арты дауға.

Борсыққа жарап жүрген міне шауып,

Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға!


Дарияға тоған бастым ебелектен,

Жаратып қасқыр қудым көбелекпен.

Жығылып таскенеден мойны үзіліп,

Бір кемпір – «ә» дегенше өле кеткен.

 

Аспанға алты жерден тіреу қойдым.

Борышыма жел жемісін бере қойдым.

Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп,

Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.


Сауысқан елден асты аққуды іліп.

Еліме қызғыш шауып салды бүлік.

Кақалып кеше кешке жеген етке.

Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.


Күмістен ақ тышқанға таға қылдым;

Құйрығын көртышқанның жаға қылдым;

Терісін сары масаның теспей сойып,

Жиынға он бес қарыс саба қылдым;

Жабылып тоғыз жігіт көтере алмай,

Қылмасқа ондай саба тоба қылдым.


Өтірік айтпағаннан, жұртқа жақтым,

Құмырсқаны қайырып, қойдай бақтым.

Ел қыдырған кешегі есер кезде,

Бүгелектің басына тана тақтым.


Бір қоянды міндім де аспанға ұштым,

Екпініне шыдамай, жерге түстім.

Алты күндей ақ боран соғып еді,

Жалғыз қурай ығында ас қып іштім.


Дүниенің ауыры үрген қуық,

Жалғыз өзім көтердім аузын буып.

Үлкеніне шіркейдің арба жектім,

Ондай мықты көрмедім өзім туып.


Бес қарсақты күнінде баса жектім

Жүргізе алмай, шіркінді азап шектім;

Екі теңді үстіне теңдеп алып,

Қара жолдың үстінде борп-борп шаптым.


Үлкеніне шіркейдің арба салдым,

Басқа, көзге төпелеп зорға салдым.

Мені мықты дегенге жұрт нанбайды,

Қойдай битті көтеріп отқа салдым.


Өтірікті айтпаймын ең басынан,

Арқан естім бозторғай шудасынан.

Алты инелік, бес торғай той қылыпты,

Киіт кидік солардың құдасынан.


Өтірік өлең айтпаймын ең басынан,

Шылым қылдым шымшықтың қу басынан.       

Қара шіркей етіне қазан толды.

Астау-астау ет қалды әр басынан.


Маса деген бір талай батыр екен,

Сона деген қансорғыш пақыр екен,

Екеуінің қылығы асқынған соң,

Құмырсқалар жазалап жатыр екен.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты