Театр - Ұлттық өнердің төлқұжаты

508137f51a2b4a2ac18ba491227ef960.jpg (4133×2515)

(Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері Асхат Маемировпен сұхбат. 13.04.2018ж.)


-Асхат Максимұлы, сіз жетекшілік етіп отырған М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры - қазақ өнерінің қара шаңырағы, ерекше орны бар даңқты ұжымы. Әңгімені осы театрмен алғашқы таныстығыңыздан бастасақ...

- Кез-келген ұлттың тұнып тұрған құндылығы іспетті өнер ордалары болады. Айталық, француздар «Комеди Франсез»,  ресейліктер өздерінің Үлкен театры және М.Чехов атындағы Мәскеу Көркем театрымен мақтанады. Ал ағылшындар Шекспир негізін салған «Глубос» театрын Ұлыбритания мәдениетінің ең биік шыңы  ретінде құрмет тұтады. Біз үшін Қазақстандағы кәсіби сахна өнерінің негізгі қайнар көзі, бастау бұлағы - М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрымен байланысты. Сондықтан біздің театрымыз - қазақтың кәсіби театр өнерінің көшбасшысы болып есептеледі. Кейіннен құрылған Абай атындағы опера және балет театры, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония,  «Қазақконцерт» бірлестігі, Құрманғазы оркестрі секілді өнер ұжымдарының тарихы М.Әуезов атындағы осы маңдайалды шаңырақтан бастау алады. Еліміздің рухани кеңістігіндегі жарқырап тұрған алтын тәжі іспеттес осынау өнер ордасына қарап сан буын бой түзеген, ой түзеген. Өз кезегінде театр талай саңлақ  тұлғаларды тудырды, өсірді, баптады. Алыптар шоғыры осы арадан қанаттанды. Бұл жерде тамыры тереңде жатқан өнердегі ұрпақтар жалғастығы, дәстүрдің үйлесімі мен үндестігі бар. Мен өз өмірімнің осы театрмен байланысты болғанына мақтанам және қуанамын. Сондықтан осындай киелі ордаға басшылық жасау, маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Менің сахна өнерін таңдап, режиссураға келуіме тікелей ықпал еткен де осы шаңырақ. 1981 жылы, мен ол кезде жеті жасар баламын, біздің ауылымызға, сонау шалғай жатқан елді мекенге М.Әуезов атындағы драма театры, КСРО Халық артисі, көрнекті актриса Сәбира Майқанова бастап келді. Бірінші күні М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы, екінші күні С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» деп аталатын керемет комедиясын ауыл клубының шағын сахнасында қойды. Сол екі қойылымда ойнаған Сәбира апамыздың сахнадағы ым-ишарасы, сөз саптауы, образды сомдауы барлығы менің бала санама жазылып қалды. Әсіресе, қолына аса таяғын ұстаған, Мөржандай ел анасының көркем бейнесі менің жан сарайымда жаңғырып, жаныма үлкен сілкініс берді, өнерге келуіме әсер етті. Қара шаңырақ театрдың осы сапары менің тағдырымды шешті деуіме болады. Бір мен емес, бұл шаңырақ өнерде жүрген талай-талай тұлғалардың өмір жолымен сабақтасып, салаласып жатқаны анық.

                          

- Театр - ұлттың рухани жан дүниесінің көрінісі, деген ұғым бар. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры сіз үшін несімен дара, бірегей?

- Мен үшін, М.Әуезов атындағы театр - қазақтың ұлттық өнерінің төлқұжаты іспетті. Қазақтың болмыс-бітімі мен рухын көрсетші десе, мен шетелдіктерге де, бүгінгі ұрпаққа да бірінші кезекте осы театрды жарқын үлгі етіп көрсетер едім.

Біздің театрымыз өзінің шығармашылық әлеуеті мен сахналық процесін дәстүр пен жаңашылдық бағытында қатар жүргізумен ерекшеленеді. Егер, жапондардың Кабуки, Но театрлары, Қытай операсы қалай өздерінің ғасырлар бойы әбден жүйеленген, реттелген театр мұраларын қалай сақтап отырса, біздің өнер ордасында да өзінің өзегін жоғалтпай, рухани мұралардың сақталуы мен олардың заманауи талаптарға сай даму бағыты – біз үшін ешқашан күн тәртібінен түспек емес.

