Қапездің қоштасуы
Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма,
Жетім-жесір қасында дос қалды ма.
Өкінбейін десем де, өзегім бар,
Өтіп кетті дүние қас-қағымда.
Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе,
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді
Қалып барады артымда балапаным,
Аямасын ағайын алақанын.
Кебін емес кебінек киіп барамын,
Қош есен бол Ақтоғай Алатауым!
Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе,
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді
Қапез Байғабылұлы.
Қапез Байғабылұлы. (1896, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақтоғай ауылы – 1939, Коми АКСР, Ухта қаласы) – қазақтың белгілі әнші-композиторы, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны.
Қапез Байғабылұлы Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан. Жасынан өлеңге, ән айтуға әуестеніп, шығармашылыққа ден қояды. Бастапқы сауатын ауыл молдасынан ашып, 15-17 жасында Стамбұл медресесіне оқуға барады. Оқуын тәмамдап, Жетісу өңіріне оралып, ағартушылық қызметке кіріседі. Осы аймақта бірнеше мектеп ашып, халықты сауаттандыру ісімен айналысады. Сонымен қатар, әншілік өнерін де ұмытпай, өзінің шығармашылық жолын жалғастырады.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезеңінде "Облатком" деп аталған 60 үйлі ауылдың тұрғындарын аштықтан аман алып қалуға атсалысады. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, жұртқа жақсылық жасауды көздеген тұлға ретінде елге танымал болады.
1937 жылы Қапез Байғабылұлына "халық жауы" деген жалған айып тағылып, тұтқынға алынады. 1939 жылы Коми АКСР-інің Ухта қаласында атылып, қайтыс болды. 1958 жылы ақталды.