Сондықтан, бірінші кезекте ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеу, біздің театрдың басты мақсаты болуы тиіс. Әсіресе, ұлттық классикалық драматургияны сахналауда, ол туындыларға бүгінгілік сипат беруде біз өзгелерден оқ бойы алда жүруге тиістіміз. Солай боламыз да. Сонымен қатар қазақтың сахналық көркем тілінің, тіл мәдениетінің, актер өнеріндегі қол жеткізуге тиіс жетістіктер, режиссерлік ізденістің табыстары болса, ол да осы М.Әуезов театрының шығармашылығымен байланысты болуы керек деп ойлаймын. Біздің тарихымыздың өзі осының дәлелі. Сонау Қаллеки, Елағаң, Серағаң бастаған алыптар шоғырын қашанда құрметпен, мақтаныш етіп еске аламыз. Неге? Солар алғашқы болып осы сахнада «Абайды», «Қарагөзді», «Еңлік-Кебекті», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды», «Қарақыпшақ Қобыландыны» сөйлетті. Сөйлетіп қана қойған жоқ, ұлттың рухын биіктетті, соған сай рухани құндылықтарды қалыптастырды, өскелең жаңа мәдениетке негіз қалады. Біз өнердегі сол құндылықтың мұрагері, жалғастырушысымыз.

Қазіргі таңда сол сахна саңлақтарының көзін көрген, солардың тағылымын алған алыптарымыздың әлі күнге сахнада орта буынмен, жастармен бірге шығармашылық процеске араласуы, тәжірибесімен бөлісіп, үлгі-өнегесін көрсетуі – мен үшін бағалауға тұрарлық басты дүние. Қазақстанның Еңбек Ері, театрымыздың көркемдік жетекшісі – А.Әшімов, Халық артистері С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбековалар бастаған көрнекті сахнагерлеріміз – тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар тұлғалары. Қазіргі ұлттық театр бағыттарын кәсіби тұрғыда әлемдік сахна заңдылықтары мен үрдістеріне сай жауап бере алатындай жолға қою - өзекті міндеттердің бірі.

 Екіншіден, бүгінгі таңда театрымызда заманауи театр тенденцияларын жаңа көзқараста танитын, тәуелсіздік пен елдік рухта өнер құбылыстарын жасауға ұмтылған қазақстандық актерлік мектеп пен режиссураның жас өкілдері өсіп келеді. Бұл орайда шет елдерде өтіп жатқан халықаралық театр фестивальдері мен гастрольдік сапарларға шығу арқылы әлемдік мәдениет кеңістігіне Қазақстанның сахна өнерін таныту мен дәріптеу жолында М.Әуезов театры ұстанатын көркемдік-эстетикалық бағыт пен репертуарлық саясат ұстанымы бар. 

     Сондықтан менің ұғымымда М.Әуезов театры бір жағынан рухани әлеуметтік иниситуттың да жүгін атқарады. Яғни халық пен мемлекеттің арасындағы рухани ықпалдастыққа да алтын көпір іспеттес роль ойнайды. Бұл жерде жауапкершіліктің де жүгі ауыр. Ұлттық биік мұрат-мақсаттар осы жерде салтанат құруы тиіс. Саф өнер осында желкен жаюы керек. Рухани жаңғырған театрдың жаңа тұлғалары қалыптасып, олар ұлт пен мемлекеттің болашағына жұмыс істеуі керек.   

                  

- Ғасырға жуық тарихы бар акедемиялық театрдың әр қадамы, оның шыққан бел-белесі ұлттың рухани өмірімен, жеткен жетістігімен, жалпы болмысымен үндесіп жатыр. Осы тарихты қалай бағалар едіңіз?

- Өзінің тарихи құнын, мәні мен маңызын жоғалтпайтын дүниелер болады. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры шұғылалы өткен тарихымен қалай мақтанса да жарасады. Біздің театрда 1968 жылы 24 мамырда ашылған музей жүйелі жұмыс жасайды. Сонда өткен ғасырдың 30-жылдарында Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаевтар киген костюмдер сақталған. Көрдіңіз бе, сол кездегі аға буыннан қалған, сол кісілер ұстаған, пайаланған дүниелер, қол қойған қағаздары, бір бұл емес, сахнагерлеріміздің жәдігерлері өте көп. Біздің театр тұнып тұрған тарих. Қай жеріне қол тигізсең, өнердің әрбір кезеңінен сырын шертіп, қоңыраулап қоя береді. Бұл көрген адамға рух береді, тарихпен тілдестіреді, өткенің арқылы болашағыңа үңілесің, сенімің артады. Біздің алдымызда қазір екі міндет тұр. Ол - театр  тарихын толымды зерттеп, кітап шығару. Екінші кезекте    Қазақстанның мәдени кеңістігіндегі ерекше феномен ретінде актерлік өнердің, отандық драматургия мен режиссураның болмыс-бітімі мен мәнін айқындап, мемлекетіміздің театр өнерінің дамуына негіздемелер болатын рухани-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық бастауларды анықтаған, әсіресе тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен жетістіктер ғылыми тұрғыдан зерделенген іргелі еңбектердің жарық көруіне мүдделіміз. Бұл ретте еліміздегі іргелі ғылыми-зерттеу институттарымен, ғылыми орталықтармен шығармашылық байланыстарды жандандыруымыз керек. Мұның бәрі өз кезегінде болашақ ұрпаққа рухани азық болып қалатын дүние. Себебі, Еуропа елдерін алып қарасақ, олардың даңқты театрларында адамзат тарихы - өнер тарихымен сабақтасып, біте қайнасып, қазіргі қол жеткізген табыстарына сілкініс беретін жүйелі механизмге айналған. Өткеніне деген құрметі мен іргелі істері жаныңды сүйсіндіреді. Біз де осындай мәдениет қалыптастырсақ деген ойымыз бар.

 

        - Адамзатты байланыстырып тұратын тетіктің бірі – тарих. Тарих бірде халықтарды достастырып жатса, бірде жауластырып жатады. Өйткені тарихыңнан бас тарта алмайсың және оған  белгілі бір ұстаныммен қарауға міндеттісің. Сондықтан да бүгінгі таңда тарихқа өркениетті, философиялық деңгейде қараудың қажеттілігі туып отыр. Сіз қазақты қамтыған жарты әлемнің басынан өткен саяси қуғын-сүргін, жаза лагері тақырыбын қозғаған «Ақтастағы Ахико» спектаклінің режиссерісіз. Осы қойылым арқылы көрерменге не айтқыңыз келді?

- Қойылымда жапон тұтқыны, қазіргі таңда Қазақстанды өзінің жерұйық мекені, отаным деп есептейтін Ахико Тецуроның өмірі, жан дүниесі арқылы біз тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын көрерменге жеткізгіміз келді. Жеткізе де алған сияқтымыз. Спетакльді қазақстандық көрермендер өте жақсы қабылдап, жоғары бағаларын бергені белгілі. Өткен жылдың соңында театр осы «Ақтастағы Ахиконы» Жапонияда, Токио қаласында көрсеткенде жапондық театр қауымы мен қалың көрермендері де ерекше толқыныспен көрді, спекткльдің маңыздылығын атап өтіп, биік баға берді.

Біз қойылымымызда Ахико куә болған ақтаңдақ жылдардағы Алаш арыстарының арман-үмітін де көрсете білдік. Адамның алдына үлкен мақсат қойғанда, азаматтық идеяларын алға тартқанда кез келген қиындықты бағындырмай қоймайтын күш-қуатынан туындайтын жасампаздық рухын көрсетуді мақсат еттік. Кер заманға, басқа төнген қауіпке, зұлымдыққа қарамастан болашақ ұрпақтың қамын ойлаған арыстардың асыл арманын көрермендердің көз алдына әкелуге тырыстық. Тағдыры сан мәрте қылкөпірден өтсе де, небір қиындықтарға жолықса да Ахиконы тағдырдың бұралаң жолдарынан болашаққа деген арманы мен үміті алып шығып отырады. Бұл не күш? Бұл рух па? Рух. Заманның дауылы ұйытқығанда қазақ топырағында жан сақтаған өзге ұлт өкілінің жерге, елге деген таза кіршіксіз махаббатын көрсету арқылы ұлы даланың қадір-қасиетін дәріптегіміз келді. Елге-жерге деген махаббаттың ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтінін көрсетсек дедік. Спектакльдың соңында Ахиконың: «Біз бақытты жандармыз! Себебі пейілі кең, құшағы ыстық Қазақстандай еліміз бар. Ол бізді кеудесіне жатсынбай басты. Тіршілігіміздің әлсіз шырағы сөнер шақта пана болды. Сан мыңдаған  рухты аманат етіп қабылдап, көбесін бұзбай, қатарын сиретпей отан аналарына қайтарды. Мен болсам, өзіңе қайтып оралдым, Қазақстаным. Өз отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Төсі - шал­қақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бі­­тімі – бекзат қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен - Қазақстан - енді менің Отаным» деген керемет монологы бар. Бұл - деректі драма. Ахико Тецуро көзінің жасын сығып отырып өз өмірін баяндайды. Сахна тарихи шындық пен көркем шындықтың белгілі бір келісімінен тұрады. Ол келісім-үйлесім шынайылығымен көрерменді өзіне тартады.             

 

- Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік стратегиясы Қазақстанның жаһандану заманында талапқа сай өркениетті ел деңгейіне көтерілуіне берік негіз қалады. Осы жобада «Ұлттық кодты қалыптастыру» туралы баса айтылған. Сіз академиялық театрдың осы жобадағы және әлемдік рухани кеңістікпен интеграцияланудағы (кірігу) ролін қалай пайымдайсыз?  

- Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жеті жылдың ішінде мәдени әлеміміз бен қоғамдық-рухани өміріміз өзгерістер мен даму жолында келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» екендігін атап, «Қазақстан мәдениетінің дамуына жаңа импульстар беру керек екендігін» нақты айқындаған.

Елбасы бекіткен мемлекетіміздің мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасының да стратегиялық доминанты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Ол Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге шоғырлануға үндейді.

Ендеше мәдениет пен өнердің әлемдік өркениетте алатын орны мен атқаратын ролі, ең бастысы перспективалық даму жолдары кәсіби театрларымызда тәжірибе жүзінде іске асады. Театр арқылы ұлттың болмыс-бітімін көрсетуімізге әбден болады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде театр осы маусымы басталар алдында ел мәдениетінде жарқ еткен бір бастама жасады. Соның бір маңызды шарасы -  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Англия астанасы Лондонда өткен Д.Исабеков драматургиясына арналған фестивальға қатысып, «Жаужүрек» спектаклін көрсетуі. Және «Ақтастағы Ахикомен» Жапонияға барып қайтты. Қазіргі таңда Арменияға, Ереванда өтетін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері жас режиссерлерінің қойылымдары фестиваліне  «Лир патшаны» апара жатырмыз. Оның сыртында биыл Францияда өтетін халықаралық үлкен де беделді Авиньон фестиваліне біз «Қорқыт» спектаклімен қатысуға дайындық үстіндеміз. Бұл осы фестивальға еліміз театр тарихында тұңғыш рет жол салу болмақшы. Осылардың бәрі ұлттық сахна өнеріміздің халықаралық деңгейде көзге түсе бастағанын көрсетеді. Бұл - театр өнерін кәсіби деңгейде әлемдік кеңестікте дәріптеу, насихаттау деген сөз. Мұның да өзіндік негізі бар. Қазақтың ұлттық актерлік мектебі, отандық драматургиямыз бен режиссурамыз басқаға ұсқамайтын болмыс-бітімге ие. Біз  сол мектептің бірегей туындыларын көрсету арқылы ұлттың тереңде жатқан тарихы мен мәдениетін, эстетикалық тағылымын,  идеясын көрсетсек дейміз. Ол әрине біздің Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясы – бүгінгі таңда біздің ұлттық бірлігімізді нығайтып, болашаққа нық қадаммен баруымызға негіз болған идея. Біз театрдың алдағы жұмыстарын да осы үлкен  идеяны басшылыққа ала отырып жүргіземіз. Қазіргі таңда театр белгілі драматург Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» қойылымын дайындауда. Бұл қойылымның жас ұрпаққа берер ұлағаты мен көркемдік әсері көп деп ойлаймын. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, Сүйінбай жырларындағы отты мінез, асқақ сезім, жаугер рух – бүгінгі ұрпақтың бойындағы ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық идеяны ұштайтыны даусыз. Келесі бір үлкен жобамыз «Атила» спектаклі болмақшы. Еуразия кеңістігіндегі өркениет пен мәдениеттің қалыптасуында үлкен роль атқарған, көшпенділердің мақтанышы, бірегей тұлға Еділ патшаны тақырып еткен бұл қойылымда біз бүгінгі заман тілімен айтқанда әлемді біріктіргісі келген күрескер тұлғаның образын үздік, заманауи сахна тілімен, режиссерлік талғаммен жеткізгіміз келеді. Менің түсінігімде өзгелер өркениетті, мәдениетті елдің деңгейін өнеріне қарап қана бағалайды, түсінеді және диалог құрады. Біздің ұлттық театр сол үшін заман көшінен қалмай, театр саласында әлемдік шеңберде болып жатқан жаңалықтар, үрдістермен бірге дамып, кемелденіп, солардың бәріне жауап бере алатындай кәсіби, білікті биік деңгейде болуы тиіс деп ойлаймын. Біз қазір сол мақсат үшін жұмыс істеп жатырмыз.   

                         

- Соңғы сауал. Театрдың алдағы репертуарлық бағыты мен өзге де жоспарлары туралы әңгімелесеңіз.

- Театрдың репертуарлық саясатына байланысты қазақтың ұлы сахнагері, суреткер, режиссер Ә.Мәмбетовтің  мынадай ұстанымы бар. Ол - театрдың мызғымайтын төрт тұғыры болу қажеттігі. Мұны таратып айтсақ, жыл сайын репертуарға міндетті түрде ұлттық классикалық драматругия және бүгінгі заманауи драматургия, сонымен қатар  бір әлемдік драматургия, бір тәуелсіз елдер достастығы шеңберіндегі драматургия енуі тиіс. Мұндай жан-жақтылық  қадам актерлердің қабылет-қарымын кешенді түрде ашады, режиссерлердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондықтан осы ұстаным, тұжырым одан ары жалғасады. Біздің актерлер қазір әлемдік деңгейдегі режиссерлермен жұмыс жасауға дайын. Біз осы бағытта жоспар құрып жатырмыз. Грузияның әлемге белгілі режиссері Роберт Стуруа, литвалық көрнекті режиссер Эймунтас Някрошюс, ресейлік белгілі режиссер Юрий Бутусовпен бірлесіп қойылым сахналау жоспарда бар. Есімі аталған режиссерлермен және өзіміздің отандық сахнагерлермен әлемге танымал драматургияның жауһарлары А.Чеховтың «Ваня ағай», М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», М.Горькийдің «Васса Железнова» сынды туындыларына бүгінгілік сипат беріп, заманауи формалармен, жаңашылдық көзқараста сахналау ойымыз бар. Екінші бағыт театрдың бір функциясы – шығармашылық ғылыми-тәжірибелік ізденістерді ізге салу саласындағы жұмыстар болмақшы. Театрда Кіші залымыз бар. Әлемдік сахна өнерінде қандай актерлік, режиссерлік жаңашылдықтар бар, соны игеруге, сараптап, зерделеп шығармашылық айналымға енгізуге негіз қаласақ дейміз. Драматург, актер, режиссер – осы үштағанның ортақ бір келісімді жұмыс желісін жасағымыз келеді. Сонда сыннан өткен, талапқа сай келген, бірегей дүниелерді одан ары жалпы көрермен қауымға, үлкен сахнаға ұсынуға мүмкіндік бар. Әлемдік театр кеңістігінде жүріп жатқан талқылауларға, семинарлар, актерлердің біліктілігін артыру бағытындағы курстарға белсенді қатысушы болсақ деген жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде біз талантты актерлерімізді әлгіндей бағыттағы мастер-кластарға жіберіп, біліктілігін одан ары арыттыруға кірістік. Осы орайда театрдың жас буынмен толығып, шығармашылық жолдарын бастап жатқанын айтқым келеді. Оларды баптау, баулу біздің міндетіміз. Театр Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университеті, басқа да оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеу бағытын алға қойып отыр. Бұл салада да тындырарымыз көп. Алда біздің музейіміздің мүмкіндігін ашсақ деген ой бар.  Біздің қорда, жоғарыда айтқанымдай,  нақты материалдық жәдігерлер өте көп. Соны пайдалана білуіміз керек. Мұражай аптасына бір рет ашық есік күнін өткізіп тұрса, танымдық бағытта оқушыларға, студенттерге лекциялар оқыса. Бұрын өткен ардагер, саңлақ актерлердің шығармашылық жолымен көрермендерді таныстырып жатса, бұл өз кезегінде тұлғатану мәселелерін реттейді деген ойдамын. Театрда «Сырласу бұрышы» жұмысы қайта жанданды. Онда көрермендер спектакль басталудан бұрын өздері сахнада өнерін тамашалағалы отырған актер, актрисаларымен, режиссер, суретшілермен жүзбе-жүз кездесіп, сұрақтарын қойып, ой бөлісе алады. Театрдың бірегей тұлғаларының мерейтойлары бар. Биыл кезекті «Театр көктемі» фестивалі Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнуәр Молдабековке арналады. Көрнекті актер Мүлік Сүртібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді.  Ақпан және наурыз айларында қазақ театрының негізін қалушылар Жұмат Шанин мен Қалибек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған шаралар өтті. Бұл үрдіс жалғасын табатыны анық. Жалпы  М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры өз мүмкіндігін толық сәулелендіріп, заман талабына сай қазақтың өнері мен мәдениетінің даңқты ордасы биігінен төмендемейді  деген сенімдемін. 

-Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.  

әңгімелескен Ардақ Нұрғазы                

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты